Бүгінде кәсіптің қай түріне болса да мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар.Өнімді экспортқа шығаруда да мемлекеттің тигізер пайдасы көп. Елбасы биылғы Жолдауында экономиканы дамыту, экспортты ұлғайту арқылы табыс көзін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға болатынын айтты. Тек ерінбейтін еңбек, жалықпайтын іскерлік болса болғаны.
Біраз жылдан бері Жамбыл облысының Меркі ауданында Бахадир Әдізбаев бөдене шаруашылығымен айналысып келеді. Қазір шаруаның тірлігі тіктеліп, жұмысы нәтижелі болып отыр. Көп жағдайда кейбір шаруалар бөденені аулада асыраумен ғана шектеледі. Алғашқыда Әдізбаевтар отбасы да бөдене жұмыртқаларын емдік қасиеті үшін ғана аз мөлшерде пайдаланыпты. Жалпы, бөдене жұмыртқалары балалардың денсаулығына пайдалы болғандықтан, шаруа бөдене өнімдерін күнделікті балалар тағамына қосуды әдетке айналдырады. Кейіннен 30 бөдене сатып алады. Ақыры тәуекелге бел буып, шағын кәсіппен айналыса бастайды. Содан бері төрт жыл уақыт өтіп, Бахадир өңірдегі табысты кәсіпкердің біріне айналды.
– 2014 жылы 30 бас бөдене сатып алдық. Уақыт өткен сайын оның еті мен жұмыртқасына сұраныстың артқанын байқаған соң 50 бөденеге дейін жеткіздік. Бөдене жұмыртқаларында бірегей, толыққанды ақуыз өнімі әлдеқайда көп. Ақуыздан басқа майлар мен көмірсулар, сондай-ақ адам ағзасы үшін ең пайдалы В1, В2, В5, В6, В12, Е, А, D дәрумендері және никотин қышқылы бар. Сондықтан да пайдалы жұмыспен айналысу керек деген ниетпен осы кәсіпті бастадым, – дейді шаруаның өзі.
Мамандардың айтуынша, бөдене жұмыртқасының құрамында темір, фосфор, калий бірнеше есе көп болады. Сонымен қатар мұнда кальций, магний, мырыш, кобальт, марганец, мыс, сондай-ақ алмастырылмайтын амин қышқылдары метионин, лизин, глицин, тирозин, триптофан сияқты пайдалы дәрумендер бар. Бұл қуықасты безінің, жүректің, бауырдың, бүйректің, асқазанның, ұйқы безінің және басқа да өмірлік маңызы бар аурулардың алдын алады. Қазіргі кезде көптеген дәмханалар мен мейрамханаларда да келушілерге түрлі тағамдармен бірге бөдене жұмыртқасы ұсынылады. Тіпті бұл ас түрін арнайы тапсырыс беріп жейтіндер де жиі кездеседі. Ал қалалық жерлердегі үлкен маркеттер мен шағын дүкендерге бас сұға қалған жағдайда да бөдене жұмыртқасы алдымыздан шығады. Және бөдене жұмыртқалары балалар тағамында да тиімді пайдаланылады. Шаруашылық әуелі «Несушка» инкубаторын сатып алып, оның көмегі арқылы инкубациялық әдіспен жұмыртқаның шығарылуын 70 пайызға жеткізіпті. Бүгінгі таңда шаруашылықтың қуаттылығы 1100 бас бөдене ұстауға дейін жетеді. Сонымен қатар, кәсіпкер өзі асырап отырған бөденелерден ай сайын 27 000 жұмыртқа және 20 килограмм ет алады. Бөдене жұмыртқалары мен етіне сұраныстың артуына байланысты шаруа 10 000 бас құс сыятын ферманың құрылысын бастапты. Жобаның құны 20 миллион теңгені құрайды. Аталған ферманы ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл ферма жоспар бойынша жартылай автоматтандырылып, 10 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылатын болады.
Жамбыл облысын ет, сүт, жұмыртқа секілді өнімдермен қамтамасыз етіп отырған шаруашылықтар баршылық. Олар өнімдерін экспортқа шығару мәселесінде де айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Бахадир өсіретін бөдене құсы өнімінің 80 пайызын Жамбыл облысы тұтынса, қалған 20 пайызы шет мемлекеттерге экспортталады. Биылғы жылдан бастап бөдене өнімдеріне көрші Қырғызстаннан да сұраныс түсіпті. Енді айыр қалпақты ағайынның еліне ай сайын 5000 дана жұмыртқа экспортқа шығарылатын болады. Мұның бәрі де отандық өнімнің жоғары сапасын көрсетіп қана қоймай, еліміздегі кәсіпкерлікке деген кең өрісті айғақтайды.
Әр кәсіптің өзіндік қиындығы бар. Алайда нәтижеге қол жеткізу мақсатында кәсіпкердің еңбекқорлығымен қатар, табандылығы да керек. Бахадир Әдізбаев бөдененің жұмыртқасы мен етін нарыққа шығару мақсатында 30-дан астам сауда нүктелерімен келісімшарт жасап қойыпты. «Нарыққа жаңа қадам басқан шаруашылықтың өңірде кеңінен танылуына және өнімге деген сұраныстың артуына «Қазақстанның үздік тауары-2018» көрме-байқауы ықпал еткенін айтар едім. Мемлекетіміздің осындай орасан қолдауының арқасында кәсібім дөңгеленіп келеді. Сондай-ақ, өнімнің сапасы мен бағасы және табиғи ерекшелігі де көптің көңілінен шықты деуге болады. Осы мақсатта жұмысты әрі қарай жалғастырып, тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етуді жалғастыра береміз», дейді кәсіпкер. Сонымен қатар, келешекте құстарын көбейтіп, сол арқылы экспортты арттыру да жоспарда бар екен.
Бөдене бағудың бейнеті көп болғанмен, қазір кәсіптің сұранысқа ие түрінің бірі осы болып тұр. Бахадир Әдізбаев тынымсыз бейнеттің зейнеті де болатынын айтады. Нәсібін кәсібінен тауып отырған шаруаның алдында әлі талай мақсат пен талай жоспар бар. Тек мақсат пен мұратқа еңбек қана жеткізетінін түйсінген ол сапалы өнім арқылы отандық кәсіпті одан әрі дамытқысы келеді. Сонда ғана істің берекесі артып, кәсіпкерлік кең өріс ала түспек.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы