Астанада Қоғамдық даму министрлігі мен «Қазақстанның азамат-тық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» тақырыбында VIII Азаматтық форум басталды.
Форумның жұмысына еліміздің барлық өңірінен келген 850-ден аса делегат қатысуда. Екі күнге созылатын жиын барысында азаматтық қоғамды дамыту саласында қомақты тәжірибе жинақтаған 100-ден аса кәсіби сарапшы, Парламент депутаттары, министрлер, қоғам белсенділері баяндама жасайды деп күтілуде. Осы уақыт аралығында форумнан форумға дейінгі кезеңдегі жинақталған ортақ мәселелерді талқылап, шешілу жолдарын қарастырумен қатар, ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға арналған тиімді жобалар жайында да айтылмақ.
Форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев осы жиын азаматтық қоғам дамуының бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Форум екі жыл сайын өткенімен, бұл алаңдағы талқыланған, шешім тапқан мәселелер елімізде азаматтық қоғамның дамуына серпіліс беріп келеді.
– Биыл форум Елбасының қатысуымен де маңызды бола түспек. Екіншіден, форумда әрі қарайғы тіршілігімізді анықтайтын өзекті мәселелердің бетін ашып аламыз. Бізге уәкілетті орган ретінде қандай да бір нормативтік-құқықтық құжаттарды немесе қандай да бір саяси шешімдерді қабылдамас бұрын қоғамның пікірін білу маңызды, – деді Д.Кәлетаев.
Осы арадан сәл шегініс жасасақ, өткен тарихымыздан азаматтық қоғамның Ұлы далаға жат еместігіне көз жеткіземіз. Оның негізгі құндылықтары мен дәстүрлері кешегі қазақ қоғамында қалыптасқан. Өркениеттің, ашықтықтың, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» ұғымының қазақ жерінен басталғандығын меңзейтін ұтымды жақтары Елбасының жуырда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты құнды мақаласында көрініс тапты.
Ал жаңа заманда, дәлірек айтқанда 2000 жылы Мемлекет басшысының «Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке үкіметтік емес ұйымдарды құру туралы алғашқы тапсырмалар берілді. Міне, сол уақыттан бастап, өсіп-өніп, жетілген, мол тәжірибе жинақтаған ұйымдар бүгінде әбден кемелденген шаққа жетті.
Бұл бағыттың маңыздылығы форумның «Мен сенемін 2.0» TEDx түріндегі әлеуметтік жобалар конференциясымен ашылуында-ақ аңғарылды. Замандастардың тарихын жеткізу арқылы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді, қоғамдық жаңғырық тудырған оқиғаларды баяндаушылар еш іркіліссіз ашық әңгіме айта білді. Бір ескерерлігі, ортаға шығып өз тәжірибелерімен бөліскен спикерлердің дені әлеуметтік желі арқылы қоғамдық пікір туғыза алатын және туғызып та жүрген жандар еді.
Мәселен, әнші Ақмаржан Көшербаева алдымен жұртшылыққа «Қыз тағдыры» атты бейнебаянын көрсетіп алып, содан соң тастанды балалар, ерте жүктілік, жастардың денсаулығын қорғау және сақтау мәселелері бойынша ой толғады. Әрбір ойын нақты оқиғалармен байланыстыра білді.
Ал «Мама PRO» коворкингтік және жаттықтыру орталығының негізін қалаушы Айжан Әлжанова ерекше балаларға қамқорлық жайын, «Көк жайлауды қорғайық» белсенділер тобының қатысушысы Дмитрий Жуков осы табиғи демалыс алаңына байланысты ахуалды, сондай-ақ мемлекеттік және муниципалдық бюджеттің орындалуын бақылау және ашықтығын қадағалау жөніндегі жоба жетекшісі Шолпан Әйтенова мен басқалары да өздері таңдаған, қолға алған салалары бойынша ақпараттарымен бөлісті.
Ал Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева белгілі журналист Дана Нұржігітпен делегаттар алдындағы сұхбатында азаматтық сектордың келешегі туралы әңгіме өрбітті.
«Қазіргі таңда әлемдік саясатта, қоғамдық бастамаларда әйелдердің белсенділігі туралы көп айтылады. Бұл ретте, біздің елдегі жағдай қандай деп ойлайсыз?» деп сұрақ қойды Д.Нұржігіт.
Қойылған сауалға жауап берген Аида Балаева жалпы, әйелдер – мемлекеттің тірегі екенін атап өтті. «Бұл туралы әрдайым Мемлекет басшысы да айтып келеді. Елбасы өз сөзінде «істі әйелдерге тапсырған дұрыс, себебі олардың жауапкершілігі мол» деп айтып отырады. Сондықтан әйелдердің жауапкершілігі мен еңбекқорлығы мол екенін айта кету керек. Бүгінгі таңда барлық әйелдер қандай жұмыспен айналысуды жөн деп тапса да барлық жағдай жасалған. Ер болсын, әйел болсын еліміздегі жауапкершілігі мол кез келген азамат өз мақсатына жете алады. Мемлекеттік қызметте де, журналистикада да, үкіметтік емес ұйымдарда да барлық салада. Сондықтан әйелдер, әлбетте – мемлекеттің тірегі», деді А.Балаева.
Сонымен қатар Дана Нұржігіт азаматтық секторды күтіп тұрған өзгерістерге қатысты Аида Балаеваның пікірін сұрады. «Менің ойымша, өзгерістер күні ертең басталып кетуі керек. Тіпті бүгін де... Себебі менің есептеуімше, осы форумдағы біздің кездесу көптеген маңызды әрі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған нақты шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Тиісінше, бұл шаралар өте тиімді болуы керек. Өйткені бәрі де бір-бірін өзара ақпараттандырып іс атқарса, мақсат орындалады. Біздің осылай жиналып, мәселелерді талқылауымыздың маңызы зор, деп жауап берді А.Балаева.
Сондай-ақ А.Балаева бұл форум бұған дейінгі басталған жұмыстарды жетілдіре түсуі тиістігін, еліміздегі тұрақтылық, бейбітшілік пен тыныштық, халықтың әл-ауқатының жақсы болуы сияқты негізгі құндылықтар халықты біріктіре түсетінін, әлеуетті Қазақстанды құру жолындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру барша қазақстандықтарға ортақ іс екенін жеткізді.
Жалпы, форум аясында осындай маңызды ойлар мен құнды пікірлер айтылатын семинарлар, шеберлік сыныптары, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, министрліктер мен ведомстволар басшыларымен салалық кездесулер форматындағы тақырыптық сессиялар 35 алаңда өтуде. Осы орайда, жан-жақтан келген делегаттармен де тілдесудің сәті түсіп, Азаматтық форумнан қандай нәтиже күтетіндіктерін білген едік.
Сұлтан Картоев, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті (Шығыс Қазақстан облысы):
– Мен үшін бұл форумның маңызы ерекше. Өйткені мен 2003 жылы қазан айында өткен ең алғашқы Азаматтық форумға да қатысқанмын. Содан бергі уақытта елімізде азаматтық қоғамның қалыптасып, дамуына белсене араласып келемін. Мемлекет басшысы еліміздің жетістіктерге жетуі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай» бірлік қажет екендігін ұдайы айтып отырады. Оған қоса, азаматтық қоғам, бизнес пен биліктің күш біріктіруі қажет екендігін үнемі еске салып келеді. Сондықтан осы жолғы форумда қоғамымыздың осы үш тармағының алдағы уақытта бірлескен іс-қимылдарын жандандыра түсетін шешім қабылданады деген ойдамын. Өйткені кез келген мемлекеттің дамуы халықтың ауызбіршілігіне тікелей байланысты.
Қайдарбек Құрмашев, «Ақжол-Махамбет» мүгедектер қоғамының жетекшісі (Атырау облысы):
– Мен форумға Атырау облысы Махамбет ауданынан келіп отырмын. Ал қоғамдық бірлестігімізді 2016 жылы құрдық. Қазіргі уақытта Елбасының тікелей қолдауымен біздің өңірде үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан барынша көмек беріліп келеді. Бүгінгідей жағдайда жақсының жақсылығын да айтып өткен абзал. Мәселен, біздің Махамбет ауданындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары жанданып, аяқтарынан тұра бастады. «Ақжол-Махамбет» мүгедектер қоғамы ауылдық жердегі қолдауға зәру мүгедектердің құқықтарын қорғауды міндетіне алған. Жаны жабырқау жандар мен атқарушы билік арасында көпір болуға тырысып келеміз. Атап айтқанда, қазір ауылдық жерлерде І және ІІ топтағы мүгедектерге жұмыс табыла бермейді. Жұмыс берушілер де оларды жақындатуға құлықсыз. Алайда, мүгедектерді жұмыспен қамтуға Елбасының өзі тапсырма берді емес пе!? Оларды арнайы мамандықтарға оқытып, білімдерін жетілдіру кім-кімге де аса салмақ болмайды. Біздің ауданда қазір пандустар салына бастады, алғашқы «Инватакси» көлігі алынып жатыр. Қазір осындай қамқорлықтың арқасында аудандағы 989 мүгедектің көбі еңселерін көтеріп, қоғамның толық мүшесі ретінде сезіне бастады. Мұның барлығы – Президентіміздің қамқорлығының нәтижесі.
Форумның бүгінгі жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы жоспарланған.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»