Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде «Италия» білім орталығы мен «Данте Алигьери» комитеті бірлесіп италиялық суретші Кармине Барбароның «Махаббат алмасы» деп аталатын көрмесін ашты.
Көрменің «Махаббат алмасы» аталуы да тегін емес. Сырбаз суретші көрікті қаланың символы алма екенін мақтанышпен қабылдай отырып, өз көрмесіне осындай атау ұсынды. Кармине Барбароға Алматы сынды керемет қалада жиырма жылдан аса тұру ғажайып әсер еткен тәрізді. Бұл жерде ол Қазақстанға, оның халқына, шалқар даласына деген сағынышын осы суреттермен жеткізген. Өзінің бұлқынған жүрегіндегі өмірге, адамдарға деген шексіз махаббатын ол шығармалары арқылы жеткізуге тырысады.
Карминенің көркем ойлары мен ұшқыр идеялары жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол монументальды кескіндеме,графика, мүсін салаларында жұмыс істейді, әрі сонымен бірге портрет, натюрморт және көркем суреттер салады.
Екі әлем мен мәдениетте қатар өмір сүретін суретшілер аз емес. Десек те Жерорта теңізінің жұмсақ климатын қатаң құрлыққа айырбастау көптің таңданысын тудыратын ауыр таңдау екені белгілі. Кармине керілген кербез табиғаттың келбетін көріп солай жасады да. Суретке беріле кірісті. Сөйте тұра ол өзі үшін мүлде жаңа әлем – қазақ мәдениетінің әлеміне шынайы қызығушылығын танытып, оны түсініп қана қоймай, сезінуге құлшынды. Оның өмірді тануға деген ынтызарлығы ауылдарға сапар шегу, өзінің болашақ кейіпкерлерінің – қарттардың, әйелдердің жүздеріне терең үңілуге, табиғат бояуына қанығуға үйір ететінін біледі. «Үш әже» суреті «Ауызашар» кезіндегі дастарқан басындағы үш кісінің бейнесі келісті кейіптелген. Карминенің суреттері пластиканы, қозғалысты тосын жеткізгендігімен, түстердің ауысуын нәзік сезіне отырып, композицияға үйлесімді бере алғандығымен ерекшеленеді. Бұл шығармасының мысалында суретшінің гармонияны жақсы сезетіндігін, дәстүрлі, ұлттық көркемөнер элементін әлемге қазіргі заманғы көзқараспен ұштастыра алғандығын аңғарамыз. Кармине Барбаро бізге жаңа көзқарасымен, ерекше тағдырымен италиялық романтизм мен қазақы менталитетті сабақтастыра білгендігімен қызықты. Шебердің бізге бұрыннан таныс әрі үйреншікті тақырыптар мен сюжеттерді жаңаша жеткізе алғаны қуантады. Бұл көрмеде оның 80-нен астам кескіндемелік шығармалары қойылып отыр.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы