Күршім ауданы ауыл шаруашылығын дамытуға, оның ішінде тауарлы-сүт фермаларын ашуға, мал бордақылау алаңдарын салуға, кооператив жұмыстарын жандандыруға, дұрыс пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтаруға ден қоймақ.
«Жоспар көп. Мектептерді таза экологиялық өнімдермен қамтамасыз ету үшін тауарлы-сүт фермаларын ашып, шағын цехтар құрып, пастерленген сүт, май, ірімшік шығарсақ дейміз. Кооператив жұмыстарын жандандыру да ойымызда бар. Жасыратыны жоқ, қазір ешкім мал баққысы келмейді. Тұрғындарға: «Кооператив ашамыз, малдың бәрін сонда қосасыздар. Сүтті кооператив төрағасына өткізесіздер. Ақшаларыңызды күнделікті төлеп отырады» деп түсіндіріп жатырмыз. Негізі ауданның барлық ауылдық округтерінде кооперативтер ашылған. Бірақ жұмыстары дұрыс жүрмей тұр. Келесі жылы Абай мен Бурабай ауылдарында мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Дұрыс, тиімді пайдаланбайтын жерлерді мемлекетке қайтарып, ол жерлерді тауарлы сүт фермаларын ашуға, бордақылау алаңдарын салуға берсек дейміз», дейді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.
Сонымен қатар аудандағы дербес бюджетке ие болған 5 ауылдық округке 10 миллион теңгеден қаражат бөлу, Марқакөл көлі жанындағы Ұранқай ауылына 6 гектар жерге 1 миллиард теңгеге демалыс базасын салу жоспарланып отырған көрінеді. Бұл жобаны жеке кәсіпкерлер жүзеге асырмақ. Жақында аудан әкімдігімен меморандум жасасыпты. Күршімде 60 пәтерлі үй салу және Күршім мен Марқакөл ауылдарының кәріз жүйелерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Маралды ауылының су құбырын жөндеу де жоспарға енді. Жалпы бүгінде Күршім ауданының ауызсумен қамтылуы 60 пайызды құрайды. «Аудандағы өзекті мәселенің бірі – Мәдениет үйлерінің жағдайы. Аудандағы 10-ға жуық Мәдениет үйі жөндеуді қажет етеді. Материалдық-техникалық базасы нашар. Осы мәселеге көңіл бөлу керек», дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы