• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Қараша, 2018

«Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасы басталды

482 рет
көрсетілді

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күніне арналған «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасының тұсаукесер рәсімі өтті. Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен тұсауы кесілген жоба Мемлекет басшысының жасампаз идеялары мен бастамаларын, кітапхананың бірегей қорларын насихаттап, көрерменді Елбасы Н.Назарбаевтың өмір жолы және қызметімен таныстырады.

Президенттік оркестрдің үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Күзет Қызметінің «Айбын» полкінің Құрмет Қарауыл Ротасы салтанатты шерумен шара шымылдығын түрді. «Шығармашылық. Жасампаздық. Инновациялар» көшпелі көрмесінің ашылуына Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов пен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов және қала тұрғындары мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттері қатысты.

Салтанатты шарада Әмірхан Рахымжанов жиналған қауымды алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. «Бүгін алғаш рет Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесі мен «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасының аясындағы қоғамдық-саяси тақырыптағы көшпелі экскурсияларымызды, еліміздің үлкен білім ордасы саналатын Еуразиялық ұлттық университетінде ашқалы отырмыз.  Құнды материалдар ұстаздар мен студенттер қауымына рухани тұрғыдан берері аз болмас деп сенемін», деді Әмірхан Рахымжанов. Сондай-ақ ол халқымыздың жоралғысы бойынша Мемлекет басшысының еңбектері мен ол туралы жазылған шығармалардан тұратын кітаптар коллекциясын сый ретінде ала келгенін айтты. 100-ден астам кітаптан тұратын коллекцияның құрамында Елбасымыздың әлем тілдерінде жарық көрген еңбектері мен Президенттің өмірі мен қызметін қамтитын, «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы», «Таңдамалы сөздер» және Елбасымыздың парасатты пайымдаулары мен ой-толғаныстарынан тұратын «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітаптар бар.

«Тұңғыш» – Қазақстан Республикасы Президентінің жасампаз көшбасшылығының дәлелі.  «Тұңғыш» – біздің жаңа заман тарихымыз. «Тұңғыш» – дәстүр сабақтастығының жалғасы. Еліміз рухани жаңғырып, өрісіміз кеңейтіп жатқан тұста, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық еңбегі бізді тағы да өткен мен бүгіннің тізгінін тең ұстауға жұмылдырып отыр», деді көрменің ашылу рәсімінде сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов. ЕҰУ ректорының айтуынша, «Тұңғыш» көрмесінің Күлтегін атриумынан басталуының рәміздік мәні бар. Өйткені, бұл жәдігер Елбасы ыждағатының арқасында елорданың бас университетіне дер кезінде жеткізілді.

Көшпелі экскурсиялық көрме осы жылдың 20 желтоқсанына дейін «Тарихи таңдау. Бастау», «Тарихи таңдау. Өрлеу», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі», «Атамекен» деген тақырыптармен өткізіледі. Көрмеде Мемлекет басшысына ерен еңбегі мен жаһандық бастамалары үшін  берілген қоғамдық наградалар кешені ұсынылады. Сондай ақ Елбасының 90-жылдардан бастап білім саласындағы еңбектері, шетел университеттерінде оқыған дәрістері мен Еуропа, Америка және Азия елдерінің беделді жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінен тарту етілген 25 мантия қойылған.

Айта кету керек, көшпелі экскурсиялардың форматы қатысушыларға бірегей материалдар жиынтығымен танысуға, оның ішінде Елбасының тарихи жолын ашатын бейне хрониканың сирек кадрларын, фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттарын және мұражай экспонаттарын қолмен ұстап көруге мүмкіндік береді.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»