• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қараша, 2018

Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының тиімділігі

686 рет
көрсетілді

Ел іші қолы қимылдағанның аузы да қимылдайтындығын анық аңғарып отыр. Дәл қазір бойындағы күш-қайратын аямай жұмсап, белгілі бір кәсіпті игерсем дейтіндердің айы оңынан туып тұрғандығын айрықша қадап айтқан жөн. Игіліктің үйірілуіне Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы да септігін тигізуде. 

Осы бағдарлама аясында Есіл ауданында халыққа көрсетілетін қызмет түрлері уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың ар­қа­сында дәл қазір сұра­нысқа ие болып отырған қыз­­меттің алуан түрлерін ашып, ұйымдастыруда. Мә­селен, аудан тұрғыны Гүл­мира Исахановада ынта бол­ғанымен, қаражаттың жоқ­тығынан амалсыз дағдарып жүрген жандардың бірі еді. Негізгі мақсаты – қоғам­дық тамақтандыру орнын ұйым­дастыру болатын. Жігерлі жан бұрыннан өзіне таныс бұл істі ұршықша үйіріп әкетті. Алдынан ақ жол ашылуына жеңілдетілген несиенің нәсіп болғандығын айтады. Бағдарлама арқылы 2 миллион 200 мың теңге несие қаражатын алған. Бұл несиені бар болғаны 6 пайыздық үстемемен бес жыл ішінде қайтармақ. Оған мүмкіндігі де қаптал жетеді. Жұмыс ауқымын кеңейту үшін алдағы уақытта кішігірім мейрамдар өткізетін дәмхана ашуды межелеп отыр. Шынын айтқанда, шалғайдағы ел қызметтің осы бір түріне зәру. Қазір не көп? Ойын-той көп. Шағын дәмханада туған күн дейсіз бе, құдалық дейсіз бе, бәрін өткізуге болады. Бір жағынан халыққа да ыңғайлы. 

– Құжаттарымды жинап, облыс орталығындағы жұ­мыспен қамту орталығына бардым. Кәсібімді бастауға несие алғандығым себепші болды, – дейді Гүлмира Исаханова, – қазір елуге жуық адамға шақталған тамақтандыру орнын ашып алдым. Ауданға келімді-кетімді кісі көп. Жұ­мысым да ойлағанымдай жүріп жатыр. 

Ел еңсесін көтеруге септігін тигізіп отырған бағдарлама арқылы өз ісін бастауға құл­шынып отырған адамдар кө­мек ала алады. Орталық та жұ­мысын оңтайландырып, несиелендіру шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп,  қол­дау көрсетуде. 

– Биыл ауданда 31 жоба қаржыландырылды. Іскер адам­дарға берілген несиенің көлемі 115 миллион 300 мың теңгені құрап отыр. Қазір ауыл тұрғындары мал өсіруге де ынталы. Бұл бағытта несие жеті жыл мерзімге 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Көлемі – 4 миллион теңге. Бір айта кететін жай, несиені өтеу мерзімінің үштен бір мерзімі жеңілдік уақыты болып табылады. «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы бес жылға 6 миллион теңге қара­жат алуға болады. Бұл несие өз ісін бастағанына үш жылдан аспаған кәсіпкерлерге бе­ріледі, – дейді аудандық ха­лықты жұмыспен қамту орталығының маманы Анна Шлегель.

Бағдарлама бойынша ісіне береке үйіріле бастаған талапты жанның бірі – Валерий Бальцер. Он саусағынан өнер тамған азамат ең бірінші дәнекерлеу аспабын сатып алған. Ауылдық жерде не қат? Күнделікті тіршілікке қажетті бұйымдар. Істің көзін тапқан кәсіпкер жылу құрылғылары мен темір бұйымдарды дәне­керлеп, жамап-жасқай бас­тады. Тепкен тасы өрге дома­лаған соң ауылда ағаш шеберханасын, монша, демалыс нысандарын салып алды. Тиынға тиын қосылған соң кішкентайдан бастаған ісі ұлғайып, көп-көрім қонақ үй де салды. Бірді бірге құрап, өрісін кеңейткен өнерлі жан қазір жол бойында көлікке қызмет ететін нысан салуда. Осының барлығы тәуекелдің арқасы. 

– Мен осымен бесінші рет несие алып отырмын. Бұл жолы ұлыммен бірге бастадым. Балам құрал-жабдықтарды жөндеумен айналысса, мен қазір көлік жөндеу нысанының құрылысын жүргізудемін, – дейді Валерий Гербертович, – нансаңыздар, өз ісімді 300 мың теңге несие алып, дәнекерлеуден бастап едім. Көзін тапса кәсіп істеуге әб­ден болады екен. Еңсемізді көтерген мемлекеттің қамқор­лығына мың да бір алғыс. 

Алға ұмтылғандар өзіне де, жалпақ елге де шарапатын тигізуде. Осы жұмыстың бәрі жоғарыда біз сөз еткен бағдарламаның арқасында.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы, Есіл ауданы