Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жедел-профилактикалық шараның басты мақсаты – жолдағы ереже бұзушылықтың, соған орай бақытсыз жағдайлардың алдын алу болатын.
Өйткені соңғы кезде Қостанай қаласы көшелерінде көліктің адам қағып кету оқиғасы бірнеше рет қайталанды. Шараның алғашқы күні-ақ полицейлер масаң қалпында рөлде отырған 15 жүргізушіні тоқтатты. Үш күнге созылған «Қауіпсіз жол» операциясы кезінде полицейлер көшедегі жолаушылардың барлығының да жол қозғалысы ережесін қалай сақтайтынын бақылады.
Көлік жүргізіп бара жатып, телефонмен сөйлесетін 35 жүргізуші, қауіпсіздік белдігін тақпайтын 69, маневр жасау ережесін бұзған 14, жүргіншілерге жол бермейтін 5 жүргізуші және көлік айдауға құқығы жоқ 12 адам ұсталды. Сонымен қатар жол қозғалысын бұзған 13 жүргіншіні де жауапкершілікке тартты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай