Елордада екі күнге созылған Астана клубының төртінші отырысының пленарлық мәжілісі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретін шешімдер қалыптастыру және іздестіру үдерісінде Астана клубының мәні мен өзектілігінің зор екенін айтты.
Елбасы халықаралық қатынастардағы жаңа ахуалдың басты сипаттары мен түйткілді тұстарына тоқталды.
– Ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі қазіргі әлемнің тұрақсыздығын күшейтіп, оқиғаларды болжап-білу мүмкіндігін азайтуда. «Постбиполярлық» деп аталатын әлемдік тәртіп келмеске кетіп барады. Үлкен Еуразия пішіні көз алдымызда қалыптасып келе жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы геосаяси бақталастықтың өршуі жергілікті дағдарыстардың ауқымы мен оларды уысында ұстау деңгейіне кері әсер еткенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соның нәтижесінде, ауқымды қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін жағдайлардың болу қаупі бірнеше есе өсті.
– Текетірестің күшеюі жалпы даму мен қауіпсіздікке қатысты жаһандық институттардың тиімділігіне күмән келтіруде. Бүгінгінің басты тренді – стратегиялық тұрақтылықтың негізін «шайқалту». Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтарға қатысты жағдай шарықтау шегіне жетті, – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев сауда саласындағы текетірестің салдарынан әлем экономикасы өсімінің төмендеу қаупі туралы айтып, біржақты экономикалық санкциялар мәселесіне тоқталды.
Сонымен қатар Елбасы Таяу Шығыс елдеріндегі проблемалардың шешілмеуіне, халықаралық террористік және экстремистік топтардың әрекетіне байланысты қауіп-қатерлер туралы айтты.
– 2018 жыл киберқауіпсіздік жаһандық тұрақтылықтың мүлде жаңа өлшеміне айналғанын айқын көрсетті. Негізгі державалар арасындағы текетірес осы кеңістікке ауып барады. Алдағы жылдары кибертехнологиялар көмегімен істен шығарылған ядролық және басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздік проблемаларының өзектілігі арта түсетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Қазақстан Президенті сауда саласындағы текетірес және санкциялық соғыстар жағдайында әлем елдері қолданатын коммуникациялық құралдардың қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жолында тың шешімдер іздестіру мақсатымен 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңартып, 2020 жылы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа арналған конференция өткізуді ұсынды.
– Жаңа келісім жасау үдерісі оңай болмайтынын түсінеміз. Сондықтан қорытынды келіссөздерге әзірлікті 2019 жылдың өзінде бастаған жөн. Әрине, бұл мәселеде көп нәрсе әлемдік державалардың ұстанымдарына байланысты болады. Осыған орай, ірі мемлекеттерді жаңа келісім жасау жөніндегі бірлескен жұмыстарға шақырғым келеді, – деді Елбасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ядролық қару-жарақты одан әрі қысқарту және ядролық қарудан азат аймақтар құру туралы келіссөздерді жандандыру арқылы ядролық державалар арасында сенімге негізделген диалог орнатудың маңыздылығын айтты. Қазақстан Президенті тағы да халықаралық қоғамдастықты ядролық қарудан ада әлем құруға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік сауда саласындағы даулы мәселелерді шешу үшін мүдделі тараптарға Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында көпжақты форматта келіссөз үстеліне отыруды ұсынды.
– 2020 жылы Астанада осы ұйымның министрлер деңгейіндегі кездесуі өтеді. Біз сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың бірыңғай әділетті ережесін әзірлеу жағдайдан шығудың жолы деп білеміз. Сонымен қатар сауда саласындағы текетірес проблемасының шешімін Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалаудан іздеу қажет, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Азиядағы ұжымдық қауіпсіздік ұйымын құру қажет екенін айтты.
– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі жөніндегі Қазақстанның бастамасы Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі келешек ұйымның негізі бола алады. Осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған алғашқы қадам ретінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің консультативтік отырысын және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумын өткізуді ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халықаралық конференциясы сияқты беделді басқосуларды ұйымдастыру кезіндегі тәжірибені ескере отырып, Астана клубының базасында Еуразиядағы қауіпсіздік жөніндегі конференция өткізуді ұсынды.
Елбасы Ақпараттық кеңістікті дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың жаһандық стратегиясын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Ашық әңгімеге ұластыМемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан соң кезегімен сөз алған әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттардың пікірлері бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырудың маңыздылығы тұрғысында өрбіді. «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» тақырыбы бойынша екі күн ойларын ашық айтып, пікірлерін еркін жеткізген спикерлер алдымен осындай саяси алаң ұсынған Қазақстан тарапына ризашылықтарын жеткізді.
Атап айтқанда, 1997-2009 жылдар аралығында МАГАТЭ-нің бас директоры лауазымын атқарған, Нобель сыйлығының бейбітшілік бойынша лауреаты Мохаммед Әл-Барадейдің пікірінше, қырғи-қабақ соғыс ширек ғасырдан астам уақыт бұрын аяқталғандығына қарамастан, әлемдік жаңа тәртіп жүйесінде белгілі бір мемлекеттердің іс-қимылдарында прогресс сезілер емес. Қазіргі ахуал кей жағдайларда әлем кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Оған қоса халықаралық институттар беделінен айырылып барады. Сондай-ақ М.Әл-Барадей әлемде әлі де 15 мыңдай ядролық оқтұмсық бар екендігіне және олардың екі мыңдайы оқтаулы тұрғандығына тоқталды.
МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры әлемдегі ядролық қарудың таралмауына бағытталған іс-шараларға тоқтала келе, бұл саладағы Қазақстанның үлесіне жоғары баға беріп өтті.
– Жақында МАГАТЭ-нің бақылауымен Қазақстанда ашылған төмен байытылған уран банкі – ядролық қаруды жою мен таратпауға бағытталған маңызды қадам, – деп атап өтті Мохаммед Әл-Барадей.
Ал Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай алдымен Қазақстан Президентіне Ауғанстанға көрсетіп отырған қамқорлығы үшін алғысын білдірді. Оның ішінде ауғанстандық жастарға Қазақстанның оқу орындарында білім алуға бөлінген 1000 стипендия да бар еді. Қазір ол жастардың көбі жоғары оқу орындарын тәмамдап, өз елінде қызмет көрсетуде.
– Біз көп жағдайда тарихи және географиялық себеп-салдарға тәуелдіміз және оның тұтқынына айналып отырмыз, – деген Х.Карзай өз елінде қалыптасқан ахуалға кеңінен тоқталды.
– Президент мырза, сіздің тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталған тәжірибеңізбен Ауған жерін құнарландырғымыз келеді. Оның ішінде тепе-теңдікті қалыптастыра отырып көркеюді мақсат еттік. Қазір менің елімнің қиындықтары шаш-етектен, – деді Хамид Карзай Қазақстан Президентіне қарата айтқан сөзінде. Ол, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтан Ауғанстандағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қалыптастыруға бағытталған халықаралық келіссөздерге араағайындық етуді сұрады.
Шын мәнінде, Х.Карзайдың үміттенетін жөні бар. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығының алғашқы сатысында-ақ биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстан Президентінің бастамасымен осы халықаралық ұйым алғаш рет Ауғанстанға байланысты нақты шешім қабылдаған болатын.
Өз кезегінде Түркияның бұрынғы Премьер-министрі Ахмет Давутоғлу сөзін Астана клубында маңызды халықаралық және өңіраралық мәселелердің көтерілгендігінен бастап әлемдік геосаяси ахуалға шолу жасап өтті.
Ашық пікір, еркін ой көрініс тапқан жалпы отырыста халықаралық саясаттың серкелері халықаралық және өңіраралық жағдайларға байланысты Қазақстан Президентінің ой-пікірін білуге құлшынып, сауалдарын берді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев олардың әрқайсысына тиянақты жауап қайтарып, халықаралық саясаттағы Көшбасшылардың бірі ретінде өз ұстанымы мен көзқарастарын білдіріп отырды.
Жалпы, пленарлық отырыстың соңында Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ үшін ғаламшарды сақтау жолында барлық күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын айтты.
«Үлкен Еуразия» идеясыКлубтың алғашқы күнгі жиынын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева ашып, биылғы отырыстың тақырыбы Қазақстан үшін өте маңызды екенін атап өткен болатын. Өйткені «Үлкен Еуразия» идеясы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы бұл ұсынысын алғаш рет 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен айтқан еді.
– «Үлкен Еуразия» немесе «интеграциялардың интеграциясы» дегеніміз – Еуразиялық экономикалық одақ, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен Еуроодақтың тығыз байланыс орнатуы. Ортақ достық алаңын құру, яғни бейбітшілік, қауіпсіздік пен даму – осы кеңістіктегі барлық ірілі-ұсақ елдердің басты саяси ұстанымы, – деген еді Дариға Назарбаева.
Астана клубының бірінші күнінің басты жаңалығы көпшілікке «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптердің рейтингі» халықаралық зерттеуі ұсынылғандығы болды.
