• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2010

ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТҰҒЫРЫ – ЭКОНОМИКА

1257 рет
көрсетілді

Биылғы жыл Қазақ елінің ғасырлар тоғысында қалыптасып, жаһанға таныла бастаған атақ-даңқын айдай әлемге тағы бір жаңа қырынан паш етті. Қазақстан үш құрлықтың 56 мемлекетін біріктірген беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Осы та­рихи оқиғаға байланысты Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев “Известия” газе­тінде (29.01.2010) “ЕҚЫҰ тағды­ры және перспективалары” атты толғамы терең мақаласын жарыққа шығарып, төрткүл дүниенің толғақты үдерісін толғап, ашық ойлы адамзат­ты тағы да елең еткізді. Әлем сарапшылары мен саясаткерлері оны қызу талқылап жатыр. Осы мақалада талданған ЕҚЫҰ-ның  экономикалық қырларына қатысты мәселелер хақында пікірін білу мақсатымен еліміздің Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы Гүлжан ҚАРАҒҰСОВАНЫ әңгімеге тартқан едік. – Гүлжан Жанпейіс­қызы, Елбасы “ЕҚЫҰ тағдыры және перспек­тивалары” атты мақаласында “1975 жылы Хельсинки үдерісінің “рухы” ғана емес, сонымен бірге “бренді” де жасалды. Өткен онжылдықтарда бұл бренд айтарлықтай көмескіленіп, өз тартымдылық күшінің бір бөлігін жоғалтып алды”, деп атап көрсетті. “Хельсинки брендін” қайта жандандыру ұғымын қалай түсінесіз? – Хельсинки Қорытынды актісі бүкіл әлемді қарама-қарсы жікке бөлген екі әскери-саяси блоктың дәуірлеп, “қырғи-қабақ соғыс” ахуалының ушығып тұрған кезінде қабылданған болатын. Бір-біріне қарсы тұрған НАТО мен Варшава шарты ұйымы арасындағы шиеленіс қауіпті шекке жетті. Міне, нақ осындай күрделі шақта Хельсинкиде қол қойылған Қорытынды акті екі әскери-саяси блокқа мүше елдердің және кәрі құрлықтағы бейтарап мемлекеттердің күш-жігерін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) аясына біріктірген болатын. Сол бір уақыт өлшемінде қалыптасқан жағдайда бұл тарихи теңдесі жоқ қадам еді. Уақыт керуені тоқтаусыз алға жылжыды. Заман өзгерді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Кеңестер одағы құрдымға кетті. Варшава шарты ұйымына кіретін кешегі ірі мемлекеттердің құрамынан көптеген тәуелсіз елдер бөлініп шықты. Енді тарих сахнасына шыққан осы тәуелсіз мемлекеттер арасында­ғы көзқарастар мен қарым-қатынастар қалай болады, байланыс қалай дамиды? Әлем халықтары үшін басты құндылық – бейбітшілік. Жоғарыда айтқан жағдайларға байланысты, дүние жүзінде орныға бастаған жаңа қатынастарға байланысты қандай мәселелер туындауы мүмкін? Бетін аулақ қылсын, тағы да қырғи-қабақ мүдделер соқтығысып, шиеленіс шыға қалса,  оны қарулы жанжалмен емес, бейбіт келісім – консенсус жолымен шешу күн тәртібіндегі көкейкесті талапқа айналды. Жаһанды жалпағынан жайлап, мүйізі қарағайдай елдердің өзін тәлтіректетіп таста­ған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс та мемлекеттерді тағы бір тарихи таңдау табалдырығына тіреді. Себебі, осыған дейін қолданылып келген дүниежүзілік қаржы жүйесі бүгінгі өмір талаптарына сәйкес келмей, уақыт сынағынан сүрінді. Енді әлемдік жаңа қаржы жүйесін, экономикалық даму баспалдағының жаңа архитектуралық құрылымын жасау міндеті сахнаға шықты. Жаңа қаржы жүйесі қалай құрылады? Елдердің экономикалық қатынастары қалай дамиды? Бұл мәселеде әлем нақты бір тоқтамға келе қойған жоқ. Мүмкін, алдағы уақытта халықаралық жаңа валюта жасалатын шығар. Мүмкін, әлемнің әр шалғайындағы мемлекеттер өңірлік орталықтарға топтасып, әлемдік эконо­микалық қатынастарды сол орталық­тар­дың арасындағы байланыстар арқылы дамытатын шығар. Мәселен, осыдан біраз бұрын Бразилия, Үндістан, Ресей және Қытай мемлекеттері экономикалық бір одақ құру мәселесі төңірегінде сөз қозғады. Беларусь, Қазақстан және Ресей жаңа интеграциялық құрылым – Кеден одағын құрды. Диалектикада бір заңдылық бар: “бәрі де спиралдық жүйе бойынша қайта­ланады”. Кім біледі, енді бүкіл әлем аймақтық одақтарға бөлініп, жаһандық жаңа қатынастар  қалыптасуы да әбден мүмкін. Қалай болғанда да, біздің Президентіміз атап көрсеткендей, барлық қатынастар жүйесінде де бейбіт қатар өмір сүруден басқа балама жоқ. Бұл ретте болашақ жаһандық қаржы-экономикалық қатынастар туралы батыл да тың бастамалар көтерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Дағдарыстан шығу кілті”, “Бесінші жол” атты ғылыми мақалалары дүние жүзінің озық ойлы азаматтарын толғантып тастағаны хақ. Қазір төрткүл дүниенің қай түкпірін алып қарасаңыз да, табиғи апаттар мен катаклизм­дерге толып кетті. Гаитиде сойқан зілзала болса, Батыс Еуропаны су тасқыны басып кетті. Грекия банкрот алдында. Міне, осы айтылғандардың бәріне халықаралық көмек, орасан зор қаржы керек. Әлем алдындағы осы бір тәуекелді кезеңде ЕҚЫҰ сияқты белді де беделді ұйымға жүктелер жауапкершілік жүгі орасан. Заманында тарихи маңызы зор Хельсинки үдерісінің “бренді” жасалса, енді қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты оны барынша жандандырып, жаңа мазмұн мен сипат берілуі қажет. Хельсинки Қорытынды актісінің басты тұғыры бейбітшілік болса, Президентіміз айтқандай жаңа мазмұнның да негізгі тұғыры бейбітшілік болуы қажет. – Өзіңіз айтқандай, халықаралық белді де беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ның басты қағидаттары қауіпсіздік пен ынтымақтастық болса, оның бірегей бір тармағы экономика екендігі даусыз. 1992 жылы Прагада өткен Экономикалық және экологиялық форумнан басқа осы ұйым шеңберінде экономикалық мәселелер қаралды ма? – Қауіпсіздік пен ынтымақтастық тұғыры – экономика. Адамдарының тұрмыс ахуалы жоғары, экономикасы берік елдер ғана қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың тиімді деңгейін қамтамасыз етуге ұмтылады. Тұрғындарының тұрмысы төмен, халқы аш, жалаңаш болса, оларға қауіпсіздік және биік деңгейдегі ынтымақтастық туралы айтудың өзі артық. Өзек жалғайтын нан таба алмай жүрген адамдар мұндай құндылықтардың бар екенін де ұмытады. “Ораза, намаз – тоқтықта” дегендей, алдымен халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Екіншіден, елді жұмыспен қамту қажет. Үшіншіден, ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық орнату керек. Тәуелсіздік алған жылдардан бері тұң­ғыш Президентіміздің “алдымен – эконо­мика, содан кейін – саясат” деген қағиданы қатал орнықтырып келе жатқандығының осындай терең мәні бар. Сонымен бірге, соңғы жылдары Елбасы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне берік негіз қалау мақсатында да орасан зор күш-жігер танытып келеді. Осыған дейін ЕҚЫҰ аясында экономи­калық мәселелердің терең талқыланбай келгендігі де рас. Оған бірнеше жағдайлар себеп болды. Кеңестер одағының ыды­рауына байланысты тоқсаныншы жылдары ТМД мемлекеттері бастан кешірген дағда­рысты Батыс Еуропа көрген жоқ. Бір құр­лықты түгел тітіркенткен Азия дағдары­сынан да Батыс мемлекеттерінің экономи­касы аман қалды. Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысы кезеңіне дейін Батыс Еуропа елдерінің экономикасы үнемі даму сатысында болды. Сондықтан Ұйым экономика жағдайын жеке тұрғыда бөліп қарамаған екен. Батыс Еуропа мемлекеттері кез келген уақытта экономикалық дағдарыс болуы мүмкін екендігін де жоққа шығарған жоқ. Бірақ экономикасы дәуірлеп тұрған елдер алдағы дағдарыс дауылының қай тұстан соғатынына бас қатырып, болжам жасай алмай қалды. Президентіміз  осы жағдайды тап басып, аталмыш мақаласында “ЕҚЫҰ аясында дағдарыс және дағдарысқа қарсы проблематика тіпті факультативтік деңгейде тікелей талқыланбаған екен”, деп атап көрсетті. Қазақстандық төрағалық кезеңінде бұл көкейкесті проблемаларға барынша мән берілетіндігі Елбасы еңбегінде анық айқындалған. Өйткені, экономика – бейбітшіліктің, ынтымақтастықтың, өзара түсіністік пен консенсустың негізгі тұғырнамасы. Мұны ешқашан қаперден шығаруға болмайды. – Қазір Батыс елдері капиталистік экономикалық қатынастарға жан-жақты сын көзбен қарай бастады. Тіпті Франция Президенті Н.Саркози биылғы Давостағы экономикалық форумда капитализмді қатты сынап, социализмнің алғышарттарын күн тәртібіне шығарды. Ақиқатында осы мақтаулы капитализм жүйесінің барлық қуаты сарқылды ма, қалай? – Иә, қазір әлемнің белді экономистері мен дуалы ауыз сарапшылары капитализм құндылықтарына қырын қарай бастады. Капиталистік қатынастардың негізінен көптеген кемшіліктер шығаруда. Батыстың беделді саясаткерлері мен экономист ғалымдары қазір капитализмді ақтауға қосымша бір сөз іздеп жатыр. Мәселен, бір тобы дағдарыстан кейінгі капитализм (посткризистный капитализм) десе, енді бір тобы дамыған капитализм (развитой капи­тализм) болса дейді. Жақында Францияда, Ұлыбританияда болғанда, әріптестерімнің осындай пікірталасына куә болдым. Еріксіз күліп, әріптестеріме былай дедім: Біз бұрын “дамыған” да, “кемелденген” де социализм­дерден өткеміз. Ақыры қалай болғанын өздеріңіз көрдіңіздер. Мәселе, қалай аталуында емес, негізгі проблема қазір сіздердің капиталистік жүйелеріңіз терең тоқырауда тұр. Сондықтан мәселеге басқаша қарау керек. Басқаша экономикалық даму жүйесінің негізін қалау қажет, бүгінгіден басқа экономикалық қарым-қатынастар орнатып, қаржы құрылымының жаңа архитектурасын қалау керек. Шындығына келсек, әлемде қазір таза капитализм немесе таза социализм деген жүйе жоқ. Бұдан бұрын дүниеде 40-60 жылдай үстемдік құрған таза капитализм үлгісі – жабайы капитализм деген болды. Жабайы капитализмнің ұраны – “барлығы біреуге қарсы, біреу барлығына қарсы” деген болатын. Бірақ үнемі бұлай болмайды ғой. Осыдан әрбір мемлекет өзінше даму жолына түсті. Бәсекелестік белең алды. Ал бәсе­келестік – қатал ұғым. Ол сенің тегіңе де, беделіңе де қарамайды. Бүгін сен байсың, ертең сен кедейсің. Бәсекелестік сұранысқа тәуелді. Сұраныс басым болған жерде бәсекелестік бар, даму бар. Елдердің эконо­микалық қуатын арттыратын да, дамытатын да өркениетті бәсекелестік болмақ. – Батыстың экономикалық даму үрдістерінен аларымыз не? Жалпы еуропалық стандарттарды қалай сипаттар едіңіз? – Жоғарыда айтқанымыздай, қазір Еуропа елдерінің даму үлгісінде таза капита­лизм де жоқ, социализм де жоқ. Оларда со­циалистік үдерістер ерекше дамыған. Ба­тыстың капиталистік елдерінің ешқайсысы кедейлерін далаға тастап жатқан жоқ. Білім беру жүйесінде тегін дәріс беретін муни­ципалдық мектептер бар. Онда балаларын оқытқысы келмеген байлар ақшасын төлеп, ақылы мектептерге барады. Денсаулық сақтау саласы да осы сияқты. Мемлекет сақтандыру медицинасына кепілдік береді. Күні кеше АҚШ Президенті Барак Обама да айтып жатыр ғой, әрбір адамның медициналық сақтандыру куәлігі болуы керек, егер ол адамның оған шамасы келме­се, мемлекет тиісті қаржы бөлуі керек деп. Жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы беріледі. Бізде коммуналдық тұрғын үйлер болса, оларда әлеуметтік тұрғын үйлер бар. Тегін беріледі. Мұның бәрі социализмнің үдерістері ғой. Содан кейін, Батыста бәрі жеке меншік дегенді кім айтты? Оларда мемлекеттік меншіктің үлес салмағы үлкен. Мәселен, АҚШ-та, Батыс Еуропада мемлекеттік меншік жүйесі 30 пайыздан асады. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтама­сыз ететін стратегиялық салалардың бәрі мемлекет меншігінде. Бұл заңды. Жалпы Батыстың дамыған мемлекеттері әлеуметтік тұрақтылық мәселесіне айрықша басымдық береді. Олар сол мақсатпен де кешегі біздің социализм жүйесінің барлық жақсылықтарын қабылдап келген. Ол жүйенің артықшылықтары көп болды ғой. Егер мемлекеттің қарапайым адамдарының тұрмысы тәуір болса, мемлекеттің де іргесі берік болады. Ал әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі – экономика. Сондықтан Батыстың өркениетті елдері әлеуметтік әділдікке басымдық берілген экономиканы таңдаған. – Осы орайда Мемлекет басшысының, біз Оңтүстік-Шығыстың жолбарыстарынан үйреніп келдік, енді Финляндиядан үйренуіміз керек деген тамаша тұжырымы көңілге қонады. – Иә, Финляндияда нағыз социализм. Баяғы өзіміз құрмақ болған “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” кемелденген өмір­шең социализм. Финляндияда ең жоғар­ғ­ы салық жүйесі орныққан. Оның есесіне әлемдегі барлық елдермен салыстырғанда, мұнда ең жоғары әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасқан. Онда жоғары өмір стандарт-тарына, әлеуметтік әділдікке кепілдік берілген. Финляндияда шектен шыққан бай адамдар да, тым кедейлер де жоқ. Біздегі сияқты қос-қостан “Лексус” мінген мил­лиардерлерді де көрмейсіз. Қоғам бай мен кедей деген қауіпті жікке бөлінбеген. Дәулеті дөңгеленген орташа тап өкілдері қоғамның негізі болып табылады. Соған байланысты оларда дүние жүзіндегі ең сапалы медициналық қызмет көрсету құрылымы, ең сапалы білім беру жүйесі қалыптасқан. Мемлекет тұрғындарының барлығын бірдей жоғары жалақы берілетін жұмыспен қамтуға күш салады. Кім жақсы жұмыс істесе, сол жақсы өмір сүреді. Қысқасы, мемлекет адамдарының жақсы өмір сүруіне, сол үшін өз елінің патриоты болуына барлық жағдайды туғызған. Міне, нағыз еуропалық стандарт пен сапа үлгісі деп осыны айтуға болады. Әрине, Финляндия мұндай дәрежеге бір демде жетіп отырған жоқ. Бұл шағын ғана мемлекеттің тәуелсіз өмір сүріп келе жатқанынан да 200 жылдың жүзі болған. Осы жылдар ішінде бұл мемлекет жақсы жағдайға біртіндеп қол жеткізуге ұмтылды. Мемлекеттің басты саясаты, қоғамның тым бай мен кедей болып қауіпті жікке бөлініп, адамдардың төменгі өмір сүру деңгейіне түсіп кетпеуін қадағалау болды. Соның арқасында Финлияндия өзінің реттелген экономикасын құрды. Халықаралық рынокта өзінің лайықты орнын алды. Президентіміз атап көрсеткендей, Финляндия қол жеткізген жетістіктер біздің алдағы онжылдықтарда алар асуымыз болмақ. Ол үшін біз экономикамызды әртараптандыру міндетін жүзеге асырып, Елбасы Жолдауында айтылған елімізді индустрияландыру мен инновациялан­дырудың 2020 жылға арналған стратегиялық жоспарын орындауымыз керек. Экономи­камыздың да, әрбір азаматымыздың да бәсекелестікке қабілеттілік қуатын арттырып, халықаралық сахналарда лайықты орнымызды алуымыз керек. Өркендеген еліміз бен жан-жақты дамыған экономика­мызды қалыптастыратын нағыз патриот болу – әрбір қазақстандықтың бүгінгі басты парызы. – Елбасы “ЕҚЫҰ тағдыры және перспективалары” атты мақаласында бүгінгі заманның барлығы үшін бірдей маңызды проблемаларын шешуде мемлекеттер арасында теңсіздік ахуал қалыптасып отырғандығын, жаһандық стратегиялық шешімдер қабыл-даған кезде көпшілік болып табылатын орташа мемлекеттердің рөлін арттыру қажеттігін атап көрсетеді. Экономикада болсын, қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерінде болсын шешуші рөл ойнайтын әлемдік “Үлкен сегіздік” аталатын мемлекет­тердің шешімдеріне қалай қарайсыз? – Экономиканың қуаты жоғары және даму үрдісі үлкен мемлекеттер басымдық көрсетіп, әлемдік көкейкесті мәселелерді шешуде үстемдік танытып отыр. Ал дағдарыс қуатты елдер мен дамыған эконо­микада да күрделі мәселелердің болатын­дығын көрсетіп берді. Менің ойымша, болашақ экономикалық қарым-қатынастар мен жаңа қаржы жүйесін құру үдерістерінде ат төбеліндей азшылықтың ғана емес, дүние жүзінің ірілі-ұсақ барлық мемлекеттерінің мүддесі ескерілуі керек. Жаңа қаржы жүйесі құрылғанда жүйелік тәуекелдерге де мән беру қажет. Жалпы, адамзат мүддесіне қатысты жағдайларда ешқандай монополияға жол берілмеуі тиіс. Кез келген монополияның түбі тоқырауға ұрындырады. Ендеше, мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарда да, саясатта да монополияға жол берілмегені жөн. Қандай да бір қуатты мемлекет немесе мемлекеттер тобы барлық мемлекеттер мүддесін көре де алмайды. Ірі мемлекеттер тек өз мүдделерін ғана ойлап, әлсіздерге көңіл аудармаса, одан ұсақ немесе әлсіз мемлекеттер жоқ болып, олардың мүдделері де жойылып кетпейді ғой. Иә, дүние жүзінде қуатты елдерден гөрі даму соқпақтарына ұмтылған орташа мемлекеттер көп. Олардың әлемдік байла­ныстар мен ынтымақтастық қарым-қаты­настардан күтері де көп. Жетекші әлемдік державалар осы орташа мемлекет­тердің мүдделерін ескере бермесе , түбінде онсыз да тәлтіректеп тұрған бүгінгі жаһандық тепе-теңдік жойылып кетуі мүмкін. Сонда бүгінгі әлсіз мемлекеттердің шеше алмай отырған проблемалары күшті мемлекеттердің бас ауруына айналуы әбден мүмкін. Сондықтан да Президентіміз әлемде көпшілік болып табылатын мемлекеттердің рөлін көтеруді ұсынып, жаһандық ортақ үйіміздегі барша адамзаттың мүддесіне қатысты мәселелерге басымдық беріп отыр. Елбасы жаһандық стратегиялық проблемаларды шешкен кезде, орташа мемлекеттердің мүддесі молынан ескерілетін әділетті консенсустық шешімдерге қол жеткізілуін ұсынып отыр. – Президент әлемдегі белді де беделді Ұйымға қазақстандық төрағалық кезеңінде экологиялық қауіпсіздікке де айрықша мән берілетінін атап көрсетті. ЕҚЫҰ-ның экологиялық проблемаларды шешудегі ықпалын қалай бағалайсыз? – Жоғарыда айтып өткеніміздей, экономикалық даму үдерістері мен тиімді байланыс тәсілдерін шешпейінше, дүние­жүзілік қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін ұтымды жүзеге асыру мүмкін емес. Экология проблемалары да сол сияқты. Адамзат өзінің барған сайын өсіп бара жатқан қанағатсыз сұранысын қамтамасыз ету үшін табиғатқа орасан зор нұқсан келтіруде. Табиғаттан қажетін ғана алып, қоршаған ортаның тепе-теңдігін келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыру көзқарасы мүлде өзгерген. “Адам табиғаттың қожасы” деген қателікке ұрынған адамзат табиғатты жыртқыштықпен талан-таражға салуда. Дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Қоршаған ортаның бізге беретін игіліктері де сарқылады, табиғи қазба байлықтары да таусылады, тепе-теңдік те бұзылады. Бұзылып та жатыр. Арал мен Семей трагедиясы соның айқын көрінісі. Экология проблемасы тек қана бір мемлекеттің, тек қана бір өңірдің қасіреті емес. Ол бүкіл адамзаттың қасіреті болмақ. Экологияда ұсақ мәселе деген болмайды. Арал мен Семей трагедиясы ол тек Қазақстанның ғана шешетін проблемасы емес. Адам қолымен жасалған осы апаттардан бүкіл қоршаған ортаға зиян келді. Арал аймағынан ұшқан тұзды топырақтың Австралия жағалауларына жетуі соның дәлелі. Ал сол бәрімізге ортақ қоршаған ортада Қазақстан да, Батыс Еуро­па мемлекеттері де, АҚШ-та өмір сүреді ғой. Ауаға көмір қышқыл газының көп таралуынан жаһандық жылыну кесапатының күрделеніп бара жатқандығы да барлық адамзатты алаңдатқан ауыр қасірет екендігі даусыз. Жер шарының әр өңірінде дүркін-дүркін болып жататын қарулы жанжалдар мен әскери қақтығыстардан экологияға орны толмас зиян келтірілуде. ЕҚЫҰ бұл адамзаттық мәні бар көкейкесті проб­лемамен тікелей айналыспағанымен, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық апат зардаптарын жою шараларына белсенді ықпал етуге тиіс. Бетін аулақ қылсын, қарулы қақтығыс-тарда ядролық қару қолдану қаупі әлі сейілген жоқ. Ядролық қаруы бар мемлекеттер қатары барған сайын көбейіп келеді. “Қабырғаға ілінген мылтықтың бір атылмай қоймайтыны” сияқты бұл ядролық тажалдардың түптің-түбінде бір бас көтеруі де әбден мүмкін ғой. Міне, әлемдік экология мен қауіпсіздік мәселесінің бір-бірінен ажырағысыз проблема екендігін осылардан-ақ көруге болады. Сондықтан да Президентіміз ЕҚЫҰ-ның перспектива­ларын толғаған еңбегінде “қазақстандық төрағалық кезеңінде экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің кешені маңызды орын алады, оларды ойдағыдай шешу бүкіл ұйымның ресурстарын біріктірмейінше және күш-жігерді келістірмейінше мүмкін емес”, деп атап көрсетті. – Қандай да болмасын мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құрамдас бір бөлшегі көлік-коммуникациялық инфрақұ­рылымын дамыту болып табылады. Елбасы Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстан­ның географиялық жағдайының Батыс пен Шығыс елдерінің арасында қауіпсіз көпір болатындығын үнемі алға тартып келеді. Оған аталмыш мақалада да айрықша мән берілген... – Ата-бабамыз бізге ұлан-ғайыр даланы мұра еткен. Ұшқан құстың қанаты талатын Қазақстан аумағының географиялық орналасуы да ерекше. Елбасы атап көрсет­кендей, толеранттық қанына сіңген халқы бар егемен еліміздің құрлықтар өркениетін жалғайтын баламасыз көпір болуын тарихтың өзі алға тартып отыр. Төрт құбыласы түгел қуатты мемлекет­тер қоршаған тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Ол үшін алдымен құлашын кең жайған шекараларымызды жалғастыратын заманауи жақсы жолдар қажет. Сол жолдардың бойымен жан-жақты дамыған коммуникациялық инфрақұ­рылымдар салуымыз керек. Қазақстан төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-ның басты шартының бірі – ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Ал әлеуетті көлік-коммуникациялық жүйесінсіз мұндай ынтымақтастықты дамыту мүмкін емес. Қазақстанның “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” транзиттік көлік дәлізінің ғасырлық құрылысын қолға алуы осындай ұлы мақсаттағы ізгі ниеттен туындап отыр. Бір қарағанда, көлік-коммуникациялық әлеуетті дамыту ЕҚЫҰ-ның міндеті емес сияқты болып көрінеді. Бірақ бұл маңызды мәселелерді негізгі  міндетінің өзегіне айналдырмай, ЕҚЫҰ-ның басты мақсаты – қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың көкейкесті шараларын жүзеге асыруы күрделене түспек. Міне, бір-бірімен тығыз байланысып, өзектесіп жатқан мақсаттарға орай Президентіміз Ұйымның көлік-ком­муникациялық әлеуетін дамыту мәселелерін Қазақстанның төрағалығы кезеңіндегі басым міндеттерінің қатарына шығарып отыр. Өмірдің өзі басымдық берген бір ақиқат – көлік-коммуника­ция­лық әлеует, ол – қауіпсіздік, ол – экономи­ка, ол – ынтымақтастық. Қорыта түйін­десек, ЕҚЫҰ-ның көкейкесті мақсатының өзегі болып табылатын қауіпсіздік пен ынтымақтастық қағидаттарын жүзеге асыру болашақ әлемдік экономика архитекту­расына тікелей байланысты екендігі талас тудырмас ақиқат. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.