Батыс Қазақстан облысында «Қазіргі заман қаһарманы» атты шара өтуде. Ол қызмет бабында жүріп ерлік көрсеткен полиция қызметкерлеріне арналған республикалық акция аясында ұйымдастырылды.
Орал қаласындағы Достық үйінде дөңгелек үстел мәжілісімен басталған акцияға Батыс Қазақстан облысы басшылығы, халық Ассамблеясы мен құқық қорғау органдары жетекшілері жиналды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі кадр жұмысы департаментінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Мұрат Жақыпбековтің айтуынша, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында құқық қорғау органдарының 780 қызметкері қызмет бабында жүріп қаза тапса, 2378 қызметкер қылмыскерді ұстау кезінде жарақат алған екен. Ішкі істер бөлімдері мен Ұлттық ұланның 1273 өкілі қызметтік тапсырмаларын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік марапатқа ие болған. Мұның ішінде 130 қызметкер орден-медальдарға қаза тапқаннан кейін ұсынылған.
- Ерлік ұмытылмауы керек. Бүгінгі акцияның мақсаты – ерлік пен батырлықты насихаттау, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезім мен патриоттық рухтың дәнегін себу. Осындай шаралардың арқасында халық пен ішкі істер органдарының арасында сенім көпірі орнайды, - деді өз сөзінде Мұрат Қоңыржанұлы.
Әрине, құқық қорғау органдарының, соның ішінде полиция қызметінің реформасы – заман талабынан туындаған ақиқат. Мұрат Жақыпбеков Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында көрсетілген тапсырмалар мен міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған шаралар туралы кеңінен айтып берді.
- Бүгінгі қоғамда әркімнің өз ісімен айналысуы өте маңызды. Қоғамның тыныштығын, құқық тәртібінің сақталуын қадағалау – ішкі істер саласы қызметкерлерінің тікелей міндеті болса, полиция қызметінің материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталуы – жергілікті атқарушы биліктің мойнындағы мәселе, - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.
Жиында ішкі істер органдарының жұмысын алға бастырып, материалдық-техникалық базаны нығайтуға қосқан үлесі және ішкі істер бөлімі өкілдерінің ерлігін насихаттағаны үшін бірқатар адам Қаразақстан Республикасы Ішкі істер министрінің мақтау қағазы мен алғыс хатына ие болды. Олардың ішінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ректорының кеңесшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңес органының төрағасы Қазыбай Бозымов, ақын Ақұштап Бақтыгереева бар.
Акцияға қатысушылар Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде, №7, 10, 47 мектептерінде болып, ұстаздармен, оқушылармен кездесті. Бүлдіршіндердің бүгінгі күннің батырларына қойған: «Сіз осы ерлікті жасаған кезде қандай ойда болдыңыз? Қорыққан жоқсыз ба?» деген шынайы сауалдарына жауап берді.
«Қазіргі заман қаһарманы» акциясы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қатысатын салтанатты шарамен қорытындыланады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»