• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Театр 19 Қараша, 2018

Комедияға көрермен көп келеді

768 рет
көрсетілді

Сансыз баптардың мекені атанған Сайрамдағы драма театрды Шым­кенттегі немесе Астана мен Алматыдағы өнер ордаларымен салыс­тырғымыз жоқ. Алайда театрдың көрермендері аз екені жиі айтылатын қазіргі таңда біз кері жағдайға куә болдық. Сайрамдағы облыстық өзбек дра­ма театрының 400-ден астам орынға арналған зал көрерменге толы болды.

 
«Ана жүрегі» немесе өнерде жоқ шекара

Иә, біз «Дарын» сыйлығының лауреаты, актер, сазгер, әнші, Қазақстан Республикасы авторлар қоғамының бас директоры Байғали Есенәлиевтің «Ана жүрегі» драмасын сахналаған Түркістан облыстық өзбек драма театрындағы жайтты айтып отырмыз. Қазақ тілінде жазылған, ұлты ұйғыр ананың тағдыры бейнеленген шығарма өзбек ағайындардың сахналауында көпшіліктің қызыға тамашалауы өнерде шекара жоқ екендігін тағы бір дәлелдеді. Пьесаның бас­ты кейіпкері Бихан ананың ұлты ұйғыр, Қытайдың Қарамайлы деген жерінде өмір сүрген. Тағдырдың тауқыметімен туған шаранасынан айрылып қалған ана 54 жыл бойы онымен кездесуді армандайды. Алла тағалаға жалбарынып, сәбиін бір көру арманы екенін айтады. Ол арманы орындалады да, Бихан ана ұзақ жылдар өте ұлымен көріскен соң 2-3 ай ғана өмір сүрген. Тек талантты және шынайы өнер ғана кез келген көрерменді баурап алатыны мәлім. «Ана жүрегін» тамашалауға келген көрермен атаулының көзіне жас алып, анамен бірге мұңға батып, бірге қуанып отыруы шығарманың сәтті сахналанғанын білдірсе керек. Көрермен демекші, басты кейіпкердің бірі өзі туралы жазылған қойылымды алыстан ат арытып келіп тамашалады.

– Қойылымның жазылуына Аят Ақтеміров екеуміздің кездесуіміз себепкер болды. Шығыстағы Аягөзге жұмыс барысымен барғанымда Аяттың көлігімен 12 сағаттық жол жүрдік. Алыс жолда айтып берген әңгімесі шығармаға өзек болды. Өмірде қалай болды, солай жаздым. Әрине әдеби көркемдеу бар, бірақ оған тым бой алдырмай өмірдегі бояуы­мен алып шығуға тырыстым. Бас режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, – дейді автор Байғали Есенәлиев. 

 «Тәуел­сіздік толғауы» жаңа пьесалар бай­қауында екінші орын алған Байғали Есенәлиевтің «Ана жүрегі» шығар­масын сахналауға өзбек драма театры­ның басшылығы хабарласып, ниет біл­дірген. Театры дамыған елдерде көрермен авторға, режиссерге және актерге баратыны мәлім. Бұл орай­да түркістандық көрермендер ара­сында оқиғаның шымырлығын, өзектілігін және шынайылығын, ре­жиссердің суреткерлік шеберлігінің мықтылығын, актерлік ойынның маңыздылығын айтушылар аз болған жоқ.

2003 жылдың 14 наурызында Шым­кентке іргелес Сайрам елді меке­нінде шаңырақ көтерген облыстық өзбек драма театрының ашылуы өңір тарихында елеулі оқиға болды. Театрдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаевтың қатысып, қол­дау көрсетуі өзбек халқының мәде­ниеті мен өнерінің дамуына атсалысып жүрген жас театр ұжымына шығармашылық шабыт берді, ертеңге деген сенімін нығайтты. Жылдар өте тәжірибе жинақтаған өнер ұжымы бүгінде көрермен сұранысына сай қойылымдарды сахналап келеді. Осынау жылдары театр сахнасында 80-нен астам қойылым сахналанған. Басым бөлігі комедия және драма жанрындағы қойылымдар. Театр ұжымы алғашында қазақ және өзбек драматургтерінің шығармаларын сахналаса, бүгінде репертуар аясын кеңейтіп, қырғыз, қарақалпақ, чех, неміс және басқа да елдердің отансүйгіштікке тәрбиелейтін, отбасы құндылықтарын, ұлтаралық татулықты сақтауға үндейтін қойы­лымдарын сомдап, шетелдерге және еліміздің өзге өңірлерінде гас­трольдік іссапарлармен өнер көр­сетуде. Мысалы, өткен жылы театр ұжы­мы Өзбекстан Республикасында Ә.Темірдің 680 жылдығына ар­нал­ған салтанатты іс-шараға қа­тысып, Ташкент қаласындағы Өз­бек мемлекеттік драма театрында Ә.Оразбековтың «Бір түп алма аға­шы» драмасын көрермен назарына ұсынды. Шымкент қаласында өт­кен Ж.Шаниннің 125 жылдығы аясында Түркі әлемі театрларының халық­аралық фестиваліне Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» аңызымен қатысты. Шеберлігін, білімін арттыру үшін актерлері Татарстан, Өзбекстан елдеріндегі театрлармен тәжірибе алмасып жүр. Сондай-ақ Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясының профессоры Рахилям Ма­шурованы шақырып, әртістер кәсіби біліктілікті арттыру бойынша сабақ алған. Қазіргі таңда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің режиссура, актер мамандығы бойынша білім алған жас мамандарды қатарларына қосуда. Театр ашылған сәттен бас­тап режиссер Х.Құлабдуллаев мін­сіз қызмет көрсетті. Алайда театр­­ аудиториясының кеңеюіне бай­­­­­­­ла­нысты Ташкент қаласынан А.Хо­жақулиев, М.Мансуров, М.Аб­дул­лаева, Қ.Садуллаев, А.Салимов, Т.М.Исроилов, А.Гамиров, С.Мелиев және Жетісай мен Шым­­кент қала­ларынан Ғ.Арынов, А.Алтын­беков, А.Құлданов сынды арнайы шақыр­тылған мамандар театр қызметін жақсарта түскен. 

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев­тың 2018-2019 жылдарды Өзбек­стан­ның Қазақстандағы және Қазақ­станның Өзбекстандағы жылы деп жариялауы екі ел арасындағы мә­дени ынтымақтастықты жандандыра түскені мәлім. Яғни екі ел ара­сындағы мәдени байланысқа да тың серпіліс әкелді. «Биыл облыс әкімі Ж.Түймебаевтың қолдауымен Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Өзбекстандағы қазақ мә­дени орталығымен тығыз байланыста жұмыс атқарып, ұлтаралық татулықты нығайту мақсатындағы «Біз бір халықпыз» атты ғылыми-практикалық конференция және басқа іс-шараларды өткіздік. Өзбекстанның театрларымен тығыз байланыстамыз. Көрші елге жылына екі рет гастрольдік сапармен барамыз. Қырғызстан, Тә­жікстан театрларымен де байланыс­тамыз. Өңіріміздің барлық аудан-қалаларын жылда аралаймыз. Он бес жылдық еңбегіміздің нәтижесі ретінде республикалық театр мәртебесін алғымыз келеді және бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде», дейді облыстық өзбек драма театрының директоры, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов.

Өзбек ағайындар көңілді жүргенді ұнатады, яғни, комедияға жақын халық. Осы себепті де көрермен ко­ме­дия жанрындағы қойылымға көп келеді екен. Көрерменнің сұ­ра­нысы театр ұжымы үшін аса ма­ңызды. Бұл ретте театр директоры қарақалпақ драматургы Сайлаубай Жұмағұловтың «Жасанды науқас» спектакліне келушілердің залға сыймай, сыртта тұрғандары көп болғанын айтады. Дегенмен, театр комедиямен шектелмек емес. Классика, драма, трагедия сынды жанрлардың да өз көрермендері барын ескеруде. «Репертуарда келушілердің көңілінен шыққаны сонша, өзін­дік көрермендері қалыптасқан қо­йылымдар жетерлік. Мәселен, Ш.Башбековтің «Темір қатын», А.Жамалдың «Опасыз ақ­ша­лар», Ю.О.Нилдың «Талдар көлең­кесінде», С.Ахмадтың «Келіндер көт­ерілісі», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ғ.Шермухаммадтың «Жана­задағы той», Ш.Айтматовтың «Шыңғыс­хан­ның ақ бұлты», С.Жұмағұловтың «Күйеуіңді бере тұр», Софокльдің «Эдип патша», Сәбит Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» көпшіліктің көңілінен шыққан қойылымдар», дейді И.Хашимжанов. 

Жетістіктермен қатар шешімін күт­кен өзекті мәселелер де баршылық. «Актерлердің киінуі мен грим жа­сауға арналған бөлмелері аядай ғана. Қойылым барысында тар бөлмеде киім ауыстыру өте қиын. Біздің ғи­мараттың 300 шаршы метрін Шым­кент қалалық №6 Халыққа қызмет көрсету орталығы иемденіп отыр. Біз оларды шығара алмаудамыз. Бұл бойынша тиісті құзырлы органдарға хат та жаздық. Әзірге нәтижесіз. Сондай-ақ ғимарат әу баста театр бағытында емес, мәдениет үйі негізінде салынған. Сол себепті талапқа сай келмейтін тұстары баршылық. Бұл мәселеден облыс әкімі де, қала әкімі де хабардар. Оң шешімін табады деген үміттеміз», дейді театр директоры Икрам Ха­шимжанов.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы