Олимпиадаға 134 күн қалды
БАЛУАНДАРҒА БАҚ БЕРСІН!
Осы күндері грек-рим күресінен ұлттық құрама командамыз күн өткен сайын жақындай түскен Лондон Олимпиадасына дайындалуда. Әзірше біздің елден Тұманды Альбионға үш балуан ғана жолдама алып отыр. Олар – Алмат Кебісбаев, Асхат Ділмұхамедов пен Нұрмахан Тінәлиев. Осы балуандардан басқа тағы төрт салмақтағы жігіттеріміз Лондон Олимпиадасына жолдама алуды мақсат етуде.
Олимпиадаға 134 күн қалды
БАЛУАНДАРҒА БАҚ БЕРСІН!
Осы күндері грек-рим күресінен ұлттық құрама командамыз күн өткен сайын жақындай түскен Лондон Олимпиадасына дайындалуда. Әзірше біздің елден Тұманды Альбионға үш балуан ғана жолдама алып отыр. Олар – Алмат Кебісбаев, Асхат Ділмұхамедов пен Нұрмахан Тінәлиев. Осы балуандардан басқа тағы төрт салмақтағы жігіттеріміз Лондон Олимпиадасына жолдама алуды мақсат етуде.
Осыған байланысты жақында біз Алматыда өткен Спорт кешінде жылдың үздік бапкері атанған грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Мұратбек ҚАСЫМХАНОВПЕН әңгімелесіп, балуандарымыздың алдағы байрақты додаға дайындығын жан-жақты айтып беруін өтінген едік.
– Уақыт деген зымырап өтіп барады. Көзді ашып-жұмғанша Олимпиада да келіп жетеді. Ұлттық құраманың дайындығы қалай? Алдымен осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Олимпиадаға дайындық жақсы. Бәрі алдын ала жасалған жоспар бойынша жүріп жатыр. Қазір бізде Олимпиадаға 3 балуанның жолдама алғанын білесіздер. Енді бізге тағы 4 салмақта лицензия алу керек. Бұл жолдаманың мәселесі Астанада 30 наурыз бен 1 сәуір күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін халықаралық турнирде шешіледі.
– Қазір команда қай жерде дайындалып жатыр? Осы кезге дейін балуандар қандай жарыстарға қатысып, дайындықтарын пысықтап көрді?
– Балуандар бірнеше үлкен жарыстарға қатысты. Оның ішінде Түркияда өткен әлем біріншілігі, Кореяның Гуми қаласында өткен Азия чемпионаты, Иранның Кум қаласында болған дәстүрлі «Ядигер имам кубогы» сияқты жарыстар болды. Жаттығулардың бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Балуандар 29 ақпан мен 14 наурыз аралығында Тараз қаласында жаттықты. Мұның алдында Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізген болатынбыз. Қазір біз балуандарды екіге бөліп жаттықтырып жатырмыз. Мысалы, Лондон Олимпиадасына лицензия алған Нұрмахан Тінәлиев, Алмат Кебісбаев пен Асхат Ділмұхамедовке қойылар талап жоғары екені белгілі. Сондықтан олардың дайындығына үлкен мән беріп отырмыз.
– Осы балуандардың ішінен кімнің Олимпиаданың жүлдегері атануына үміті көп дейсіз?
– Енді мен бәрін бөліп-жарып айта алмаймын. Балуандардың бәрі бабында. Бабы мен бағы келіссе, Олимпиадада елімізді қуантуға шамалары жетеді. Қазір осы жаттығулар федерацияның жоспары бойынша жасалуда. Жоспарды даңқты балуан, федерацияның жұмысына қамқорлық жасап жүрген Дәулет Тұрлыхановтың өзі жасап берді. Ол кісінің өзі Азия чемпионатына, әлем біріншілігіне кімнің баратынын қадағалап отырды. Қазір Дәулет Болатұлы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, балуандардың деңгейін бақылап келеді. Ақыл-кеңестерін айтады. Яғни, балуандардың дайындығына барлық жағдайлар жасалып жатыр. Бізге тек, жаңа айтқанымдай, бақ керек. Бабымыз бар. Осы жерде мен Дәулет Тұрлыхановқа, федерация басшылығына, «Самұрық-Қазына-Астана» корпоративтік қорына алғыс айтқым келеді. Тек бәрін өзіміз ғана жасап жатырмыз демеймін, бізге қолдау көрсетіп жатқандар осы кісілер.
– Қазір бізде ауыр салмақтағы балуандар тапшы ғой. Олар қалай дайындалып жатыр?
– Иә, рас. Бізде ауыр салмақтағы балуандар тапшы. Сондықтан Нұрмахан Тінәлиев пен Әсет Мәмбетовті бөлек жаттықтыруға тура келіп отыр. Осы жерде тағы демеушілерге алғыс айтсам, артық болмас. Мысалы, Марат Тұрлыханов біздің ауыр салмақтағы балуандарымыздың дайындығына көп көмектесіп жатыр. Нұрмахан мен Әсеттің Мәскеуге барып, ресейлік балуандармен дайындалатыны сондықтан. Қазір елімізде оларға спарринг-әріптес бола алатын балуандар аз. Оларды салмағы аз балуандармен жаттықтыру қисынсыз. Сол себепті Мәскеуде Марат Тұрлыханов өзінің қол астына алып жаттықтырып жүр.
