Қызметке бару, одан келу, жұмыс бабында ресми сөйлесу сияқты қалыпты өмірде адамдар бір-бірін жан-жақты біле бермейді. Білісу,түсінісу жағдайлары көбінесе ұзақ сырлас, аралас-құралас жүргендер арасында болады. Бірақ жүріс-тұрысы қарапайым, әркіммен емін-еркін сөйлесе кететін, есеппен араласуды, сақтанып сөйлеуді білмейтін бір адамдар болады, олар бір кездесіп сөйлескеннен-ақ кісіні өзіне тартып, ежелгі танысындай болып кетеді. Мен білетін Айып Қисаұлы Құсайынов осындай кісі еді.
Айекең 15 жылдан астам уақыт Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болып істеді. Ол кезде біз бір-бірімізді ресми жағдайларға байланысты ғана біліп жүрдік. Айекең шын мәнінде ауылдың жағдайын, шаруашылығын өте жақсы білетін адам еді. Жастайынан ауылда өсіп, оның бүкіл болмыс-бітімін көзімен көрген, кейін кеңшар директоры болып қызмет істеген, ауылдың адамы мен шаруашылығына ненің қажет, ненің қажет еместігін өз өмір тәжірибесі арқылы білетін маман болатын. Сол білімі мен тәжірибесінің арқасында ол министрлікте өте абыройлы қызмет атқарды.
Қазақстанда малды асылдандыру ісіне үлкен үлес қосты. Әсіресе қойды асылдандыру ісін дұрыс ғылыми жолға қоюда Айекең үлкен ұйымдастыру жұмыстарын атқарды: ғалымдардың бұл жұмыспен үзбей айналысуына жағдай жасады, көмектесті, соған қажетті күнделікті жұмыстарды ерінбей-жалықпай жүйелі жүргізіп отырды. Сондықтан оны қызметтестері, облыс пен аудандағы әріптестері қатты сыйлап, әрі маман, әрі адам ретінде жоғары бағалайтын. Республикамыздың түпкір-түпкірінде оның тілеулес адамдарының көп болу себебі осыдан.
Өткен ғасырдың аяғында ауыл шаруашылығы жұмыстарының, жалпы ауыл жағдайының құлдырап кетуі Айекеңнің қызмет бабына да белгілі дәрежеде ықпал етті. Ол кісі министрдің орынбасары қызметінен босап, «Асыл» деген компания құрды. Ол компанияның мақсаты Қазақстандағы мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра беру еді. Бірақ ол кездегі жағдай ондай қажетті істі қолдай алмады, сол жағы өкінішті болды.
Сыйлас азаматты ажалға қимасаң да, ажалдан арашалап қалар амалың жоқ. Өкінесің, сағынасың, сондай жақсылар көп болса екен деп тілейсің.
Міне, біз еліне елеулі, халқына қалаулы, кезінде мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосқан, әртүрлі мемлекеттік шаруашылық қызметтерді атқарған ардақты Айекеңе − Айып Қисаұлы Құсайыновтың тұрған үйіне орнатылатын тақтаның ашылуына қатысып отырмыз. Бұл мәңгілік ескерткіш, болашақ ұрпаққа үлгі болатын Айып сияқты адамзаттың жарқын бейнесі қашанда биіктен көріне берсін.
Кеңес АУХАДИЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері