Жамбыл облысы Сарысу ауданында туған халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармалары, осы өңірде көп орындалатын халық әндері мен есімі елге таныс әнші, күйшілердің шығармалары сегіз дискіге топтастырылып, өнерсүйер қауымның игілігіне ұсынылып отыр.
Бесігін ән тербеген Қаратау – саусағынан саз төгілген дәулескер күйшілердің де мекені. Қарт Қаратаудың қойнауы Қорқыттан қалған сарынды жаңғыртып, Ықыластай ұлы күйшімен халқының құлағын классикалық қобыз күйлеріне қандырған жер. Сондықтан І дискі дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының күйлеріне арналып, радиохабарлар берілді.
Қара домбырасымен ел тарихын шежіредей сарнатқан Сүгір күйлерінен бастау алып, дәстүрдің жалғасы іспетті күйлердің таңдаулы нұсқалары сарысулық күйшілердің орындауларында «Сарысу күйшілері» деген атаумен IІ дискіге енді. Және мұнда сарысулық күйшілердің шығармашылық портретін ашатын радиохабарлар да берілді.
Сарысудан шыққан композиторлар мен әншілер есімі бұл күнде алты алашқа мәлім. Осы орайда, осы өңірден шыққан, қазақ өнерінде қайталанбас қолтаңба қалдырған композиторлар Илья Жақанов пен Тынышбай Рахым әндері III, IV дискілерге топтастырылып, біртуар әншілер: Амангелді Сембин мен Сәуле Жанпейісованың орындауындағы шығармалар V-VI дискілерге жинақталған. Ал «Сарысу композиторлары мен әншілері» атты VІІ-VІІІ дискілерге аталған өңірдің талантты өнерпаздарының шығармалары енгізілді.
Сегіз дискіден тұратын СД жинақ – асыл қазынамызға жанашырлық танытып, жарыққа шығаруға демеушілік жасаған белгілі меценат, кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев. Жоба кеңесшісі – жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Илья Жақанов. Жоба продюсері, идея авторы Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Болатбек Төлепберген.
«Егемен-ақпарат»