Батыс Қазақстан облысында Қазақстан жастарын әлеуметтендіруге бағытталған «JasQZ» жобасы қорытындыланды. Жобаны «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мен Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі жүзеге асырды.
- Батыс Қазақстан облысының 12 ауданы мен Орал қаласын түгел қамтыған бұл пилоттық жоба еліміз бойынша тұңғыш рет өткізіліп отыр, - дейді «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің төрағасы Арман Әубәкір.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарды әлеуметтендіруге, яғни қоғамдық өмірдің түрлі саласына бейімдендіруге, қабілет қырын ашуға бағытталған жобаның дайындық жұмыстары қыркүйек айында басталған екен. Өткен үш айға жуық уақыт ішінде жобаға қатысушылар саны алтың мың адамға жуық. Қазан айында жоба жетекшілері Батыс Қазақстан облысының бүкіл ауданын аралап, мұғалімдерге семинар өткізіп, сертификат берілген.
«JasQZ» жобасы аясында ұйымдастырылған «Менің таңдауым» байқауы 6 бағыттан тұрды. Оған Батыс Қазақстан облысының 9-11 сынып оқушылары мен жоғары оқу орны студенттері қатысып, өзара бәсекеге түсті. Мектеп оқушылары мен студенттер «Ұлттық құндылық», «Әскери-патриоттық», «Әлеуметтік белсенділік», «Зияткерлік», «Шығармашылық», «Спорттық» бағыттары бойынша жарысып, жүзден жүйрік шыққандар қорытынды сайыста бақ сынау үшін Орал қаласына жиналды.
Тартысты өткен финалдық сайыста «Ұлттық құндылық» бағыты бойынша үздіктер салт-дәстүр бойынша біліктілігін сынады. Жеңімпаз ауызша сұрақтарға жауап беру арқылы анықталды. Қазылар шешімімен «Жас этнограф» аталымы Ақжайық ауданы, Есенсай мектебінің оқушысы Гүлназ Ғадылжановаға және Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенті Бибінұр Шәріповаға бұйырды.
«Әскери-патриоттық» бағыт бойынша үздіктер «Мемлекеттің қорғаныс қабілеті қайтсе бекем болады?» деген тақырыпта эссе жазып жарысты. Қазылар әскери-патриоттық «Жас ұлан» аталымына Орал қаласындағы №36 мектеп оқушысы Дильназ Махутова мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Райымжан Сансызбаевты лайық деп тапты.
«Зияткерлік» бағыт бойынша үздіктер математика пәні бойынша сынақтан өтті. Белгілі математик Елдос Сафуллин бастаған қазылар шешімімен Орал қаласының №43 мектеп оқушысы Санжар Жұмасейітов және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Санжар Латифов ең үздік атанды.
«Шығармашылық» бағыт бойынша үздіктер ұлттық аспаптарда өнер көрсету арқылы анықталды. Бұл сайыыста «Үздік өнерпаз» аталымын Орал қаласындағы №46 мектеп оқушысы Мәдина Қадырғалиева мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Алтын Жұмағалиева жеңіп алды.
«Әлеуметтік белсенділік» бағыты бойынша үздіктер қоғамның дамуына тегін еңбек еткенін дәлелдейтін құжаттарын (диплом, алғыс хат, фото-видео айғақтар ж.т.б.) ұсыну арқылы анықталды. Осылайша қазылар «Үздік ерікті» аталымымен Ақжайық ауданы, Бітік мектеп-балабақша кешенінің оқушысы Гүлайназ Сәрсенғазиеваны және Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінің студенті Арген Ғұбашевті марапаттады.
«Спорттық» бағыт бойынша үздіктер қашықтыққа жүгіру, кермеге (турник) тартылу жарыстары арқылы анықталды. Қазылар шешімімен Орал қаласының №6 мектеп оқушысы Нұржан Өтепқалиев пен Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының студенті Нұрлыхан Бекежан «Үздік спортшы» аталымымен марапатталды.
«JasQZ» жобасы аясында ұйымдастырылған «Менің таңдауым» байқауының жеңімпаздарын белгілі қоғам қайраткерлері Әміржан Қосанов пен Расул Жұмалы табыстады. Салтанатты шара барысында осы шараның жүзеге асыруға белсенді ат салысқан маман, қызметкерлер де марапаталды.
«JasQZ» жобасының қорытынды шарасына «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр Оралова арнайы келіп қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Гүлнәр Әлімжанқызы өз сөзінде байқаудың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын, батысқазақстандық жастардың оған белсене қатысқанын атап өтті.
Айта кету керек, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «JasQZ» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Алаш музейі мен Алаш аллеясында жергілікті оқушылармен экспедиция ұйымдастырды. Музейде балалар Алаш арыстарының шығармаларын жатқа оқып, өз өнерін ортаға салды.
- Жүрегі қазақ деп соғатын жалынды жастардың өсіп келе жатқаны бізді өте қатты қуантады. Біз Орал қалалық мектеп оқушылары үшін «Атамекен» ойын-сауық орталығында, «Саят» этно-туристік орталығында экскурсиялар ұйымдастырдық. Ол жерде қаланың үздік шыққан жастарын салтанатты түрде марапаттап, олардың арасында да арқан тарту, асық ойнау, қол күрестіру тәрізді ұлттық ойындардан жарыс өтті. Жеңімпаздар қолөнершілер жасаған ұлттық бұйымдарды сыйға алып, атқа мініп, ерекше қуанды, - дейді осы жобаны ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан Сәдір.
Үш айға созылған жобаның үздік шыққан жеңімпаздарына арнайы тіктірілген күртеше, куәлік, төсбелгілер таратылды. Мәдениеттанушы, белгілі этнограф Бердалы Оспанның «Қазақ салттарының інжу-маржандары» атты кітабы да сыйға тартылды.
- «JasQZ» – жастар бойындағы жақсы қабілеттерді ашып, патриоттық сезімді оятатын, бос уақытты тиімді пайдалануға бағыттайтын, оларды тұлға ретінде қалыптастыратын өте қажетті әлеуметтік жоба. Мұндай сайыстар елдік мүдде тұрғысынан одан әрі жалғасын табуы керек деп есептейміз, - дейді жоба жетекшісі, «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің төрағасы Арман Әубәкір.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»