Осыдан екі ай бұрын Сенат депутаты Владимир Волков Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, елдегі ұрлықты тыюға қатысты қосымша шаралар жасау керектігін айтқан.
Ұрлықтан зардап шеккен жандар көбейіп, наразылықтар артып барады. Соның ішінде пәтерлерді тонау, қалтаға түсу, автомобильдерді айдап кету немесе бөлшектер ұрлау, қалтафондарды қағып кету сияқты ұрлықтар көбейіп бара жатыр. Қазір барлық қылмыстың 70 пайыздан артығы ұрлықтың үлесінде. Азаматтарға да, мемлекетке де зиян келтіріп жатқан осы қылмыс түріне қарсы құқық қорғау органдарының жұмысы мардымсыз болып отыр. Мәселен, былтырғы жылдың 8 айындағы ұрлық 119785 болса, биылғы жылдың сәйкес мерзімінде ол 202076-ға жетті. Соның ішінде үй тонау қылмыстары 20 пайыздан асқан. Мал ұрлығы 3468-ге жеткен. Сенатор басқа да ұрлық түрлерінің өршіп отырғанын тілге тиек ете келіп, Премьер-Министрге жоғарыда аталған сауалын жолдаған еді. Оны В.Волковтың бірнеше әріптестері де қолдап, қолдарын қойған. Жуырда сол сауалға жауап келді.
Онда Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді жоспарды және басқа да құқықтық құжаттарды іске асыру шеңберінде бөтен адамдардың мүлкін ұрлауға қарсы көптеген шаралар жүргізіліп жатыр. Мысалы, қалтафондардың ұрлығына қарсы «Байланыс туралы» заңға енгізілген өзгерістердің негізінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін «Абоненттік құрылымдарды тіркеу тәртібі» бекітілді.
Кейбір көлік құралдарын ұрлау трансұлттық сипатта болғандықтан оған қарсы ынтымақтастық орнату жөнінде ТМД-ға мүше елдермен келісім жасалып, ол 2017 жылдың желтоқсан айында ратификацияланды. Қазақстан мен Ресей Федерациясы ішкі істер министрліктерінің бірлескен алқасының шешімімен 2019 жылдан бастап екі елдің арасында ақпараттармен алмасу электронды түрде іске қосылады. Бұл ұрланған автокөліктердің қозғалысына бақылау жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге автомашиналарды бөлшектеу және қосалқы бөлшектерін сататын сауда орындарының жұмысын заңнамалық тұрғыдан реттеу үшін тиісті мемлекеттік органдар «Автомобиль көлігі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу үстінде.
Мал ұрлығын тыю мақсатымен ІІМ Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде 28 стационарлық ветеринарлық тірек ашады. Олар «Ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру» дерекқорына кіріп, ұрланған малдың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіп кешені мәселелерін реттеу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламенттің қоржынында жатыр, онда жергілікті атқарушы органдарға малды есептеу мен бағу тәртібін әзірлеу және осы тәртіп бұзылғанда әкімшілік жауапкершілік жүктеу өкілеттіктері берілген.
Бұдан басқа «Кейбір заңнамалық актілерге меншік құқын қорғау мен арбитражды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау шеңберінде Парламент Мәжілісінде Қылмыстық кодекске толықтырулар енгізу мәселесі қарастырылуда. Ол қылмыстың «бірінші рет емес» сипатына келетін қылмыскерлерді ауыр қылмыс жасағандар категориясына ауыстыруды және мал ұрлығына жауапкершілікті заңның бөлек нормасымен («Мал ұрлығы» 181-1 бап) қарастыруды көздейді. Сондай-ақ ұрлықтың алдын алу мақсатымен ұрланған дүниені сатып алудың жауапкершілігін арттыру да көзделген.
Металл сынықтарын ұрлауға қарсы күрес бойынша Инвестиция және даму министрлігі қатысы бар мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп, оларды шетке шығаруды заңды тұрғыдан реттеу және осы бизнесті лицензиялау мәселелерін қарастыруда, делінген жауапта.
Дайындаған Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»