• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2018

Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздары ант қабылдады

1061 рет
көрсетілді

Қай мемлекеттің де тыныштығын қорғауда ішкі қауіпсіздік маңызды рөл атқарады. Әскери өмірдің айнасына айналған Мемлекеттік күзет қызметі ширек ғасыр бойы ел игілігі мен қоғам қауіпсіздігі жолында табанды қызмет етіп келеді. Осынау қуатты құрылымның қатары биыл да жас сарбаздармен толығып отыр. әскер

Қыркүйек айында басталған әс­керге шақыру науқаны ке­зеңін­де Мемлекеттік күзет қыз­ме­ті­нің «Айбын» және «Батыр» Прези­дент­тік полктеріне қа­был­дан­­ған 295 жас сарбаз Алма­ты­да­ғы 0111 әскери бөлімінде Отан алдында ант қабылдады. Бұл рәсім әс­керилер үшін ерек­ше жо­ралғы саналып, сарбаздардың бойындағы па­трио­тизм, Отанға және Прези­дент­ке адал болу, сондай-ақ Қа­зақ­стан Республикасы Мем­ле­кет­тік күзет қызметінің қатарында адал қызмет атқару тәрізді қа­сиет­терге баулиды.

 Талап бойынша Мемлекеттік кү­зет қызметінің сапында сап­қа тұру үшін үміт­керлер сан сы­нақтан сү­рін­бей өтуге тиіс. Биылғы нау­қандағы іріктеу ба­ры­сында да сарбаздардың зият­кер­лік қабілетіне, қысылтаяң жағдайдағы батылдығы мен дұрыс шешім қабылдай алу шеберлігіне, тәртібі мен қы­ра­ғы­лығына айрықша назар аударылған. Олардың спорттық жетістіктеріне де зор мән бе­рі­ліп­ті. Мә­­селен, осы жылы қыз­мет қа­­тарына ша­­қы­рылған жас толқынның сапалық мінездемесі жоғары деңгейде екенін айтуға болады. Екі жүзден артық әскери қызметшінің 17 пайызының жоғары білімі бар болса, 67 пайызы орта, арнайы білімі туралы дипломмен келген. Жас сарбаздардың арасында 4 спорт шебері, 19 спорт шеберлігіне үміткер бар.

Өте жауапты міндеттерді мін­сіз атқару үшін аталған қыз­мет­те сарбаздардың кешенді   денешынықтыру және жа­уын­гер­­лік даярлығына баса назар аударылады. Олар саптық амалдарды, жауынгерлік қарудан ату машық-дағдысын, сондай-ақ жауынгерлік техниканы құрғақ жерде және суда жүргізуді, тағы басқаларды меңгереді. Спорттық жетістіктері бар жа­уынгерлердің әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде әлемдік дәрежедегі спорттық жарыстарға қатысу мүмкіндігі мол.

 – Елбасымыз қазан айындағы Жолдауында әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту туралы айтқан болатын. Отанды, халқын, тілін құрметтеуге тәрбиеленген ұрпақ туған жерін, елін қорғауға қабілетті болады. Елімізге адал қызмет ету және оны қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бүгін сіздер Тұңғыш Президент күні қарсаңында Отан­­ға мінсіз қызмет етуге және оны қорғауға әскери ант қа­был­да­дыңыздар. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан озық елдер­дің қатарына қосылып, шет мемле­кеттермен достастығымыз арта түсті. Сіздер әскери істі жақсы меңгеріп, командирлердің бұйрықтарын бұлжытпай орындап, адал қызмет атқара отырып, Қазақстанның Мәңгілік ел болуы­на өз үлестеріңізді қосасыздар, – деді салтанатты жиында сарбаздарды құттықтаған Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Объектілерді қорғау қызметінің бастығы, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев.

 Әскери ант қабылдау рә­сі­­мі­не Алматы қаласы әкім­ді­гі­нің өкіл­де­рі, қоғам қай­рат­кер­­лері, Мемлекеттік күзет қыз­­­ме­тінің ардагерлері, жас са­р­­­баз­­дар­­дың ата-аналары мен туыс­тары қа­тысты. Мемлекеттік күзет қыз­метінің әскери қызметкерлері өз­дерінің шеберліктерін, кәсіпқойлығы мен іс-қимылдарының үйлесімдігін көрсетіп жиылғандарды тәнті етті. Өз кезегінде жас сарбаздар да қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын паш етіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Сондай-ақ Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрметті қарауыл ротасы плац-концерттің (дефиле) жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.

 Отан алдында ант қа­был­даған сарбаздар алдағы уа­қытта Мемлекеттік күзет қыз­меті­нің Астана мен Алматы қа­ла­ла­рын­дағы әскери бөлімдерінде әс­кери мерзім аралығында жүк­телген аса жауапты міндеттерді атқаруға кірісетін болады. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