9 наурыз күні Бүкіләлемдік бокс сериясы жарысының кезекті жекпе-жектері өтті. Мехико, Мәскеу, Баку және Милан қалаларында өткен бәсекелерде жартылай финалға жолдама алған командалар белгілі болды.
Солардың бірі болған «Астана арландары» клубы Атлант мұхитының ар жағындағы Мексикада «Мехико қаласының жауынгерлері» командасымен кездесіп, қарсыластарын 4:2 есебімен ұтты. Сөйтіп, білікті бапкерлер Бейбіт Есжанов пен Олег Ковальчуг ацтектер еліне дайындап барған команда жартылай финалға жолдама алып, жанкүйерлерін аса маңызды жеңісімен қуантты.

Бұған дейін Астанада өткен жекпе-жекте «арландар» қарсыластарынан 3:2 есебімен басым түскен еді. Сондықтан Мексикадағы қарымта кездесуде біздің боксшылар алдына кем дегенде үш жекпе-жекте жеңілмеу керек деген мақсат қойылды. Біздің қуанышымызға орай, кешегі кездесуде боксшыларымыз бұл мақсатты артығымен орындады. Олар екі кездесуде ғана алаң иелеріне есе жіберіп, қалған жекпе-жектерде айқын басымдықпен ұтты.
Атап айтсақ, 73 килоға дейінгі салмақта команда капитаны Қанат Ислам Мексиканың болгариялық легионері Младен Маневті, «арландардың» алжирлік легионері Абдельхафид Беншабла (85 кг.) ринг қожайыны Хавьер Франциско Ортеганы жеңсе, Мирас Байырханов (73 кг.) қосымша кездесуде мексикалық Хуан Антонио Меркадодан басым түсті. Ал «арландардың» мажарлық легионері Иштван Бернадке «жауынгерлердің» сапындағы эквадорлық Джордж Куинонездің шаршы алаңға шықпауына байланысты жеңіс берілді.
Осы жекпе-жектерде Қанат Ислам мен Абдельхафид Беншабланың өнерлері сүйсінтті. Қ.Ислам өзіне тән мәнерімен қарсыласының бойы ұзын болса да оған бас көтеруге мұрша бермей, барлық раундтарды сауатты өткізіп, мексикалықты сабап тастаса, алжирлік легионер өзінің айқасын өте сауатты, өте жоғары деңгейде өткізді. Шаршы алаңда ашық төбелеске бармай, алыстан ғана соққылар дарытып, ұпай жинаған Беншабла алаң иесінен барлық раундта айласын асырып кетті.
Ал М.Байырханов жеңіске жетсе де, оның айқасы шыны керек, көңілімізден шықпады. Оны қара күшке салып жеңді десе де болады. Техниканың жетіспейтіндігі бірден көрініп тұрды.
Енді «арландар» жартылай финалда Мәскеудің «Динамосымен» кездеседі. Бірінші жекпе-жек Астанада 23 не 24 наурыз күндері өтсе, қарымта кездесу Мәскеуде 30 немесе 31 наурыз күндері өтеді. Екінші жартылай финалдық жұп Әзербайжанның «Баку оттары» мен Италияның «Милан найзағайы» клубтарының арасында өтеді деп күтілуде.
Мәскеулік командамен «Астана арландары» бұған дейін екі рет кездескен. Соның бірінде отандастарымыз 3:2 есебімен жеңсе, екіншісінде 5:0 есебімен жеңілген болатын. Сондықтан алпыс айлалы «арландарға» ресейлік ұжымнан айласын асырып кету оңай болмас. Бірақ, үмітсіз – шайтан дейді, біз «арландарға» сенеміз және командаға көп үміт артамыз.
Дастан КЕНЖАЛИН.