Демеушілердің көмегін, қолдаушыларды жақсы түсіну керек. Оны газет бетінде, үлкен мінберлерде айтпасақ, қай жерде айтамыз?! Қазір кез келген адам қалтасынан ақша шығарып, балуандардың жолақысын, жатын орнын, тамағын, қысқасы, тәуліктігінің бәрін төлей бермейді ғой. Мұндай қамқорлық жасай білетін адамдар көп емес, ілуде біреу. Жарысқа барудың өзі үлкен қаражатты талап етеді. Мұны түсінетін де, түсінбейтін де адамдар бар. Мен мұны демеушілерге жағамын деп айтып отырған жоқпын. Ондай қасиетім жоқ. Шындығы сол. Бізді қолдап жүргендердің арасында тағы Мкхитар Манукиянды да айта аламын. Ол да Дәкеңнің шәкірті ғой.
– Өздерінің қолынан келмесе де осындай қолы ашық кісілерді көре алмайтындар да бар. Мысалы, қазір қазақ күресінің балуандары да федерация мен сондай жаны жомарт азаматтардың көмегімен жарысқа барып, ел намысын қорғап жүргені белгілі. Бізге, осы жағынан алғанда басқа спорт түрлеріне де Үкімет тарапынан ғана емес, бизнес пен мемлекеттің әріптестігі аясында «Самұрық-Қазына» қорының да қаржылай қолдауы керек екені анық емес пе?
– Иә, қандай спорт түрі болса да қолдауды қажет етеді. Біздің күрес, Құдайға шүкір, осындай қолы ашық азаматтардың қолдауына ие болып отыр.
– Балуандардың денсаулығы туралы айтсаңыз.
– Тіл-көзіміз тасқа, ешкім жарақат алған жоқ. Бәрі дәрігерлердің тексеруінен өтті. Оларға спорттық-медициналық орталық бар жағдайды жасап, ем-домдарын берді.
– Биыл Олимпиададан кейін екінші рет қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирінің финалдық бәсекесі өтеді. Оған грек-рим балуандарының қатысқанына қалай қарайсыз?
– Енді оның бәрі Олимпиададан кейін шешіледі. Негізі қарсы емеспін. Бұл турнир балуандардың дзю-до, самбодағы әріптестерімен бірге шыңдалуына жақсы.
– Қазір балуандардың арасында өздерінің туысқандарын, інілерін күреске тартып жатқандар бар ма?
– Бар. Нұрмахан Тінәлиевтің Қажымұқан деген інісі бар. Сол бала грек-рим күресіне қатысып жүр. Салмағы – 70 кило. 1994-1995 жылғы бала. Енді оның болашағы туралы ештеңені болжап айта алмаймын. Бәрі бапкері мен өзінің қолында. Бұйыртқаны болады. Негізі жақсы бала.
– Бапкерлер туралы айтып қалдыңыз. Олардың жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Бапкер балуанға әке сияқты болу керек. Балуанға жақсы тәрбие беріп, жарысқа жақсы дайындап, бағын ашатын да бапкер. Қазір біз Мкхитар Манукиян мен Бақтияр Байсейітовпен тізе қосып жұмыс істеп жатырмыз. Олар – күрестің ыстық-суығын көрген тәжірибелі бапкерлер. Бапкер баланы жарым жолда тастамайтын, сағын сындырмайтын, қабілет-қарымын білетін адам болуы керек. Бұл енді үлкен психологиялық жұмысты талап етеді. Сондықтан түсінген адам бапкерлердің жұмысының қандай қиямет-қайым екенін жақсы білуі керек. Мкхитар Манукиян мен Бақтияр Байсейітов сондай бапкерлер.
– Жақын арада Астанада Елбасының жүлдесі үшін үлкен лицензиялық турнирдің өтетіні белгілі. Оны елімізде өткізу қалай шешілді?
– Бұл турнирді елімізде өткізу үшін Дәулет Тұрлыханов көп еңбек сіңірді. Ол – Халықаралық күрес қауымдастығында беделі, әлемдік спортта аты бар адам. Сол кісінің арқасында мәселе шешілді. Жоғарыда айтқанымдай, біздің елімізге осы турнирде төрт лицензия алу жүктелген. Өзің көріп отырғандай, соған дайындалып жатырмыз.
– Бап бар, енді бақ керек дейсіз ғой. Жалпы, мүмкіндік бар ма?
– Бар.
– Мәке, кезінде екеуміз Алматыда бір командада доп тебуші едік. Қазір қалай, ойнап жүрсіз бе?
– Қол тигенде ғана.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.
–––––––––––
Суретте: Спорт және денешынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатовтың спорт кешінде «Жылдың үздік бапкері» атағын иеленген грек-рим күресінен ұлттық құрама командасының бас бапкері Мұратбек Қасымхановты марапаттау кезі; грек-рим күресінен Қазақстанның ұлттық құрамасы.