• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2018

Жауһар туындылар қазақ тілінде сөйледі

1002 рет
көрсетілді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі тармақтарының бірі саналатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының маңызы зор. Жобаны жүйелі жүзеге асыру мақсатында өткен жылы «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры құрылған болатын. Әзірге аударма жобасының алғашқы легінде 18 оқулық аударылып, әрқайсысы 10 мың данамен жарыққа шығып үлгерген. Алдағы уақытта қазақ тілінде сөйлеген тағы да 30 кітап оқырманға жол тартатын болады.

Жоба аясында тарих, философия, әлеуметтану, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, маркетинг, халықаралық бизнес, халықаралық құқық, педагогика, дипломатия, әдебиеттану, семиотика және өзге де гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша әлемнің маңдайал­ды университеттерінде оқытылатын үз­дік оқулықтар қазақ тіліне аударылып, басылып, отандық 110 жоғары оқу орнына таратылуда. Аударма жұ­мы­сы басталғалы бері «Ұлттық аудар­ма бюросы» Кембридж, Оксфорд универ­ситеттерінің баспалары және «Cengage», «Pearson», «Penguin Random House», «McMillan» сынды беделді халықара­лық баспа үйлерімен тығыз әріптестік орнатқан. Бүгінгі таңда жоба аясын­да­­ғы жұмыстарға жалпы саны 300-ге тарта маман жұмылдырылыпты. 

Бұл ретте Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «100 жаңа оқулық» жобасына қосым­ша ретінде аударылып жарық көрген Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы», Ю. Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» еңбектерін айрықша атауға болады. Алматы қаласының Өңір­лік коммуникациялар қызметі алаңында таныстырылымы өткен қос бірдей кітап әлемнің бірнеше тілінде жарық көрген құнды еңбек саналады.

Стивен Ковидің «Жасампаз жан­дардың 7 дағдысы» (7 Habits Of Highly Effective People) еңбегі – әлемнің 40 тілінде 30 миллион данамен таралған жеке тұлғаның дамуы туралы танымал кітап. 70-тен аса елде 13 рет қайта басылып шыққан. Тұңғыш басылымы 1989 жылы жарық көрді. Жетістікке жетуд­ің әдістемесін ұсынған №1 әлем­дік бестселлер болып есептеледі. Кітап 4 бөлімнен тұрады. Автор жеке тұлға­ның дамуына, қалыптасуына бағыт-бағдар беретін 7 дағдыны атап көрсетіп, әрқайсысын жеке-жеке талдайды. Ал­ғашқы үш дағды адамның өзін-өзі басқару – толық тәуел­сіздікке жету жолдары, келесі үш дағды – ма­ңайындағы адамдармен өзара қарым-қатынас, соңғы жетінші дағды – адам­ның өзін және өзгелермен қарым-қатына­­сын басқара білу қабілетін үздіксіз жетіл­діріп оты­ру тақырыбын қамтыған. Ав­тор жетіс­тікке жетудің жолы мен өмірлік ма­ңыз­­ды принциптерді атап көрсетіп, кез келген жағдайда дұрыс әрі нақты ше­шім қабылдаудың әдіс-тәсілдерімен бөлі­седі. Бұл туынды ұзақ уақыт бойы ХХ ғасыр­дың бизнес саласындағы ықпалды кітап­тары­ның көшін бастап тұрған менеджмент бойынша іскерлік әдебиет тарихында үздік он еңбектің қа­тарына кірген. Әлемде кітаптың аудио­нұсқасын жүктеп алғандар саны 1 мил­лионнан асыпты. Мұндай көрсеткіш АҚШ бас­па ісі тарихында рекордтық көрсеткіш ретінде тіркелген. 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген негізгі құндылықтар бар. Ол – сананың ашықтығы, білімге деген құш­­тар­лық, прагматизм мәселесі. Біздің ойы­­мы­зша осындай қосымша кітаптар ар­қы­лы, қосымша білім арқылы бұл мәсе­лелер қамтылатын болады. Сонымен қа­тар әлемдік бестселлердің енді аудио нұс­­қасы, электронды нұсқасы шығатын бо­­ла­­ды» деді Алматы қалалық Ішкі сая­сат бас­қармасының басшысы Нұрлан Сыдықов.

Әлемге әйгілі профессор Ю.Харари­ден тәржімаланған «Адамзаттың қыс­қа­ша тарихы» кітабы бұған дейін әлем­­нің 45 тіліне аударылып, 20 мемлекетте 7 мил­­лион данамен таралған. Империялар қа­­лай құрылды және күйреді? Нелік­тен әйел­­дерді еркектерден төмен қой­ды? Адам­­дар шынайы бақытқа жете ал­ды ма? Бо­ла­шақта бізді не күтіп тұр? Кітап өт­кен кезең­дердің оқиғалары мен қазіргі за­ман мә­се­лелері арасындағы байланысқа зер салып, оқырман­ды қоршаған орта тура­лы түсініктердің бәрін қайта қарауға ба­ғыт­т­айды. Юваль Ной Харари – тарих­шы-ме­ди­евист, Иерусалимдегі Еуро­па уни­вер­ситеті тарих факультетінің про­фес­соры. «Sapiens: адамзаттың қыс­қ­аша та­рихы» және «Homo Deus: ертең­гі күн­нің қыс­­қаша тарихы», сондай-ақ «ХХІ ға­­сыр­­ға арналған 21 сабақ» атты ең­­­бек­­тердің авторы. Мамандар жоба­ға қо­сым­ша ретінде енген мұндай оқу­лық­тар­дың оқыр­мандарға берері мол деп есептейді.

«Алматы қаласының әкімдігі елі­міз­де жүріп жатқан «Рухани жаң­ғыру» бағ­дар­ламасына Алматының қос­қан үлесі ретінде осы кітаптарды шы­ғаруға бастамашы болып отыр. Шаһардағы 38 жоғары оқу орнының ба­сын біріктіретін G38 деп аталатын үлкен алаңда осы кітаптар ұсынылды. Мұны үлкен шығармашы­лық ұжымның еңбек­ті жемісі деп айта аламыз. Бүгін – кітаптардың көпшілікке жол тартуын асыға күткен күн. Осы кітап ең үлкен қа­ла­­лардағы ең үлкен дүкендерде саты­ла­­тын, ең үлкен тиражбен басылып тарал­ған кітаптар. Бұған дейін қазақ тілін­де мұндай ең көп таралған бестселлер болмаған. Биыл жоба аясында әлемдік бестселлер саналатын 30 кітап іріктеліп алынды. Тізімді біздің сайттан көруге болады. Қазір осы бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Негізінен бір кітапты ауда­руға 6-7 ай уақыт кетеді. Ол – аударма, ғылыми редакция, әдеби редакция, қаттау, беттеу, баспа сияқты кезеңдер. Шын­­ды­ғында, әр аударма – бір туынды жазу­мен пара-пар», дейді Ұлттық аудар­ма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан» 

АЛМАТЫ