Жаңақорған ауданындағы Шалқия кенті тұрғынының 116 бас қойы белгісіз аурудан қырылып қалды.
Аудандық ветеринарлық зертхана мал лептоспироз ауруынан өлуі мүмкін деп диагноз қойған.
- Ветеринар мамандар эпизоотиялық зерттеу барысында ауру ошағында өлген 30 өлексені өртеп, Байкенже ауылдық округіндегі типтік жобадағы мал қорымына тастады. Осы аумақтағы бірқатар шаруалардың иелігіндегі 2420 бас малға Алматы аграрлық ұлттық университетінің «Сана» ЖШС-нен шыққан вакцина алдын ала егілген. Қазір ондағы жағдай тұрақты», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов.
Малдардың тоқтап қалған су ішіп уланып өлу мүмкіндігі де айтылып отыр. Егер малдың лептоспироз ауруынан өлгені анықталса мемлекет тарапынан өтемақы төленеді екен.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы