• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 14 Қараша, 2018

Кәсіпкерлікке қолбайлау жағдайлар айтылды

381 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық қатынастарға кедергілерді зерделеу мақсатында еліміздің батыс аймақтарында сапарда болды. Сенатор Ақтөбе облысында болған кезде облыс орталығында және Алға ауданының аумағында орналасқан шағын және орта ауылшаруашылығы кәсіпорындарын аралап, жұмыстарымен танысты,  деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысындағы жылыжай, мал бордақылау, олардың өнімдерін өңдеу және өткізу, соның ішінде экспортқа шығару тәжірибелерімен танысу барысында «Izet Greenhouse» жылыжа­йында, «Айбек» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінде, «Райымқұл» шаруа қожалығында, 13 мың бас сиыр ұстауға арналған «Алға мал бордақылау» және «Алға ет өндіру» кешендерінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Кәсіпкерлермен пікірлесу кезінде мемлекет тарапынан қолдау, әкімшілік кедергілер, экспортқа шығаруда туындап отырған мәселелер, жұмыс қолының жетіспеушілігі туралы ұсыныстар айтылды.

С.Еңсегенов сапар аясында Аты­рау облысы, Исатай ауданы Жанбай ауылдық округіне қарайтын Қызтуған учаскесіндегі балық өнімін өңдеу және қайта өңдеу кәсіпорнында да болды. 12 сағатта 3 тонна балық өнімдерін өңдейтін «Шағала Атырау» кәсіпорнының бас­­шысы Абдолxасан Ұғыбай өнді­ріс­тің экономикалық жағдайымен та­ныстыра келіп, Атырау облысы әкімінің қол­дауымен «Жайық» МӨБ мекемесінің электр желісіне қосылып жарық алып отырғанын айтты. Сондай-ақ «ҚазАгро» АҚ арқылы жабдықтар толық алынып, құрастырылып орнатылған, алайда қазіргі уақытта өсімін қосқанда мекеменің 106 миллион теңге берешегі бар. Өндіріс іске қосылғанда 80 адам тұрақты жұмысқа алынады, дейді кәсіпкер.

Бірақ кәсіпорын іске қосылмай тұр. Оның себептері: балық аулауға лимит жоқ (бұл жерде объективті себептер бар), Жайық өзені бойындағы бөлініп қалған көлшіктер тауарлы балық өсіру үшін берілмей отыр, мемлекет есебінен инвестициялық субсидиялауда шешілмей тұрған мәселелер бар. «Мұндай кедергілер іске деген құлшынысты су сепкендей басады екен, бірақ үмітім үзілген жоқ», деген кәсіпкер жұмысын жалғастыруда. Шағын кәсіпорын, тұрақты жұмыс орны ашылғанда мемлекеттік органдар тарапынан нақты қолдау болса жұмысы жанданып кететіні, ал сөзбұйдалыққа салынса, кәсіпкерлік саласы ешкімнен қолдау таппаса, жабылып қалатыны айтылды.