Ақтөбе аймағында еңбекақы мөлшерін өсіру мен реттеу мәселелерін талдайтын арнайы жұмыс тобы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін іле-шала құрылған-ды. Топ мүшелері ең алдымен аймақтағы айлық жалақылары 42 500 теңгеден төмен халық санын анықтауды көздеген болатын.
Яғни, бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер және мониторингтік бақылаулар нәтижелері облыста жоғарыда аталған категорияға кіретін жұмыс істеушілер қатары тұп-тура 70 мың екенін көрсетеді. Оның 32 мыңы – бюджет саласының қызметкерлері. Бұл ретте бірінші кезекте білім беру саласында қызмет істейтін мамандардың жалақы мөлшерін көбейтуге басымдық берілді. Жұмыс тобы өңірде аталған санатта 25 мыңнан астам қызметкер бар деп мәлімдеді. Олардың еңбекақылары орташа есеппен алғанда 48 600 теңгеге дейін өседі деп күтілуде.
Осы орайда облыстағы жалақы мөлшерін өсіру жөніндегі нақты іс-қимылдар экономикалық және әлеуметтік сектордың барлық саласына қатысты екенін айтқан жөн. Бұл ретте бүгінде өңірде 15 872 жекеменшік иелері мен шағын компания бар екені де ұдайы назарда болып келеді. Арнайы жұмыс тобы бұл құрылымдарда жалақылары 42 500 теңгеден төмен 39 мыңға жуық адам бар екенін де шотқа түсірді.
Бір сөзбен айтқанда, қазіргі күні облыста ең төмен жалақы алатын азаматтардың нақты санын анықтау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Тақырыпқа орай өз ой-пікірін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев газет тілшісіне былайша жеткізді:
– Жалақы – адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін нәзік те шетін әрі күрделі мәселе. Оны реттеу мен өсіру жөніндегі іс-шаралар үстірттік пен формальділікті көтермейді. Біз өңірдегі барлық ірі және орта кәсіпорын жетекшілері мен арнайы жұмыс тобы мүшелерінің осы жайтты назардан тыс қалдырмауын айтып келеміз. Бұл ретте тек статистикалық мәліметтерге ғана арқа сүйеу аздық етері анық. Яғни, істің жағдайын уақыт тоздырмай тез арада әрі тиісті жерде шешу нақты нәтижеге жақындата түспек. Бүгінде бәріміздің алға қойып отырған мақсатымыз осындай.
Қазіргі күні өңірдегі барлық жұмыс беруші Президенттің тапсырмасына орай 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны көтеруді жүзеге асыруға бір кісідей жұмылған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