Қолымызға төте жазумен жазылған бір парақ үндеухат түсті. Осыдан 90 жыл бұрын басылған бұл үндеу сол кездегі Семей облыстық (губерниялық) «Жаңа ауыл» газетімен бірге ел-жұртқа таратылса керек. Құжат сол заманның қиын бір кезеңінен хабар береді.
«Жаңа ауыл» газетінің №17-сіне қосымша
Семей губернесіндегі барлық еңбекшілерге Губернелік атқару комитетінің, губернелік кәсіпшілер кеңесінің және Семейдің қалалық кеңесінің ҮНДЕУІ
Семей губернесінің өз үйездерінен келгені бар, басқа аудандардан келгені бар, қазіргі уақытта Семей қаласында жұмыссыздар бірқатар болып көбейіп отыр. Жұмыссыздардың мұнша көбейіп кетуіне губернедегі салынатын орындарға, әсіресе Түркістан-Сібір темір жолына жұмыскерлер көп керек деген дәлелсіз, алыпқашты хабарлар себеп болды.
Осы хабарларды естігендердің біреуі қызметін тастап, біреуі шаруасын тастап Семейге келді де, мұндағы бұрынғы жұмыссыздардың санын көбейтті.
Мұндағы жұмыстарға еңбек биржасында тіркелген жұмыссыздардың өздері де жеткілікті еді. Жұмыссыздардың осы сияқты тым көбеюінің арқасында бұрын көрілмеген жұмыссыздық дағдарысы болып отыр. Бұл дағдарысты азайту үшін жергілікті кеңес, кәсіпшілер орындары барлық қолынан келген шарасын істеп жатыр. Сонда да жұмыссыздар әлі күнге дейін Семейге ағылып келіп жатыр.
Жұмыссыздықты бәсеңдету үшін қолдағы қаражатты ұстап бітіріп, енді губатком қалалық кеңес және губернелік кәсіпшілер кеңесі губерненің барлық еңбекшілеріне жар салады – жұмысқа кіремін деп Семейге келуді тоқтатуларыңызды сұрайды. Өйткені мұнда жұмысқа түсе алмай жүрген жұмыссыздар әлі көп, оның үстіне жұмыскер алғалы отырған орындар да жоқ.
Уаткомдер (уездік атқару комитеттері – Қ.Қ.), болаткомдер (болыстық атқару комитеттері – Қ.Қ.), ауыл кеңестері, бұл хабардың мән-жайын еңбекші елге түсіндіруге және үйезден Семейге жұмыссыздардың келуін тоқтату үшін шара қолдануға тиіс.
Губатком ағасының орынбасары Медведков Губернелік кәсіпшілер кеңесінің ағасы Будрейка Қалалық кеңес ағасы Құлатайұлы
1928 жыл, 28 май (мамыр – Қ.Қ.)
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Семей