Алматы қаласында тіркелген әрі аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қорғау мақсатында көрсетілетін көмек түрлері жайында кеңінен мағлұмат алуға болады.
Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Мұқажанованың айтуынша, биылғы ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жаңа нұсқада көрсетіліп келеді. Жаңа нысандағы АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын (Алматы қаласы бойынша 15 919 теңгені құрайды) азаматтарға көрсетіледі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайды және әр тоқсанға есептеледі. Биылғы жылдың IV тоқсанына күнкөріс деңгейінің көлемі 31 838 теңгені құрап отыр.
Атаулы әлеуметтік көмектің шартсыз және шартты ақшалай екі түрі қарастырылған. Оны тағайындау үшін қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына барып өтініш беру қажет. Онда отбасы құрамы туралы, (өтініш берушінің отбасы мүшелерінің) тапқан табысы жайлы және жеке қосалқы шаруашылығының бар-жоғы туралы мәліметтермен қатар әлеуметтік келісімшарттың көшірмесі мен өтініш берушінің (отбасы мүшелерінің) тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесін тіркеу қажет.
Биылғы жылдың 9 айында 491 отбасына (2 387 адамға) 100 млн теңге мөлшерінде АӘК тағайындалған. Оның ішіндегі 54 жұмыссыздың 50-і тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 4-еуі кәсіптік оқыту курстарына жіберілді. Бұл бағдарлама шегінде аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігі, жұмысқа орналастыру мақсатында тегін кәсіптік оқыту мен қайта оқыту және бизнес-жобаларын жүргізіп немесе жоспарлап жүрген жұмыссыздар үшін шағын несие алу мүмкіндігі бар. Мұның нәтижесінде отбасының табысы тұрақталып, еңбек нарығында бейімделу мүмкіндігі пайда болады.
Басқарманың әлеуметтік төлемдер бөлімінің бас маманы Мұратбек Сейнасиновтың айтуынша, қала тұрғындарын цифрлы эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшіру мақсатында құрылғылармен қамтамасыз ету жалғасын тауып келеді. Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек 491 отбасына тағайындалған, оның ішінде 133-іне жалғамалар орнатылған. Жалғамаларды алу үшін тіркелген тұрғылықты мекенжайы бойынша басқарманың аудандық бөлімдеріне өтініш білдіруге болады.
Әлеуметтік қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мәліметтері бойынша Алматыда халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта 1,3 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл мүмкіндіктері шектеулі, зейнетке дейінгі жастағы тұлғалар және жастарды қамтымақ. Сондай-ақ қысқа мерзімді курстардан жыл сайын 1-1,5 мың адамға дейін қабылданады. «Шаштараз», «Тігінші» сияқты 50 мамандық бойынша қосымша білім алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Курстардың ұзақтығы 1-6 ай.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