Астана клубының төртінші отырысына қатысушылар жаһандық экономикадағы өзгерістер мен адамзат алдына қойылған жаңа міндеттер туралы пікір таластырған болатын.
Сарапшылардың ойынша, геоясаясаттағы мәселелер мен сауалдардың шешімін экономикалық интеграция арқылы табуға болады.
Енді сарапшылардың қорытындысына келетін болсақ, Бреттон-Вудс (RBWC) жаңарту жөніндегі комитеттің директоры, әрі оның негізін қалаушы Марк Узан экономикалық бағыттарға баса мән берді. Сарапшы онжылдық қаржылық дағдарыстан соң әлем монетарлық саясатты жөнге келтіре бастағанын еске салды. Алайда, келешекке жасалған болжам жаңа қауіптер мен жаңа міндеттерді айқындап берді. М.Узанның айтуынша, саудалық кедергілер жайында сөз қозғағанда жаңа протекционизм құру қажеттігін де ескерген жөн.
– Жаһандық экономика туралы сөз қозғағанда саудалық кедергілерді де ұмытпаған жөн. Олар әлемдік экономиканың ілгері жылжуына жол бермеуі мүмкін, – деді Астана клубының қатысушысы, Бреттон-Вудс басшысы.
Ал Атлантикалық кеңестің стратегиялық болжау бастамасының директоры Мэтью Барроуз АҚШ пен Қытай арасындағы текетіреске назар аударды. Ол қос мемлекеттің қарым-қатынасы келесі жылы нашарлай түсуі екіталай екенін жеткізді. Сарапшының пікірінше, Қытай мен АҚШ-тың бірігуге ұмтылуы ғаламдық тұрақтылыққа үлес қосады. Сондай-ақ ол келесі жылы жаһандық дағдарыс болмайды деген сенім білдірді. Алайда алыс болашаққа деген болжамы көңіл көншітерлік емес.
Өз кезегінде Мадрид клубының бас хатшысы Мария Елена Агуэро болса, әлемдегі, оның ішінде Еуразиядағы діни және этностық шиеленіске баса мән берді.
– Еуразия құрамына көп этностық және діни топтар кіреді. Сондықтан бұл аймақта шиеленістер туу қаупі бар. Еуразиядағы шиеленістердің тамыры діни қақтығыстарда жатыр, – деп атап өтті М.Е.Агуэро.
Діни және этностық шиеленіс мәселесіне басқа да сарапшылар, оның ішінде IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летерм де тоқталды. Ол бұл проблемалардың миграциялардан туындағанын атап өтті.
– Босқындардың гуманитарлық мәселелерін ескерген жөн. Мәселен, бұл мигранттарды ерікті кәсіби мамандар ретінде жұмысқа тартуға болады. Немесе оларға белсенді азаматтар ретінде заңдық тұрғыдан рұқсат берілуі тиіс. Оларға мүмкіндік беру арқылы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес күшейе түседі, – дейді И.Летерм.
Ал Түркияның бұрынғы Премьер-министрі (2014-2016) Ахмет Давутоғлу болса, «қазір Еуразия үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін күрделі кезең келді» деп есептейді.
– Қазір халықаралық қатынастарда турбуленттік жағдайды бақылап отырмыз. Осындай геосаяси тығырықтан қалай шығуға болады? Ең алдымен, біз осы тығырықтың тарихи алғышарттарын түсінуіміз керек. Жаһандық мәселелерді шешу барысында сол өңірдің мемлекеттерінің жауапкершілігі өте маңызды. Бұл жауапкершіліксіз бейбітшілік орната алмаймыз, – деді Ахмет Давутоғлу.
– Ең тиімді жауапты геосаясаттан емес, геоэкономикадан таба аламыз. Елдер арасында қалыптасқан геоэкономикалық ықпал ортақ қызығушылық туғызып, салдары геосаяси мәселелер мен мемлекеттер арасындағы текетіреске әкеледі. «Жібек жолы» бұған жақсы дәлел. Бірнеше ғасырлар бойы көптеген империялардың дәурені жүріп тұрды. Олар пайда болып, жоғалып та кетіп жатты. Ал «Жібек жолы» жүздеген жылдар бойы тұрақты болды. Өйткені бұл жерде барлық тараптар практикалық жағынан пайда тауып, қызығушылық содан болды. Мемлекеттер бір-бірімен соғысқанымен, бірақ бір мәселе бойынша үнемі ымыраға келіп отырды. Жолдардағы керуендердің қауіпсіздігі бәрінен де маңызды болды, – деп атап өтті Ахмет Давутоғлу.
