Сейсенбі күні Астанада биылғы футбол маусымының беташар ойыны өтті. Бұл Қазақстан Суперкубогы үшін өткен кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» клубы Қарағандының «Шахтер» командасын 1:0 есебімен ұтып, осымен бесінші рет өткізілген бәйгенің жеңімпазы атанды.
Сөйтіп, көптен бері Суперкубокқа қол созым жерде тұрып, оған жете алмай келген шымкенттік ұжым Астана төрінен Қазақстан футболының ең бағалы трофейлерінің бірін әкетті.
Сейсенбі күні Астанада биылғы футбол маусымының беташар ойыны өтті. Бұл Қазақстан Суперкубогы үшін өткен кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» клубы Қарағандының «Шахтер» командасын 1:0 есебімен ұтып, осымен бесінші рет өткізілген бәйгенің жеңімпазы атанды.
Сөйтіп, көптен бері Суперкубокқа қол созым жерде тұрып, оған жете алмай келген шымкенттік ұжым Астана төрінен Қазақстан футболының ең бағалы трофейлерінің бірін әкетті.
Осы кездесуде екі команда да сауатты ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен, матчтың бірінші жартысында «Шахтер» үстемдік құрып, қарсыластар қақпасына бірнеше мәрте доп соғуға мүмкіндігі болды. Оның ең біріншісін команда капитаны Андрей Финонченко жіберіп алды. Ол матчтың 3-ші минөтінде қорғаушы Никола Василевичтің әдемі шығарған пасын небәрі үш метрден қақпаға соға алмады. Осы жағдай «Ордабасыға» сабақ болып, олар енді қақпаны тасқамалдай қорғауға көшті.
Ойынның бірінші таймында «Шахтердің» сапында Жамбыл Көкеев бірнеше мәрте шабуыл ұйымдастыруға талпынғанымен, онысынан ештеңе шықпады. Өйткені, оған көмекке ешкім келмеді. Ал жаңағы 100 пайыздық мүмкіндікті жіберіп алған Финонченко болса, ойын соңына дейін басын төмен түсіріп, түк бітірмей кетті.
Осы жерде бар кінәні «Шахтердің» шабуылшыларына артпай, «Ордабасыдағы» Мвесигва, Қожабаев сияқты қорғаушылардың сауатты ойын өрнегін көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Айтқандай, Эндрю Мвесигва – Уганда ұлттық құрамасының қорғаушысы. Ол Оңтүстіктің командасында биыл екінші маусымын өткізетін болады.
Кездесуде одан басқа «Ордабасы» сапында Африкадан келген тағы екі ойыншы өнер көрсетті. Оның біреуі – сенегалдық Мансур Гуйе. Ол матчтың 80-ші минөтінде Роман Пахолюкті алмастырды. Екіншісі – тунистік Мұхаммед Арури. Ол бүкіл матч бойы жартылай қорғаныста сауатты ойнап шықты.
Сонымен бірге, шымкенттік командада Алмат Бекбаев (қақпашы), Бақдәулет Қожабаев, Фархадбек Ирисметов, сербиялық легионер Александр Трайкович, Андрей Карпович, Қайрат Әшірбеков, Дәуренбек Тәжімбетов пен Бекзат Бейсеновтің алаңда өздерін жақсы қырынан көрсеткендерін атап өткен жөн. Осылардың ішінде Қайрат Әшірбеков ойынның 58-ші минөтінде екі қорғаушының арасынан суырылып шығып, Александр Мокин қақпасының сол жақ бұрышын дәл көздеді. Сөйтіп, ол матчтағы жалғыз голдың авторы атанды.
Бұл жерде Артем Касьяновтың еңбегін ерекше айтуға болады. Оның Қайрат Әшірбековке шығарған керемет пасын әлі талай жанкүйердің айта жүретіні сөзсіз. Осы гол «Шахтердің» намысын ойнатып, қалған уақытта қарсыластар қақпасына барынша қауіпті жағдай жасауға мәжбүрлесе де, одан ештеңе шықпады.
Команда бапкері Виктор Кумыков шаршап-шалдыққандардың орнына тың ойыншыларды шығара бастады. Алдымен Вадим Боровский кетті. Одан кейін Мақсат Байжанов колумбиялық легионер Роджер Каньянсты алмастырды. Бірақ «Шахтер» төрешінің ысқырығына дейін «Ордабасының» қорғанысын бұза алмады. Осылайша «Ордабасы» Қазақстанның Суперкубогын жеңіп алған бесінші команда болды.
Бұған дейін хабарланғанындай, «Ордабасыға» Суперкубокты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыс етті.
Осы кезге дейін Қазақстан Суперкубогын 1995 жылы «Елім-Ай» (Семей), 2008 және 2010 жылдары «Ақтөбе (Ақтөбе), 2011 жылы «Локомотив» (Астана) командалары иеленген болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН.