Қазақтың жылқыдан кейін қадірлейтін түлігі – түйе. Сүті мен еті, түгі мен жүнінен бөлек, көшпелі халықтың былайғы тұрмысына, көші-қонына қолайлы болған түйе саны еліміздің Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында 84 мыңнан асады екен. Оның 37 мыңдайы сауылады.
Арнайы зерттеу жүргізіп, барлық мүмкіндігін есептеген «Golden Camel» кәсіпорны сауылатын осыншама інгеннің 20 пайызының, яғни 7,5 мыңының сүтін өңдеуді жоспарлаған. Күніне әр інген орта есеппен 6 литр сүт беретінін есептегенде, 7,5 мың інгеннен 45 мың литрден астам сүт алынатыны да ескерілген. Осылайша түйе сүтін өңдеп, оны экспортқа шығару арқылы Түркістандағы «Golden Camel» кәсіпорны әлемдегі ең ірі құрғақ түйе сүтін шығаратын кешенге айналуды мақсат етіп отыр.
Бүгінде зауыттың тұрғындардан келісімге қарай алатын бір литр шұбаттың бағасы 400 теңгеден кем түспейді. Әр литрге мемлекет тарапынан 55 теңге субсидия беріледі. Өткен жылы қаңтарда іргетасы қаланған кәсіпорынға Қытай тарапы бастапқы кезеңде 23 миллион АҚШ долларына тең инвестиция салған. Қазір 43 фермерлік шаруашылық зауытқа сүт өткізеді. Таяу уақытта Түркістанның елді мекендеріндегі сүт қабылдайтын бекеттер санын тағы да жиырмаға өсіру көзделіп отыр. Сондай-ақ кәсіпорын жергілікті жерде түйе шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде. Өңірде түйе басы бір жылда 4 мыңға көбейіп, 29 мыңға жеткен. «Golden Camel»-дің әлеуеті күн сайын 100 тонна сүтті өңдеп, жылына 2,5 мың тонна дайын өнім, яғни құрғақ сүт шығаруға толық жетеді. Түйе мен бие сүтін өңдеу идеясы осыдан үш жыл бұрын пайда болған. Жоғарыда айтып өткеніміздей кәсіпорын күніне 100 мың литр сүт өңдеуге шамасы келеді. Бірақ оған шикізат жеткілікті болу керек. Осы орайда зауыт басшылығы 4 облыстың ауылшаруашылығы басқармасы, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, ауылдарда түйе сүтін қабылдайтын пункттер ашуды ойластырған. Кәсіпорынның түйе сүтін жинау, сақтау, тасымалдау бойынша әзірлеген өз әдіс-тәсілі де бар. «Golden Camel Group ltd» компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Сәкен Арапбаевтың айтуынша, елуінші жылдары қазақ даласында 1 миллион 200 мың түйе болған екен. Қазір 200 мың шамасында. Яғни айналдырған 50-60 жылда Ойсылқара тұқымы 1 миллионға азайған екен. «Жыл сайын елімізде түйе саны 10 пайызға өсіп отырады. Егер мемлекеттік бағдарламалар жемісін берсе, өсімді 10 пайыздан да жоғарылатуға болады. Әрі-бері сараптап, алдағы 2-3 жылдың көлемінде зауытта тәулігіне 100 тонна сүт өңдеуге мүмкіндік бар деген ұйғарым жасағанбыз. Бүгінде яғни алғашқы кезеңде тәулігіне 15-20 тоннаның көлемінде болып отыр. Зауытта түйе, бие сүті ұнтақ түрінде өндіріледі. Ұнтақ түріндегі өнім ұзақ сақталады. Яғни оны алыс жаққа тасымалдауға әбден болады. Оның үстіне бір келі ұнтақ 10 литр сүттен алынады. Дайын өнімнің салмағы мен көлемі 10 есеге қысқарады. Өнім алыс шетелдерде сатылады. Гонконгте сату бөлімі жұмыс істейтін болады. Осы бөлім арқылы өнімді Қытайдан бөлек, Жапония, Корея елдерінің нарығына шығару жоспарланған. Дубайда орналасатын екінші сату бөлімі тауарды араб елдеріне таратумен шұғылданады. Жалпы, жоспар бойынша тауардың 90-95 пайызы шетелге экспортталады. Ал ішкі нарықта құрғақ сүтке деген сұраныстың әлі төмен екендігі рас. Бірақ біз нарыққа бие, түйе сүтін арнайы құтыға құйып шығаруды да жоспарлап отырмыз», дейді С.Арапбаев.
Яғни Түркістан облысында түйе кластерінің негізі қаланып жатыр. Айта кетелік, бүгінгі таңда түйешаруашылығы облыста кластер ретінде дамымаған. Өнімдерді нарыққа өткізумен айналысатын компаниялар, шаруаларға кеңес беретін консалтингтік орталықтар жоқтың қасы. Экономикалық зерттеулер көрсеткендей, түйе бағу ірі қара немесе қой өсіруден әлдеқайда тиімді. Арнайы жемшөп қорын дайындауды аса қажет етпейтіндіктен де түйе өсіруші фермерлік шаруашылықтардың өзге шаруа қожалықтарына қарағанда, рентабельділігі анағұрлым жоғары болып келеді. Нарықта түйешаруашылығы өнімдері өтімді. Түйе саны көп болған сайын өнім де көбейе түсетіні мәлім. Осындай жайттарды ескерген сарапшылар мемлекеттің бүгінгі таңда осы салаға көрсетіп отырған қолдауын, ішкі нарықтағы сұранысты, экспорттық әлеуетімізді, түйе санын көбейтуге мүмкіндік пен тәжірибенің барын ескере келе өңірде түйешаруашылығы кластерін қолға алатын кездің жеткенін айтады. Бұл ретте Түркістан облысының түйешаруашылығын дамытудағы әлеуеті зор. Ал «Golden Camel» кәсіпорны түйе бағушы шаруашылықтарды ортақ іске жұмылдыруды көздеп отыр.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы