Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай «Нұр Отан» партиясы Жазушылар одағымен бірлесіп жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын жариялады. Бұл жөнінде бүгін партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Аталған іс-шараға, сондай-ақ жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, публицист, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов және Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі Несіпбек Айт қатысты.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдауға шақырады. Сондықтан ондағы басымдықтарды жүзеге асыруға Мемлекет басшысының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы да тікелей атсалысатын болады. Осы бағыттағы жобаларымыздың бірі – жас ақын-жазушыларға арналған «Ұлы дала» шығармашылық байқауы. Бұл байқаудың форматы мен маңызын Жазушылар одағымен пысықтап, алдын ала талқыладық. Алдағы уақытта жас қаламгерлеріміз осы байқау арқылы Елбасының мақаласында айтылған құндылықтар мен идеяларды дәріптеуге және оларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Байқаудың мақсаты – рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көрсету, шығармаларында еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстандықтардың дүниетанымын қалыптастыруға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілердің еңбегіне лайықты баға беру. Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады. Байқау шарттарымен толығырақ партияның ресми сайтында танысуға болады.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»