• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2018

Ветеринария мұраты – адам саулығы

352 рет
көрсетілді

Астанада Халықаралық эпизоотиялық бюро (жануарлар денсаулығының дүниежүзілік ұйымы) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросы Орталық Азия, Орталық Кавказ елдері және Ресейдің қатысуымен суб-өңірлік кеңес өткізді. Оның жұмысына аталған елдердің ветеринария және денсаулық сақтау саласының мемлекеттік органдарының өкілдері мен осы салалар бойынша халықаралық сарапшылар қатысты.

Халықаралық эпизоотиялық бюроның Орталық Азия суб-өңірлік өкілдігінің басшысы Мереке Тайтубаев бұл кеңестің аталған аумақта бірінші рет өтіп отырғандығын мәлімдеді.

Кеңесте сөз алған сарапшылар қоршаған орта жағдайы мен ондағы жануарлар ауруының адам денсаулығына ықпалы зор екендігін айта келе, өңірде жиі кездесетін бруцеллез, эхинококкоз және құтыру секілді жануарлар ауруымен мал және адам дәрігерлерінің бірлесе күресуі қажет екендігін айтып өтті. Олардың келтірген мәліметтері бойынша, соңғы 30 жылда адамдарда кездесетін аурулардың 60 пайызының жұқпалы сипаты болса, соның 75 пайызы жануарлардан тараған. Яғни бұл жерде күш біріктіру қажет. Осыған орай халықаралық деңгейде «Бірыңғай денсаулық» атты тұжырымдама қабылданған болатын. Оның талаптарын жүзеге асыруға қатысу әр ел үшін маңызды.

Суб-өңірлік кеңестің ашылу шарасынан кейін жиын семинар түрінде жалғасты. Онда Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Ар­мения, Грузиядан келген өкілдер мен еліміздің мамандары әр елдегі эпидемиологиялық қада­ғалау жағдайының жолға қойылуы мен проблемалары туралы әңгімеледі. Мәселелердің шешімі халықаралық сарапшылармен бірге сарапқа салынды.

Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кең­сесінің басшысы Олег Честнов бру­целлез, эхинококкоз және құтыру секілді жануарлар ауруымен күрестің халықаралық маңызы және еліміздегі эпи­де­мио­логиялық қадағалау жағ­дайы жөнінде журналистерге әң­гімелеп берді. 

«Экономикалық тұрғыдан біз әлі дамыған елдердің дең­гейіне жеткен жоқпыз. Алайда, эпи­демиологиялық қадағалау деңгейі бойынша біз өте қуатты жүйені құра білдік. Эпидемиологиялық қадағалау – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі өткір мәселелердің бірі. Себебі жағдай эпидемия немесе пандемия сатысында болуы мүмкін. Шынтуайтында, құс тұмауы Қазақстанға кір­гі­зілмей тоқтатылды. Қазақстанда эпидемиологиялық қадағалау бо­йынша ең үздік мамандар жұмыс істейді. Олар Қазақстанның лабороториясын жақсы қолдана білді, деді ол. 

О.Честновтың айтуынша, дә­рі­герлер мен ветеринарлар адам­дар мен жануарлардың өмі­ріне бірдей қауіпті жұқпа­лар­мен жеке күреспей, күш бірік­тіруі керек. «Қазақстанда ауылша­руашылығы экономиканың бас­ты салаларының бірі. Елі­міз мал­шаруашылығын дамы­ту ісі­мен белсенді түрде шұғыл­да­нуда. Осыған орай ветери­нарлық қызметті халықаралық та­лап­тар деңгейінде ұйымдас­ты­руға да үлкен күш жұмсалуда. Адам денсаулығын қорғау ба­ғытында бұл істің маңызы зор. Сон­дықтан мұндағы денсаулық сақ­тау қызметі ветеринария дәрі­герлерімен бірге халықты қор­ғай алатындай дәрежеде жұ­мыс істеуі тиіс. Осы мәселеде соң­ғы жылдары жақсы нәтижелер бар», деді О.Честнов.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»