Қазақстандық 25 онлайн-басылымға оқырмандар аудиториясын талдауға арналған Chartbeat құралын тегін ендіріп, отандық нарықта бірінші болып қолдануға мүмкіндік берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан баспасөз клубының мәліметінше, іріктеу кезінде республикалық және өңірлік БАҚ-тан 50-ден аса өтінім келіп түскен. Қазақстандық медиа сарапшыларынан тұратын Қамқоршылар кеңесі өтінімдерді бағалап, ең лайықты деген үміткерлерді іріктеп шықты. Нарықтағы жұмыс тәжірибесі, сайттағы күнделікті жарияланымдар саны, жарияланымдарда діни және қылмыстық тақырыптардың болмауы сынды өлшемдер бойынша бағалау жүргізілді.
«Ұзақ уақытқа созылған қызу талқылаудан соң, Қамқоршылар кеңесінің мүшелері дауыс беру арқылы жобаға қатысатын 25 онлайн-басылымды анықтады. Бұл басылымдар тек Астана мен Алматыдағы ғана емес, сонымен бірге өңірлердегі әртүрлі тақырыпта, бағытта, әртүрлі тілде шығатын, әртүрлі аудиториямен жұмыс жасайтын БАҚ болып табылады. Таңдап алынған БАҚ Қазнеттің жағдайын көруге мүмкіндік беретін қазақстандық онлайн-медианың кесіндісі болып отыр. Жобаға қатысу арқасында олар өз аудиториясын жақсы түсініп, онымен жақсырақ өзара әрекеттесіп, сәйкесінше жарнама берушілерді кеңінен тартып, кіріс көзін арттыруға мүмкіндік алатындығына сенімдімін», деп атап өтті жобаның Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Михаил Дорофеев.
Байқау финалына шыққан БАҚ тізімімен мына жерде таныса аласыздар. 21 қараша күні Алматыда Қазақстандық БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған XI «Media Құрылтай 2018» республикалық конференциясы аясында медиа қауымның Chartbeat өкілдерімен кездесуі өтеді. Іріктеуден өткен 25 онлайн-басылым енді Ортақ есептегішті (панель) құрып, осының арқасында жарнама берушілер сайттың танымалдығы жайлы сенімді ақпарат алатын болады. Жоба қатысушылары Ортақ есептегіште қандай көрсеткіштердің көрсетілетінін дауыс беру арқылы өздері шешеді.