Биылғы жыл – Олимпиада жылы. Бұл төрт жылда бір келетін жарыстардың төресі Ұлыбританияның Лондон қаласы мен оның маңындағы бірнеше қалада өтетіні белгілі.Лондон қазіргі кезде Британия Корольдігінің астанасы ғана емес, ол соңғы рейтинг бойынша әлемдегі Нью-Йорктен кейінгі екінші қала болып саналады. Бұл рейтингті өткен жылы Knight Frank компаниясы қалыптасқан дәстүр бойынша 2011 жылдың ең жақсы, үздік 40 қаланың тізімін жасағанда Лондонды саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы, білім мен ғылым және мәдени маңыздылығы бойынша әлемдегі екінші қала деп таныған.
Ол туралы не білеміз?
Биылғы жыл – Олимпиада жылы. Бұл төрт жылда бір келетін жарыстардың төресі Ұлыбританияның Лондон қаласы мен оның маңындағы бірнеше қалада өтетіні белгілі.Лондон қазіргі кезде Британия Корольдігінің астанасы ғана емес, ол соңғы рейтинг бойынша әлемдегі Нью-Йорктен кейінгі екінші қала болып саналады. Бұл рейтингті өткен жылы Knight Frank компаниясы қалыптасқан дәстүр бойынша 2011 жылдың ең жақсы, үздік 40 қаланың тізімін жасағанда Лондонды саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы, білім мен ғылым және мәдени маңыздылығы бойынша әлемдегі екінші қала деп таныған. Міне, осындай дүние жүзіндегі ең ықпалды екінші қалада биылғы жазда Олимпия ойындарының жалауы көтеріледі. Бүгінде Лондон осынау дүбірлі додаға дайындықты аяқтап қалды.Жалпы, Лондон туралы көп нәрсе айтуға болады. Алдымен не дейміз? Биг-Бен. Бұл – Лондондағы биік сағат мұнарасы. Ол 1858 жылы тұрғызылса, келесі жылы іске қосылған. Осы алып сағат мұнарасы атауының екі себебі бар екен. Біріншісі – Биг-Бен деп қоңырауды жасау жұмыстарын басқарған сэр Бенджамин Холлдың атына байланысты болса, екіншісі – сол кездегі ауыр салмақтағы атақты боксшы Бенджамин Каунттың есіміне берілген деседі. Өйткені, Биг-Бен сол жылдардағы ең ауыр қоңырау екен.Сонымен бірге, онда қара түсті таксилер, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан Король әулеті және Лондонды өзге қалалардан ерекшелендіріп тұратын басқа да нәрселер көп. Осылардың бәрі тек Ұлыбританияға ғана қатысты айтылады.Лондон туралы айтатын тағы бір нәрсе, ол – осымен үшінші рет жазғы Олимпиаданы қабылдап отырған елдің астанасы. Сонымен бірге, Лондон әлемдегі ең алғашқы метро желісі қосылған қала болып табылады. 1963 жылы әлемдегі ең алғашқы метрополитен осы Лондон қаласында ашылған. Оны Metropolitan Railway компаниясы салған. Сол кездегі метро жолы 3-6 км. құраған. Ал келесі жылы Лондонда алғашқы интернационал құрылды. Оны француздар мен ағылшын жұмысшылары құрды. Сондай-ақ, Лондонда 1946 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының алғашқы сессиясы ашылған. Міне, тарих шежіресінде Ұлыбритания астанасы туралы көптеген қызықты мәліметтер кездеседі.Осы арада тағы бір жәйтті айтуға болады. Қазір Лондон туралы өз елдерінен табандарын жалтыратқан, арам жолмен ақша тапқан олигархтардың астанасы деген де түсінік қалыптасуда. Лондон қаласының саяси ықпалы, экономикалық белсенділігі, өмір сүру сапасы деген критерийлер бойынша рейтингте екінші орын алғаны да жайдан жай болмаса керек, оның да осы жағдайлармен байланысы болуы мүмкін деген ой келеді. Лондонның қазіргі жағдайына жасаған қысқаша шолуымыз осы.Ал енді оның тарихына келсек, Лондонның шежіресі әріден басталады. Ресми деректерге қарағанда, оның тарихы осыдан 2000 жылдай бұрын басталған. Дегенмен, тағы бір деректерде ол аймақты мекен етушілер 5 мың жыл бұрын орманды жерлерде өмір сүрген делінеді. Содан кейін Рим империясы кезінде Лондон орналасқан жерге халықтар қоныс аударады. Олар келген жеріне үйлер салып, оны кент (kent) деп атаған көрінеді. Сол кезде олар Темза өзенінің бойында саудамен және басқа да теңізге қатысты шаруашылықтармен айналысады. Римдіктер үшін Темза өзенінің бойындағы қозғалыстарды бақылап отырудың маңызы зор болған соң, олар біздің жыл санауымыздың 50-жылында империяның ықпалымен өзеннің солтүстік жағалауында, қазіргі Лондон қаласының орнында Лондиниюм деген қалашық салады. Римдіктер қалашықтың дамуына көп еңбек етеді. Бұл жерде олардың билігі 410 жылға дейін жалғасқан. Содан Рим империясы ыдырағаннан кейін ағылшындардың (англо-саксондықтар) кесірінен қала біраз қирауға ұшырайды. Қала ІХ ғасырда қайта дами бастайды. Сол кезде Лондонның негізі қайта қаланады. Римдіктер кезінде Лондон халқының саны 12 000-20 000 адамды құрады.V ғасырдың соңында англо-саксондықтар Лондиниюм қалашығының батыс бөлігіне көшіп келеді. Олар Ландениук қалашығында үйлерді негізінен ағаштан салады.842 жылы даниялық викингтердің шабуылынан қалашық тоналады. 9 жылдан кейін олар тағы қалашыққа келіп, оның біраз бөлігін өртеп жібереді. Сол кезден бастап король Ұлы Альфред даниялықтарға қарсы көтеріліс бастап, 878 жылы викингтерді жеңеді. Король әскері даниялықтарды жеңгенімен, ел екіге бөлінеді. Яғни, викингтер Лондонмен қоса, Шығыс Англияға, ал Альфредтің жасағы Оңтүстік пен Батыс Англияға иелік етеді. Екі жақ елді екіге бөліп алған соң, арада бейбітшілік келісім-шарты жасалады. Бұл келісім ұзаққа бармай, король мен викингтердің арасындағы Лондон үшін тайталас тағы 200 жылға созылады. Мысалы, 886 жылы Альфредтің әскері Лондонды басып алса, 1016 жылы викингтер қалаға шабуыл жасап, оны өздеріне қайтарғысы келеді. Бірақ олардың бұл әрекетінен ештеңе шықпай, шабуылдары сәтсіз аяқталады. 1016-1042 жылдары саксондықтар мен викингтер Англияны бірігіп басқарады. 1042 жылы Эдуард таққа отырып, екі жақтың королі атанады.Х-ХVI ғасыр аралығында Лондонда 80 мың халық тұрады. Сол кездегі Лондонның ең көрікті жерлерінің бірі саналатын көпірдің құрылысы 1172 жылы тастан қайта салынады. Оған дейін ол ағаштан жасалған болатын. Осы көпір 19 қақпадан салынып, оның құрылысы 33 жылға созылыпты.Дастан КЕНЖАЛИН.
_________________
АРҒЫ ЖАҚТАН БІР ЖАҢАЛЫҚ
Ұлыбритания парламентінің депутаты Денис Макшейн үкіметке Ресей Федерациясында адам құқықтарын жақсартуда тиісті шаралар қабылданбаса, осы елдің Премьер-министрі Владимир Путиннің Олимпиаданың құрметті қонағы болуына қарсылық білдіретінін мәлімдеді.Оның айтуынша, мұндай оқиғалар тарихта жиі болып тұрған және одан ешқандай саясатты іздестірудің қажеті жоқ. Мәселен, 1980 жылы Ұлыбританияның сол кездегі үкімет басшысы Маргарет Тэтчер Кеңес одағының Ауғанстанға әскер кіргізуіне байланысты Мәскеу Олимпиадасына бойкот жариялағаны белгілі. «Сондықтан қазіргі Премьер Дэвид Кэмерон да Тэтчерден үлгі алып, адам құқы сақталмайтын елдердің жетекшілеріне жүргізіп жатқан саясатына қарсылық ретінде осындай әрекет жасаса болар еді», – дейді ол.Д.Макшейн – лейбористер партиясының атынан сайланған депутат. Ол бұрын Еуропа істері жөніндегі министр болған.***Ұлыбритания үкіметі Лондон Олимпиадасының ашылуы мен жабылу салтанатына және Параолимпиялық ойындарды өткізуге бюджеттен бөлінген қаржыны екі есеге көбейту туралы шешім қабылдады.Бастапқыда Олимпиаданың ашылу және жабылу рәсіміне 40 млн. фунт стерлинг бөлінген болса, қазір ол сома мемлекеттік олимпиялық қордың есебінен 81 млн. фунт стерлингке жетіп отыр (126 млн. АҚШ доллары). Сондай-ақ, үкімет ойындардың өтуіне және спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген қаржыны 271 млн. фунт стерлингтен 553 млн. фунт стерлингке көбейтті.
ТҰМАНДЫ АЛЬБИОНБұл атау қайдан шыққан?
Күнделікті өмірде біз Англияға қатысты бір оқиғалар болса, «Тұманды Альбион» деген сөз тіркесін жиі естіп, өзіміздің де оны жиі қолданатынымыз бар. Сонда бұл атау қайдан шыққан, ол неге Англияға қатысты айтылады дегенге келсек, Альбион деген сөздің өзі Ұлыбританияның құрамына кірген аралдардың көне атауын білдіреді. Ұлыбритания аралдарына Ирландия Республикасының аумағы да кіреді. Дегенмен, уақыт өткен сайын сөздің мәні мен мағынасы тарылып, «Тұманды Альбион» деген тіркес тек Англиямен ғана шектеліп қалады. Қазірде ол Англияның балама атауы ретінде қолданылады.Кейбір деректерде Альбион сөзінің көне грек заманында пайда болғаны айтылады. Сол кезде грек жазбаларында кездескенімен, Альбион сөзінің түп-тамыры шотландықтардың (кельт тіліне жатады) тілінде жатыр. Шотланд тілінде «Аlba» сөзі «Шотландия» деген мағынаны береді. Жалпы, «Альбион» сөзі көне замандарда бірнеше тілдерде қолданылған. Қазақ тілінде ол «ақ» және «жер» (әлем) деген мағына береді екен. Ежелгі римдіктер ағылшындардың жерін Англияның оңтүстіктегі теңізбен шекаралас жағалауында орналасқан ақ түсті Дувр жартастарына байланысты «Альбион» деп атаған көрінеді. Бұл жердегі «Аlba» сөзі латын тілінде «Ақ» (Аlbus) деген ұғымды білдіреді.Ал «Тұманды» деген сөзге келсек, оның өзі айтып тұрғандай, бұл атау Англияның Еуропадағы ең ылғалды, жауын-шашыны көп, тұманды ел екенін айғақтайды.