Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретін шешімдер қалыптастыру және іздестіру үдерісінде Астана клубының мәні мен өзектілігінің зор екенін айтты. Қазақстан Президенті халықаралық қатынастардағы жаңа ахуалдың басты сипаттары мен түйткілді тұстарына тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі қазіргі әлемнің тұрақсыздығын күшейтіп, оқиғаларды болжап-білу мүмкіндігін азайтуда. «Постбиполярлық» деп аталатын әлемдік тәртіп келмеске кетіп барады. Үлкен Еуразия пішіні көз алдымызда қалыптасып келе жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы геосаяси бақталастықтың өршуі жергілікті дағдарыстардың ауқымы мен оларды уысында ұстау деңгейіне кері әсер еткенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соның нәтижесінде, ауқымды қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін жағдайлардың болу қаупі бірнеше есе өсті.
– Текетірестің күшеюі жалпы даму мен қауіпсіздікке қатысты жаһандық институттардың тиімділігіне күмән келтіруде. Бүгінгінің басты тренді – стратегиялық тұрақтылықтың негізін «шайқалту». Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтарға қатысты жағдай шарықтау шегіне жетті, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сауда саласындағы текетірестің нәтижесінде әлем экономикасы өсімінің төмендеу қаупі туралы айтып, бір жақты енгізіліп жатқан экономикалық санкциялар мәселесіне тоқталды.
Сонымен қатар, Елбасы Таяу Шығыс елдеріндегі проблемалардың шешілмеуіне, халықаралық террористік және экстремистік топтардың әрекетіне байланысты қауіп-қатерлер туралы айтты.
– 2018 жыл киберқауіпсіздік жаһандық тұрақтылықтың мүлде жаңа өлшеміне айналғанын айқын көрсетті. Негізгі державалар арасындағы текетірес осы кеңістікке ауып барады. Алдағы жылдары кибертехнологиялар көмегімен істен шығарылған ядролық және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздік проблемаларының өзектілігі арта түсетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті сауда саласындағы текетірес және санкциялық соғыстар жағдайында әлем елдері қолданатын коммуникациялық құралдардың қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолында тың шешімдер іздестіру мақсатымен 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартып, 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізуді ұсынды.
– Жаңа келісім жасау үдерісі оңай болмайтынын түсінеміз. Сондықтан қорытынды келіссөздерге әзірлікті 2019 жылдың өзінде бастаған жөн. Әрине, бұл мәселеде көп нәрсе әлемдік державалардың ұстанымдарына байланысты болады. Осыған орай, ірі мемлекеттерді жаңа келісім жасау жөніндегі бірлескен жұмыстарға шақырғым келеді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ядролық қару-жарақты одан әрі қысқарту және ядролық қарудан азат аймақтар құру туралы келіссөздерді жандандыру арқылы ядролық державалар арасында сенімге негізделген диалог орнатудың маңыздылығын айтты. Қазақстан Президенті тағы да халықаралық қоғамдастықты ядролық қарудан ада әлем құруға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік сауда саласындағы даулы мәселелерді шешу үшін мүдделі тараптарға Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көп жақты форматта келіссөз үстеліне отыруды ұсынды.
– 2020 жылы Астанада осы ұйымның министрлер деңгейіндегі кездесуі өтеді. Біз сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың бірыңғай әділетті ережесін әзірлеу жағдайдан шығудың жолы деп білеміз. Сонымен қатар, сауда саласындағы текетірес проблемасының шешімін Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалаудан іздеу қажет, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік ұйымын құру қажет екенін айтты.
– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жөніндегі Қазақстанның бастамасы Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі келешек ұйымның негізі бола алады. Осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадам ретінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің консультативтік отырысын және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумын өткізуді ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халықаралық конференциясы сияқты беделді басқосуларды ұйымдастыру кезіндегі тәжірибені ескере отырып, Астана клубының базасында Еуразиядағы қауіпсіздік жөніндегі конференция өткізуді ұсынды.
Елбасы Ақпараттық кеңістікті дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың жаһандық стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Соңында Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ үшін ғаламшарды сақтау жолында барлық күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын айтты.