* * *
Астана клубының отырысы аяқталған соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның антиядролық бастамаларына және ядролық қарусыздану үдерісіне арналған көрмені аралап көрді. Қазақстан Президенті көрмеге қойылған экспонаттармен танысып, экскурсияда жүрген Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен әңгімелесті. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы өзінің студенттік шағынан сыр шертетін естеліктер айтты.
Жалпы, Астана клубының отырысына әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер қатысқанын бұған дейін хабарладық. Оның ішінде Аустрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапонияның өкілдері болды.
Ив ЛЕТЕРМ,
Бельгияның 2008, 2009-2011 жылдардағы премьер-министрі, IDEA халықаралық демократиялық институтының бас хатшысы:
– Қазақстанның Астана клубы отырысын өткізуге асқан жауапкершілікпен және үлкен дайындықпен келгендігіне көз жеткізіп отырмыз. Оған қоса, Астана клубы әзірлеген қауіптер жөніндегі есептің сапалы екендігін көрдік. Ең бастысы, бір алаңда атағы алысқа кеткен академиктер, теоретиктер мен саясаткерлердің бас қосқандығы қуантты. Әдетте, кез келген саяси шешім тиянақты әзірлеген талдаулардан соң қабылдануы керек. Ал Астана клубы әзірлеген шолудың дәл осындай ықтимал қауіптер мен тәуекелдердің алдын алуға бағытталған құжат екендігі көрініп тұр. Сондықтан құжатта көрсетілген қауіптердің қай қайсысы да ықтимал болғандықтан, Қазақстан тарапы оларды болдырмауға ықпал ете алады.
Иво ЙОСИПОВИЧ,
Хорватияның 2010-2015 жылдардағы президенті:
– Соғыс адамзат тіршілігіндегі ең сұмдық қатерлердің бірі. Осы орайда, Қазақстанның әлемдік бейбітшілік орнатуға бағытталған бастамалары қуантады. Біз қазір Қазақстанға жақын орналасқан екі бірдей «ыстық нүктені» көріп отырмыз. Ол Сирия мен Таулы Қарабах деп айта аламын. Әлемде мұндай «ыстық нүктелер» жетіп-артылады. Олардағы ахуалдың қалай өрістейтіндігі де белгісіз. Сондықтан «ыстық нүктелерде» шиеленістердің қаулап кетпеуі үшін нақты шешім қабылдауға Астана клубы әзірлеген құжат сынды дәйекті талдаулар қажет.
Жозе Мануэль БАРРОЗУ,
Еуропалық комиссияның 2004-2014 жылдардағы төрағасы:
– Астана бейбітшілікті қалыптастыру жолында әлемдік қоғамдастыққа өз алаңын ұсынып, мемлекеттер арасындағы диалогтың қалыптасуына зор ықпалын тигізуде. Міне, осы жолы да ұстанымдары мен көзқарастары қайшы мемлекеттердің өкілдері бір үстелдің басында бас қосып, әлемдік маңызды мәселелерді ашық талқылауда. Еуразия құрлығының аумағына қарайтын болса, бұл − Атлант мұхитынан Тынық мұхитқа дейінгі, Лондоннан Владивостокқа дейінгі алып кеңістік. Ал Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстан − Қытай мен Ресей тәрізді алыптардың ортасында отырып өңірдегі бейбітшіліктің сақталуына зор ықпалын тигізіп отырған мемлекет. Қазір Қазақстан ұсынып отырған мемлекеттер арасындағы диалог жалпы әлем үшін ауадай қажет.
Данило ТЮРК,
Словенияның 2007-2012 жылдардағы президенті, БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары (2000-2005):
– Астана әлемдік бейбітшілік жолындағы маңызды шаралар өтетін алып алаңға айналды. Мәселен, Сирия жөніндегі келіссөздерді өткізуге Астананың таңдалуы кездейсоқтық емес еді. Іс жүзінде Астана клубының отырысына әлемнің барлық дерлік құрлықтарының өкілдері шақырылған. Біз, міне, бүгінгі отырыстан Орталық Азияның жаңғырғандығына көз жеткізіп отырмыз. Ал Астана ұсынған Еуразиядағы қауіптер туралы құжат жөнінде айтар болсам, бұл – жаңа құжат. Ондағы ықтимал қауіптердің барлығымен келіспесем де, Таяу Шығыстағы шиеленістердің өршуіне байланысты ескертпелерді жоққа шығара алмаймын. Соғыстың қаупі бар. Бұл құжат мұндай алаңдарда алғаш рет ұсынылып отырғандығымен де бағалы деп есептеймін.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»