...мәселе көтереді
Қол ұшын созса дейміз
Семей қаласына қарасты Абыралы өңірінде ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған 4 кітапхана бар. Ол кітапханалар «Қайнар орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрамына кіреді. Бұлар – ауыл кітапханалары. Бүгінде бұл кітапханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жүйелі жұмыс тәсілдері қалыптасып, күн талабына сай қызмет атқаруда. Үздік жетістіктері де атаусыз қалған емес. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Кітапхана ісі» аталымының иегері атанды.
Соңғы уақыттары халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған осы мекемені жауып, 300 шақырым алыстағы Семей қаласының орталықтандырылған кітапханасына қоспақ деген әңгіме шығып, сары уайымға салынып жүрген жайымыз бар. Кезінде осындай асығыс ойластырылған шараның кесірінен өңірдегі екі ауылдың – Таңат және Айнабұлақ кітапханалары мектеп кітапханаларына қосылып, соңынан жабылып тынды. Бұл оңтайландыру да сол шараның кебін кимей ме? Өтпелі қаржы қиындықтарын ауылдардағы мәдениет ошақтарын оңтайландырумен не ұтпақпыз? Ертең ауылдардағы кітапханалар жабылып қалса, оларды болашақта қайта қалпына келтіре аламыз ба? Семей мен Өскемендегі мәдениет саласының басшылары осы мәселенің оңды шешілуіне қол ұшын созса дейміз.
Тұрар АХМЕТОВ
Шығыс Қазақстан облысы, Қайнар ауылы
...жақсылығын жеткізеді
Айтуар би тұғырына қонды
Қазақтың айтулы билерінің бірі – Айтуар би Үсенұлының Атырау-Индер тас жолының бойында ескерткіші ашылды.
Айтуар бидің ата-тегі – он екі ата Байұлы Беріштің Себек бөлімінің Сары атасынан тарайды. Айтуар би Баймағамбет сұлтан заманында кеңесші қызметін атқарған. Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ортақшыл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан «Алтын» қорымында жерленген. 1836-1838 жылдары Исатай-Махамбет көтерілісінің қым-қиғаш кезеңі – Жайық өзенінен өтер сәтінде қол ұшын берген. Бұл деректер Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында көрініс табады.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ
Атырау
...ұсыныс жасайды
Маңдайшаларды біріздендіру керек
Жер-су атауларын латын негізді жаңа қазақ әліпбиіне көшіретін кезең де таяп қалды. Осы істі жылдамдатып жүзеге асырып отырған жерлер де бар. Республика аймағында тек қала маңы емес, облыс, аудан көлемінде де атауларды латынша беріп отырған жерлер жеткілікті. Солардың бірі – Алматы облысына қарасты Кеген ауданынан жақын уақытта бөлініп шыққан Райымбек ауданының Қақпақ ауылы. Ауылдың кіреберісіне керемет жазу жазылған, көз тартарлықтай әдемі. Ал енді ауылдан шыққан кездегі тұсына «Сапарыңыз сәтті болсын!» деп жазылыпты. Бұл жазудың латынның екінші рет ұсынылған апострофты нұсқасы негізінде жазылғандығын көріп отырмыз. Осыны күнде көріп жүрген халық латын негізді қазақ әліпбиі осы екен деп қабылдауы сөзсіз. Яғни, халықты өз қолымызбен сауатсыздыққа итермелеп жатырмыз.
Жалпы алғанда, ономастикалық атаулар жазылатын маңдайшаларды біріздендіру керек. Олай болмаған жағдайда екі жұмыс жасарымыз анық. Маңдайша жазуларын әркім өз білгенінше жазып жатыр. Латын негізді жаңа қазақ әліпбиінің емле-ережесі бекітілмей тұрып, маңдайша жазуларының мынау дұрыс деген нұсқасын ұсына алмаймыз. Осы мәселені шешуіміз керек.
Дана ПАШАН,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері
...ой қозғайды
Жұмылып жүріп бағаны көтертпейді екен
Біз жақтан екі жігіт демалысында Шымкенттегі жұмыстасына қыдырып бармай ма?! Жазды күні болса керек, барған күні қонақтарын барынша күтіп, жағдайларын жасаған екен. Келесі күні түс қайта үй иесі: «Жігіттер, көлігімді жуып келуім керек еді, бірге барайық, сосын қайтып келіп жуынып-шайынып, кешкі Шымкентті көрсетемін» депті. «Қонақ қойдан жуас», не керек, қатар тұрған екі көлік жуатын орынға келсе, біреуі 600 теңгеден, екіншісі 500 теңгеден, 600 теңгелікте кезекте 1 ғана көлік тұрса, 500 теңгелікте 4 көлік тұрған екен. Шымкенттік барып 500 теңгелікке 4 көліктен кейін кезек алыпты. Сосын: «Жігіттер, ана жерде сыра бар, кәуап бар, тапсырыс бере беріңдер, мен арттарыңнан барамын» деп қала беріпті. Атыраулық екеу сыра ішіп, кәуап жеп отырып шымкенттік жігіттің әлгі қылығына түсінбей әлек болады... «Жұмысы ТШО-да, айына теңгемен емес, доллармен айлық алады, неге 100 теңге үшін соншама уақытын жоғалтады?!»... Бір заманда көлігін жуғызып келген жұмыстастарына көкейлерінде тұрған әлгі сұрақтарын қоймай ма?! Сонда шымкенттік: «Ол былай. Әңгіме 100 теңгеде емес, әңгіме бағаны көтермеуде. Мысалы, мен 600 теңгеге көлігімді жуғызып кете берсем ешкім ештеңе демейді, бірақ сәл де болса қымбат салонның саудасын жүргізген болар едім. Егер олардың саудасы жүре бастаса, олар көп ұзамай бағасын көтереді, сосын көлік жуғызу 600 теңгеден 700 теңгеге көтеріледі. Ал одан қалғысы келмеген 500 теңгелік көрші салон 600 теңге кылар еді. Қысқаша осылай» депті. Міне шымкенттіктер жұмылып жүріп өздеріндегі бағаны осылай көтертпейді екен. Қысқасы, біз сияқты шашпаларға ойланатын жайт.
Беркін САДЫҚОВ
...қуанышын бөліседі
Жарыстан жүлдемен оралды
Маңғыстау ауданының Тұщыбек ауылының тұрғыны Айшуақ Тайманов Астанада өткен Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнирге қатысып, құсбегіліктің нағыз қас шеберлері мен әлемнің 10-ға жуық мемлекетінің мықты мамандары қатысқан жарыста «Байрақ» атты бүркіті мен «Жебе» атты ителгісін қатар жарысқа қосып жүлдемен оралды. Яғни, қазақтың қасиетті құсы ителгілер жарысынан байқауда жүлделі I орын, ал бүркітшілер сайысында жүлделі III орынға ие болды. Зор қуанышты сәтті пайдалана отырып, Айшуақ замандасымызға ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дамытып, ұлықтай беруіне тілектеспіз.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы