• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2018

Кәсіп­кер­лерді заңсыз тексеру азайды - Бас прокурор

522 рет
көрсетілді

Кеше елордада Бас прокуратура мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы» атты форум өткізді.

Осымен үшінші рет өткізіліп отыр­ған форумға Парламент депутаттары, Пре­зидент Әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық мемлекеттік органдардың, бизнес-қауым­дастығының өкілдері қатысты. Іс-шара­ның беташарында Бас прокурор Қайрат Қо­жамжаров Мемлекет басшысының бизнесті заңсыз әкімшілік қысым мен қылмыстық қудалаудан қорғау жөніндегі тапсырмаларына орай қабылданып жатқан шаралар барысына тоқталды. Қ.Қожамжаров прокуратура тарапынан «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып негізгі бағыттар бойынша 200-ге жуық шара орындалғанын атап өтті. 

Бас прокурордың айтуынша, кәсіп­кер­лерді заңсыз тексеру соңғы бірнеше жыл ішінде бір жарым есеге азайған. 2015 жылы тексерулер саны 1270-ке, 2016 жылы – 993-ке, 2017 жылы – 979-ға, биыл 10 айда 747-ге төмендепті. 

Бизнеске заңсыз араласқысы келетіндердің жолын кесу үшін прокуратура органдары тексерудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесін іске қосқан. Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай реестрі деп аталатын жүйе бақылау субъектісін адамдардың қатысуынсыз, дербес анықтайды екен. 

– Қудалауды азайту, кәсіпкерлерді қыл­мыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеу мақсатында экономикалық қылмыстарды ізгілендірудің екі кезеңі жүргізілді. 23-бап бойынша қылмыстық жазалардың көлемі азайтылып, оған балама түрлер енгізілді, – дейді Бас прокурор. 

Бизнес субъектілерін сотқа дейін қа­мау­ға алуға тыйым салу, келтірілген залалды өтеген жағдайда кәсіпкерлерді қыл­мыс­тық жауапкершіліктен босату сынды жол­дардың қарастырылғаны жақсы нәтиже бергені байқалды. Бұл өзгерістің арқасында экономикалық қылмыстарға қатысты тергеу-тексеру істерінің ауқымы 5 есеге азайғаны соны көрсетеді. 

«Атамекен» ҰКП Төралқасының төр­ағасы Тимур Құлыбаев атап өткендей, Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен  заңды мүдделерін қорғауға  ерекше басымдық береді. Бас прокуратурамен бірлесе отырып, соңғы жылдары еліміз бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсету жүйесін қолға алғаны осының белгісі. 

«Атамекен» ҰКП Төралқасы төрағасының айтуынша, үш жыл бұрын кәсіпкерлердің үстінен 9 мыңға тарта қылмыстық іс қозғалса, бұл көрсеткіш 2017 жылы 1800-ден сәл асқан. Яғни көрсеткіш 5 есеге дейін азайды деген сөз. Бұл 20 мыңнан астам кәсіпкердің өз ісін одан әрі жалғастыруына, жұмыс орын­дарының сақталуына жол ашты. Сол ар­қылы ел экономикасының дамуына оң ықпал жасалды деуге негіз бар. 

Т.Құлыбаев атап өткендей, қазіргі таңда ба­қылаушы органдар кәсіпорындарды жазаламас бұрын, алдымен оларға жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ескерту жасайды. Бизнесмендер жіберілген кемшілікті жоймаған жағдайда ғана жауапқа тартылады. 

– Әкімшілік заңнамаларды қайта қарау­ға келер болсақ, бизнеске қатысты баптар­дың 80 пайызына өзгерістер енгізілді, айып­пұл­дардың көлемі 30 пайызға төмендеді, салынған айыппұлды 50 пайыздық жеңілдік­пен төлеуге болады, 50-бапқа ескерту жасау туралы өзгеріс енгізілді, – деп атап өтті ол. 

Т.Құлыбаев форум барысында мем­ле­кеттік бақылау жүйесінің сапасына тоқталып өтті. 

– Бақылау заң бұзушыларға бағытталуға, ал адал бизнесті негізсіз тексерістерден босатуы тиіс, осындай тексеру жүйесін құру керек. Алты салада жүргізілген талдау нәтижесі кемшіліктердің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, бірде-бір мем­лекеттік орган тәуекелдерді басқару жүйе­сін толықтай қайта қарауға, дұрыс инди­ка­торлар енгізуге тырыспайды. Осыған байланысты «Атамекен» барлық мемлекет­тік органдардың деректер базасымен бі­рік­­­тірілген ортақ бизнес-реестр құруды ұсы­нады, – деді ол. 

Форум қорытындысы бойынша жаңа Жол картасы бекітілді. Онда бәсекелестікті және мемлекеттік-жекешелік әріптестігін одан әрі дамытуға қатысты кешенді іс-шаралар, сондай-ақ экология, еңбек, жер, ветеринария салаларындағы құзырлы органдардың тексеріс талаптарын қайта қарастыру қам­ты­лады деп күтілуде. 

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»