Қызылорда облысында халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жолында жағымды жаңалықтар көбейіп келеді. Әлемдік медицинаның қол жеткізген жетістіктері Сыр өңіріне қанатымен су сепкен қарлығаштай біртіндеп келіп жатыр. Денсаулық сақтау саласында табысқа жеткен мемлекеттермен іскерлік байланыс орнатылуда.
Облыс тұрғындарын электронды құжатпен қамту 95,6 пайыз дәрежесіне жетіп қалды. Бұл туралы жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Баян Бурамбаева айтты.
– Электронды денсаулық төлқұжатының көмегімен дәрігерлер пациенттің денсаулық жағдайы, оның анамнезі, созылмалы аурулары, препараттарды қабылдау аллергиясы туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алады. Көмек көрсету жері мен медициналық ұйымдарда пайдаланатын ақпарат жүйесіне қарамастан адам денсаулығы туралы барлық түйінді мәліметтер бір базада жиналады. Нәтижесінде пациентке дәрігерге баруды алдын ала жоспарлау, электронды жолдамалар мен талдау нәтижелерінің есебінен дәрігерге барудың санын 2 есеге қысқарту, дәрігер пациенттің денсаулығы туралы ақпаратты бір жерге жинақтауы және дәрігерлер мен орташа медицина персоналының еңбегін оңтайландыруға мүмкіндік береді,–деді ол.
Облыстық онкология орталығы директорының орынбасары Жандос Әділхан:
– Елбасының Жолдауында көрсетілгендей, облыста онкологиялық қызметті жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының сол жағалауында жоспарланған онкологиялық профильді көпсалалы 300 төсек орындық аурухананың жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150,5 млн теңге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынбақ. Облыста онкологиялық аурулардың алдын алу, оны емдеуде көптеген тың тәсілдер енгізіліп отыр. 2016 жылы онкологиялық орталықта паллиативті көмек көрсететін бөлімше, 2018 жылы диагностикалық палаталар ашылды. Диагностикалық палаталар арқылы қысқа уақытта күмәнді онкологиялық ауруларды анықтауға қол жетсе, паллиативті көмек ІV сатыдағы онкологиялық сырқаттардың толық ем алуына жағдай туғызды. Сонымен қатар биыл облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен облыстық онкология орталығы Оңтүстік Корея елінің жетекші клиникаларымен меморандумға отырды. Жыл бойына Оңтүстік Корея елінің профессорлары мен білікті дәрігерлері облысымызға келіп, науқастарды қарап, ота жасап, зертханалық тәжірибесімен де бөлісті, – деді.
Қазір әлемдегі медицина саласындағы жетістіктерге Оңтүстік Корея мемлекетіне басымдық беріледі. Алып мұхит жағасындағы мемлекеттің мұндай табысқа жетуі ішкі бәсекелестіктің мықтылығынан делінеді. Өйткені мұндағы аурухана, клиникалардың дені он, жиырма жыл бұрын жеке қолға өткен. Жекелеген инвестордың табысқа жету құралы – әлемдік озық медицина игіліктеріне жол ашып, өзіне адамдарды магниттей тартуы болмақ. Дүниежүзінде Оңтүстік Корея мемлекетімен денсаулық сақтау саласында ынтымақтастық танытып, әріптестік байланыс орнатуға тырысып жатқан елдер көп. Соның бірі – Қазақстан.
Бәсекелестікті арттыру үшін аурухана атаулыны жеке инвесторларға берген мемлекеттің медицинадағы өз үлесі 5 пайыздан аспайды. Мұндай жағдайда жеке клиникалардың бір-бірінен қызмет көрсету сапасын арттыратындығы белгілі. Мәселен, Сеул университетінің жанындағы Будан госпиталінде науқас қағазын толтыру деген мүлдем жоқ. Барлық дерек компьютерде сақталады. Әр бөлімше интерактивті тақталар арқылы сырқат мәліметімен қанығады. Арнайы білезік тағып жүретін науқастың барлық жағдайы, дәрі қабылдауы wi-fi арқылы дерекқорға тіркеледі.
Шетелден жанына дәру іздеп келген науқастарға мүмкіндігінше өз тілінде қызмет етеді. Будан университетіндегі профессор Сергей Кимнің кіндік қаны Қазақстанда тамған екен. Санкт-Петербургте медициналық университетті тәмамдаған Сергей жиырма жыл бұрын Оңтүстік Кореядағы оқу орнының магистратурасына түсіпті. Тарихи Отанына оралған Сергей Ким орыс тілінен бөлек, қазақшаға да жетік.
Сол Сергей Қызылордаға да корей дәрігерлерімен бірге ат ізін салып тұрады. Ол Кореядағы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді жаңа технологияларды тез енгізумен қатар, медициналық сақтандыру жүйесінің жақсы жұмыс істеуімен байланыстырады. Әдетте, дертті азамат ауруханаға кеткен шығынының 30 пайызына ғана төлем жасайды екен. Ал қалғанын сақтандыру қоры төлейді. Қазақ «аты жаман ауру» деп атап келген қатерлі ісіктің барлық шығынын дерлік сақтандыру қоры көтеріп алады. Науқасты сауықтыру жөнінен әлемде жақсы табысқа жетіп отырған Оңтүстік Корея дәрігерлері өз тәжірибелерін өзге мемлекеттермен бөлісуге келгенде іштарлық танытпайды. Дәрігерге науқасты алалауға болмайды. Ол сырқатынан толық айығып кетуі үшін барлық жағдай жасалуы керек.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасымен ұзақ мерзімге меморандумға қол қойған Оңтүстік Корея елінің дәрігерлері мыңдаған жандардың сырқатын қазақстандық дәрігерлермен бірге емдеп келеді. Дүниежүзілік медицина саласында орнын ойып алған корейлермен бірге ота жасауға қатысып жүрген отандық дәрігерлер де біліктілік жағынан өсіп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы