Қазан айында бізбен болған кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бірінші топтағы мүгедекке жыл сайын 4 млн 400 мың теңге бөлінетінін жеткізді. Осы қаражатқа мұқтаж жандарға арнайы қызметтер жеткізіледі. Бірақ бұл қызметтердің көбі мүгедектерді қанағаттандырмай отыр.
Біз мүгедектермен кездескенде де, олардың бізге жазған хаттарында да көрсетілетін қызметтердің сапасы нашар екендігі айтылады. Мәселен, бірінші топтағы көзі көрмейтін мүгедектерге бағасы 800 мың теңгеге жуық бағдарламалы ноутбуктер әперіледі екен, бірақ олардың сапасы нашар, жұмыс істеу мүмкіндігі өте төмен. Ал сол сомаға Apple компаниясының немесе осыдан екі есе төмен бағаға басқа да бір сапалы фирманың компьютерлерін алуға болады. Бірақ осы мәселе қолға алынбай отыр. Осындай олқылықты ыңғайсыз механикалық мүгедектер арбаларына да қатысты айтуға болады.
Бір жерден көтерме сауда арқылы арзан бағаға алынған осындай заттарды жеткізушілердің мемлекетке қымбат бағаға сатып отырғаны көрініп тұр. Сыбайлас жемқорлықтың белгілері байқалатын осындай істермен арнаулы органдар айналысуы керек-ақ.
Мүгедектерге қатысты мұндай мысалдар өте көп. Көп жылдан бері айтылып келе жатқан сапалы протез туралы әңгімелер әлі күнге сол қалпында қалып отыр. Оның орнына бәлен жылғы ағаш протездер мен сартылдаған балдақтар қолданылып жүргенін көргенде қарауға ұяласың.
Біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, Президенттің Жолдауындағы талаптарға сәйкес қаражатты адамның тұрмыс сапасын арттыруға жұмсауға шақырдық. Соның ішінде мүгедектерге қажетті құралдарды, атап айтқанда көзі көрмейтіндер үшін арнаулы қондырғы орнатылған компьютерлерді, мүгедектердің электрлі арбаларын, осы заманғы протездер сатып алуды барынша ашық, мөлдірлікпен жүргізуді талап еттік. Сонда әлдекімдер мемлекет қаражаттарын түрлі қитұрқылықтармен қалталарына баспас еді.
Ирина СМИРНОВА,
Мәжіліс депутаты