• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2018

«Қара археологтер» қаптап жүр

1393 рет
көрсетілді

Қазақ­тың көне ұғымында «көмбе» дейтін ұғым бар. Көмбе деп көне дәуірлерге тән материалдық құндылығы зор көмулі жатқан жәдігерлерді айтады. Бұл ерте замандағы қару-жарақ, шаруашылық бұйымдары, бағалы заттар, металл ақша­лар болуы мүмкін. Осы дүниелерді заңсыз қазып алып, жеке мүддесі үшін пайдаланушыларды «қара археологтар» немесе «көмбе іздеушілер» деп атайды.

Соңғы кезде қоғам белсенділері мен кәсіби археологтар жоғарыдағы көмбе іздеушілердің көбейіп кеткені жайлы дабыл қағуда. – Заңсыз көмбе іздеу, археологиялық нысандарды тонау соңғы жылдары елімізде өршіп кетті. Мұның зарарын айтып жеткізу қиын. Қазақстан – ежелден Еуропа мен Азияны жалғап жатқан көпір іспетті, түрлі мәде­ниеттер тоғысында орналасқан мемлекет. Қадам басқан сайын ескерткіш оба мен ғұрыптық кешен, әр шақырымда қала қамалдарының қирандылары кездесіп жатады. Одан алынатын кез келген дерек өте маңызды. Жоғарыдағы заңсыз көмбешілер кесірінен аса құнды жәдігерлер тоналып, тіпті кейбірі шекара асып кетіп жатыр, − дейді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері, белгілі археолог Ғалымжан Қиясбек.

Археологтың бұл пікіріне біз де қосы­ла­­мыз. Өйткені қолдарына металіз­д­егіш (металлодетектор) ұстап, ала жаз­дай дала кезіп, монета-тиын жинап жүрген немесе ескі оба қалашық үйіндісін жер қыртысын қопарған дала доңызындай түртпектеп қазушыларды былайғы ауыл-аймақ адамдары күнде көріп жүр. 

Мысалы, күні кеше бізбен хабар­ласқан Ә.Марғұлан атындағы Архео­логия институтының жетекші ғылы­ми қызметкері, археолог Ералы Шардар­бекұлы өткен жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақсу ауылы аумағында орна­ласқан ортағасырлық Ақтөбе қала­шығын көмбе іздеушілер 1,4 метр тереңдікке дейін қазып, ескерт­кіш­тің мәдени қабатына айтарлықтай зиян келтіргені жайлы айтса, Шығыс Қазақ­стан облысы, Тарбағатай ауда­нындағы Еле­ке сазына (Алтын адам табылған) қаз­ба жұмыстарын жүргізген археолог Ға­лым­жан Қиясбекұлы, өңір­дегі көпте­ген ескі қорым бір-екі жыл­дың алдында тоналып кеткені жайлы айтады. 

Сол сияқты Семей қаласынан 100 шақырым қашықта түрлі ескерткіштер шоғырланған Көкентау елді мекеніндегі түрік дәуірінің обалары жақын арада көмбе іздеушілердің нысанасына іліксе, Іле алқабындағы атақты Қойлық қалашығының үйіндісін қопарушылар қазірдің өзінде өріп жүр. Тіпті ала жаздай Қарқара жайлауын тіміскілеп тапқан монета-тиындарын әлеуметтік желі арқылы ашық саудалаушыларға айтар сөзіміз жоқ. 

* * *

Осы орайда, жалпақ даламызды көк­тей шолып, көнеден қалған құнды дүние­лерімізді үптеп жүрген кімдер деген орынды сұрақ туады. Аталған мәселе бойынша ұзақ жыл үздіксіз шұғыл­данған және археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуден тәжірибесі мол мамандар­дың айтуына қарағанда, көмбе іздеушілер­дің көбі ресейлік азаматтар, одан қалды олардың отандық жалдамалылары. 

Бұлардың біздің елді бетке алуына негізгі себеп, «Ресейде заңсыз археоло­гиялық қазба жұмыстарын жүргізуге қатысты» заңның күшеюі дейді археолог-маман, елордадағы Ұлттық музей қасынан құрылған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының жетек­шісі Ақан Оңғарұлы. 

Оның сыртында айтпасқа болмайтын келесі бір дүние – екі ел арасындағы Кедендік одақ жеңілдіктері. Яғни, құнды дүниелеріміз ың-шыңсыз Ресей арқылы Еуропа нарығына жол тартуда. Ең өкініштісі, еліміздің кеденшілері арте­фактілердің маңызын һәм тарихи жәдігер ретіндегі құнын біле бер­мейді және заңдық тұрғыдан тыйым салын­бағандықтан шектеу қоюға құлықсыз. 

Осыған қарағанда қаншама құнды мұрамыз қайда кетіп жатқаны тек бір тәңірге аян. «Металдан жасалған кез келген бұйым ескерткіштің хронологиясын анықтауға септігін тигізіп қана қоймай, сол уақыттың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан үлкен мәлімет береді» дейді мамандар. Расында солай! Мысалы, Алматы­ның жасын ғалымдар қала аумағы­нан табылған бір түйір монета-теңге арқылы анықтаған жоқ па?! 

* * *

 – Көмбе іздеушілерді тұсаулаудың жалғыз жолы еліміздегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңды күшейту және арнайы берілетін лицензия мәселесін шектеу, − дейді археолог Ералы Ақымбек. Аталған заңда металл іздегіш туралы ешнәрсе қарастырылмаған. Әрине, ол уақытта қазіргі күнгідей металл іздегіштер жоқ болатын. Сондықтан заң күшейіп, көмбе іздеушілер әрекетін жазалау Қыл­мыс­тық кодексте ашық көрсетілсе тоқ­тау болары анық. Сондай-ақ металл ізде­гіш құралдар сатылымына да заңдық тұрғы­дан бақылау жасалып, құқықтық жауап­кершілік мәселелері қамтылғаны жөн. 

Лицензия мәселесіне тоқталар болсақ: оны беретін құзырлы орган – Мәдениет және спорт министрлігі. Бүгінде лицензиясы бар 100-ге тарта ЖК (ИП) және ЖШС (ТОО) жұмыс істеп тұр. Осыларды бақылайтын арнайы ұйым жоқ. Бұрын бұларға Ә.Марғұлан атындағы Археология институты бақылау жүргізіп, олардың ғылыми есеп­терін қабылдайтын. Қазір ол жоқ. Лицензиясы бар тұлға қандай нысанды қазып, не алып жатқаны еш жерде тіркелмейді. Осыдан кейін әрине, заңсыздыққа жол берілмей қайтеді. 

Үшіншіден, өңірдегі тарихи-мәдени нысандарға жергілікті инспекторлар салғырт қарайды. Олай дейтініміз, жергілікті инспекциялар өзінің әкімдігіне бағынады, министрлікке қарамайды. Сондықтан олар министрлікке өңірдегі жағдай туралы есеп беруге тиісті емес. Жапония секілді елдерде әрбір ескерткіш жергілікті инспекторлар тарапынан бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Әрқайсысының төлқұжаты бар. Тіпті ай сайын жоғары жаққа есеп беріледі. Осы тәжірибені біз неге қолданбасқа!

* * *

 Жоғарыда көмбе іздеушілердің қолында металіздегіш құралы барын айттық. Бар пәле осында. Бұл дегеніміз – металл бұйымдарды табуға көмек­тесетін электронды аспап. Көмбешілер осы құрал арқылы ескерткіштің төбесін сүзіп өтіп, дабыл (сигнал) берген тұсты металл бұйым шыққанға дейін қазып, өзіне қажетті затын суырып алады. 

Металіздегіш мәселесі бойынша біршама дерек жинаған археолог Ералы Ақымбектің пайымдауынша, электронды аспаптың арзандарының 40-50 см тереңдіктегі металл бұйымды анықтай алатын мүмкіндігі болса, бағалылары бір метрге дейінгі жер қойнауындағы металл затты дәл табады екен. 

Бұл арада айтпасқа болмайтын дүние – ауыл-аймақ тұрғындарының бей-жайлығы. Қолында металіздегіш құралы бар көмбешілер қыстау-жай­лауын тіміскілеп, биттей өріп жүрсе де оған мән бермейді. Қазақтың «жаман үйді қонағы билейді» дейтін аталы сөзі осы көмбешілерге қарата айтылса керек. 

Суреттерде: Қазақ даласын кезіп жүр­­ген көмбе іздегіштер (сурет Қарқара жайлауынан түсіріл­ген); Көмбеіздеу­шілердің тапқан бұйымдары

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»