• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Қараша, 2018

Батыс Қазақстан облысында 50 кәсіпорын қызметкерлерінің айлық еңбекақысын өсірмек

896 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 50-ден астам кәсіпорын төмен жалақы алатын қызметкерлерінің айлық еңбекақысын өсіретіні туралы хабарлады. Осы арқылы компания басшылары Елбасының Жолдауында айтылған «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» бастамасына қолдау көрсетуде.  

Қызметкерлерінің жалақысын өсіруге уәде беріп отырған батысқазақстандық компаниялардың 30-ы – өндіріс саласында, 11-і – ауыл шаруашылығы секторын­да, ал тағы 10 фирма тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылық және құрылыс ба­ғы­тында қызмет етіп жүрген ұжымдар. 

Ең алдымен «Ақсайгазсервис» акцио­нерлік қоғамы кәсіпорындағы жалақы­сы төмен қызметкерлерінің еңбек­­ақысын 20%-ға көтеру туралы шешім қабылдады. 

Қарашығанақ кенішінде, сондай-ақ Қашаған, Шынар (Чинарев) және Теңіз кен орындарында мұнай мен газды өндіру, өңдеу және тасымалдау нысан­дарын жайластырып, жоғары техно­логиялық сервистік қызмет көрсететін «Ақсайгазсервис» компаниясында 1800 адам қызмет етеді. Бұл – Батыс Қазақстан об­лысындағы ең ірі жергілікті 100% қазақ­стандық компания. 

– Біз Елбасының бастамасын толы­ғымен қолдаймыз. Кәсіпорында салыс­тырмалы түрде төмен жалақы алатын 327 қызметкеріміздің жалақысын биыл­ғы қараша айынан бастап-ақ көтеруге шешім қабылдадық. Бұл үшін кәсіпорын бюджетінен қосымша айы­на 3,5 млн теңгеден астам қаражат бөл­інді. Сөй­тіп біз жылына 41 млн тең­ге­ден астам қаражатты жалақы өсіруге жұ­м­сағалы отырмыз, – дейді компания пр­е­зиденті Тілек Шектібаев.

Кәсіпорынның соңғы бір мүшел тарихында қосымша 1400 жұмыс орны ашылып, жұмысшылардың орташа жалақысы үш еседен аса өскен екен. Тағы бір айта кетерлігі, осы уақыт ішінде еңбекақы төлеу бір күн де кешікпеген.

«Ақсайгазсервис» АҚ кәсіподақ коми­­тетінің мүшесі, көтергіш кран жүр­гізушісі Ирина Тукушева 2006 жылдан бері кәсіпорынның бүкіл ұжымы мұ­най-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында 50% және жыл соңында «Он үшінші жалақы» аталып кеткен 100% сыйақы алатынын айтады. Бұдан бөлек, компанияда еңбек озат­­тарын ынталандыру, 8 наурыз қар­саңын­да әйелдерді құрметтеу, еңбек дема­лы­сы­на шыққанда әркімнің еңбек өтіліне қарай ма­териалдық көмек көрсету – «Ақсайгазсервис» АҚ-ның қалыптасқан дағдысы.

Айта берсек, «Ақсайгазсервис» компаниясында қарапайым жұмысшының тұрмыс сапасын көтеруге арналған қол­дау көп-ақ. Ұжымдық келісімшартқа сәйкес компанияның әр қызметкеріне сәбилі болғанда, 50 немесе 60 жасқа толған кезде қосымша сыйақы беріледі. Жыл сайын Қазақстан мен Ресейдің сауықтыру орындарына барып, денсаулығын түзей­тін қызметкерлер үшін жеңілдікті жолдама, ал олардың ұл-қызына санаторий мен сауықтыру лагерьлеріне тегін жол­­дама қарастырылған. 

Одан бөлек, ең­бек ұжымын саламатты өмір салтына ша­қырып, ішкі тату­лық­ты арттыратын от­басылық сайыстар, ұлттық киім, ұлттық дастарқан мәзірі байқаулары, шаңғы жарысы, жүзу­ден, волейболдан, шағын футбол мен шах­маттан, т.б. бұқаралық спорт түрлері­нен түрлі сайыс бірінен соң бірі өтіп жата­ды. Міне, ын­ты­мағы жарасқан осын­дай ұжым басшылары қарапайым қазақ­стан­дықтардың табы­сы пен тұрмыс сапасын арттыру жай­лы Елбасы бастамасына ықыластана үн қосты.

Өңірдегі «Гидроприбор» АҚ, «Строй­комбинат», «Орал механика зауыты», «Жайыкагро-ЛТД» ЖШС-лері, «Ураль­скагрореммаш», «Нұржанар» акцио­нер­­лік қоғамдары, «Стекло Сервис», «Казарма­пром», «ТМК-Казтрубпром», «Аяз», «Квант» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тіктері де өз қызметкерлерінің жа­лақы­сын өсіріп, табыс пен тұрмыс са­пасын арттыруға ден қойған. Бұл аталған кәсіпорындарда 2019 жылдың 1 қаң­­­тарынан бастап жалақы көтеріліп, ең тө­­м­енгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден жоғары болмақ. 

– Жаңа жылдан бастап «Квант» ЖШС-дегі ең төменгі жалақы мөлшері 61 мың тең­ге болады. Біз мемлекеттік қол­дау ар­қа­сында корпусты жиһаз жасай­тын жаңа фабрика ашып отырмыз. Цех­тары­­мыз ең заманауи жабдық саналатын гер­маниялық «Hомаg», италиялық «Griggiо» құралдарымен жарақтанған, – дей­ді кә­сіпорын басшысы Дмитрий Пшеничный. 

Оралда жүн өңдеп, пима, киіз секілді түрлі бұйым шығаратын «Аяз» компаниясы ең көне өндіріс орындарының қатарын­да. Қыс жақындап, күн суыт­қанда «Аяздың» өніміне сұраныс та ар­тады. Айта кетейік, «Аяз» кәсіпорны бү­гін­де металл «сүйекті» киіз үй, жорық ла­­шық­­тары, сауда қатарлары, мұнай-газ, агро­сектор, төтеншеліктер, т.б. сала қыз­мет­керлері үшін арнайы киімдер шығарып, көпшілік көңілінен шығып жүр.  

– Біз халықтың әл-ауқатын арттыру туралы Елбасы бастамасын толығымен қолдаймыз. Өз тарапымыздан күні бүгін 38 мың теңге жалақы алып жүрген 26 қызметкеріміздің айлық табысын 60 мың теңгеге көтеруге шешім қабылдадық. Көріп отырғандай, жалақы екі есеге жуық көтерілмек, – дейді компания директоры Амангелді Ермекқалиев.

«Караванный путь» құрылыс компа­нияс­ының директоры Замир Ихсанов Ел­басы үндеуін алғашқылардың бірі болып қолдап, қызметкерлерінің айлық еңбек­ақы мөлшерін өсіріп үлгергенін айтады.

– Біздің компания Мемлекет басшысы­ның бастамасын толық қолдайды. Біз әрдайым өз қызметкерлеріміздің әлеу­мет­тік жағдайына көңіл бөліп отырамыз. Жол­даудан кейін компанияда қызмет ете­тін бүкіл ұжымның жалақысын 20 па­йыз­ға, ал төмен жалақы алатын қызмет­кер­­лер­­дің айлық табысын 35 пайызға көтер­дік. Қазір біздің компанияда ең төмен­­гі жа­ла­қы мөлшері – 67 мың теңге, – дейді З.Ихсанов.

Елімізде арнайы техника шығаратын ірі кәсіпорынның бірі – «Агрореммаш» АҚ басшылары да игілікті бастамаға үн қосушылардың бірі. 60 жылдан бері бүкіл Қазақстан өңірі мен жақын шетел­дерді арнайы өрт сөндіргіш техникамен, қалалық абаттандыру мекемелері үшін қажетті су тасу-суару техникаларымен қам­­тып келе жатқан мекеме бүгінде ав­тоцис­терналар, тіркемелі коммуналдық тех­ни­калар, еуроконтейнер және басқа да түрлі металл құрылғыларын шығарумен де танымал. 

– Еңбек еткен адам сол еңбегіне ла­йықты жалақы алуы тиіс. Бұл бағытта Елбасы өте орынды мәселе көтеріп отыр. Жалақыны өсіру, сол арқылы халықтың жағдайы төмен тобын әлеуметтік қолдау – дұрыс мәселе. Біздің компания да 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың тең­геден асыруға шешім қабылдады, – дейді компания директоры Армат Дүйсенов.

2017 жылдың соңында оралдық «Пош Руно» фирмасында тері өңдейтін жаңа зауыт іске қосылған болатын. Оның қуаты жылына 182 мың ірі қара терісі мен 624 мың қой-ешкі терісін өң­деуге жетеді. Кәсіпорын шығаратын өнім­нің бір жылдық құны 2,2 млрд тең­геге жетпек. Қазірдің өзінде зауыт шығар­ған өнім отандық нарықтан бөлек, Түр­кия мен Еуропа елдеріне экспортталып жатыр екен. Кәсіпорын директоры Ерлан Ілия­сов бұл жетістіктерге Елба­сы жүр­гізіп отырған экономикалық саясат­тың нәти­жесінде қол жеткіздік деп санайды.

– Елбасының осы Жолдауы да мемле­кет­тік саясаттың әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын көрсетіп отыр. Бү­кіл әлем бойынша әлеуметтік бағдар­л­ама­лар азайып, көптеген мемлекет өз халқы алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындай алмай отырған дағдарыс сәтін­де Елбасының бұл бастамасы – өте м­а­ңызды қадам деп есептейміз. Біз де өз кезе­гімізде ең төмен жалақы алатын 50 қызметкеріміздің жалақысын көтеруге шешім қабылдадық. Қаңтар айынан бас­тап олар айына 92 мың теңге алатын болады, – дейді «Пош Руно» ЖШС басшысы Ерлан Ілиясов.

Кәсіпорын басшыларының игілікті баста­маларын құп алған Батыс Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өз кезегінде бұл компания­лардың алдағы қызметі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру ісінде жергілікті билік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы