• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2018

Әміре Қашаубаевқа көше аты беріледі

440 рет
көрсетілді

Кешегі кеңестік кер заманда ті­лімізді, ділімізді тұншық­тырып, бар күш-қайратын қа­зақ­ты қан қақсатуға, басып-жан­шуға жұмсаған Ворошилов, Дзер­жинский, Орджоникидзе, Калинин, Куйбышев секілді қызыл көсемдер біртіндеп Өскемен көшелеріндегі «жылы орындарын» босата бастады. Осыдан біраз уақыт бұрын облыс орталығындағы үлкен көшелердің бірі Ворошилов биыл 160 жылдығы аталып өтіп жатқан ойшыл Шәкәрімге берілетінін газетімізде сүйіншілеп жазғанбыз. Республикалық ономастикалық комиссия оң батасын берсе, ол күнге де жетерміз. Айтайын де­геніміз басқа. 12 қараша күні Өс­ке­мен қалалық әкімдігінде қо­ғамдық тыңдау өтіп, шаһардағы 16 көшенің (төртеуіне жаңа атау беру) атауын өзгерту мәселесі қаралды. Ең әуелі атау­сыз 4 көшеге жаңа атау беру жайы қаралып, ол көшелерге ұлағатты ұстаз Жақия Шәйжүнісов, көрнекті ғалым Лев Гумилев, Армандастар және Мейірім атаулары ұсынылды.

Со­дан соң Октябрь көшесін қоғам қай­раткері, алаш ардақтысы Мұхамед­жан Тынышпаев, Крупская кө­шесін өнертанушы Евгений Бру­силовский, Революционная кө­шесін қазақтың классик жазушысы Қалихан Ысқақ, Совет­ская көшелерін саяхатшы, поляк революционері Адольф Яну­шкевич пен музыка зерттеушісі Александр Затаевич, Дзержинский көшесін биыл 130 жылдығы аталып жатқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаев, Киров көшесін орыс жазушысы Антон Чехов, Орджоникидзе көшесін тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұр­мағамбетов, Куйбышев көшесін Нарын, Ка­линин көшесін Шыңғыстау, Го­ловков көшесін Бейбітшілік, Із­ғұт­ты Айтықов көшесін Асар, Ок­тябрь аралындағы атаусыз саябақты Самал деп атау жө­ніндегі ұсыныстар талқыға түсті. Қа­лалық мәслихат депутаттарының басым көпшілігі бұл ұсыныстарға қолдау білдіріп, қолдарын көтерді. Бір-екі депутаттың қол көтермей, қалыс қалғанын да байқадық. Қоғамдық тыңдауда қаладағы қосарланған кө­шелерге де жаңа атау ұсынылды (Ізғұтты Айтықов пен Советская).

Жиында 2002 жылы атау бе­рілген Михаил Головков көшесі­нің атын өзгерту мәселесі де қа­рал­ды. Бұған ерекше тоқталып отырғанымыз, қоғамдық тыңдауда сөз сөйлеген қоғам қайраткері, «Ал­тай асуы» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков бұл кісі еліміз Тәуелсіздігін жа­рия­лаған жылдары Шығыс Қазақ­станның бір бөлігін Ресейге қо­сып беру туралы ұсыныс айтып, халықтың береке-бірлігіне селкеу түсіргенін, кейін Жоғарғы Кеңес депутаты болғанда қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруге қарсылық танытқанын жеткізіп: «Елдің арасына іріткі салған адамның атындағы көшеге Бейбітшілік атауының берілуін әділдіктің орнауы деп түсіну керек», – деді.

Қалалық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының орын­басары Майра Екібасова жүр­гізген жиында Әлібек Қаңтарбаев, Түсіпхан Түсіпбеков, Серік Құсан­баев, Борис Щербаков, Сай­лау­хан Аухадиев, Гүлбаршын Абыл­ғазина бастаған, Әділ Қаратай, Мұратхан Кенжеханұлы қостаған өскемен­дік зия­лы қауым өкілдері, ақса­қалдар, жастар өз пікірлерін айтып, белсенділік танытты. Енді бұл ұсыныстар республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберіледі. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН