• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2018

Мемлекет басшысы Қазақстанның VIII Азаматтық форумына қатысты

391 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бірлігін нығайту және елімізді орнықты дамыту жолында мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

– Осы форум үкіметтік емес секторға тың серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына жол ашуға тиіс. Бүгінгі кездесу барысында күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша нақты ұсыныстар айтылатынына сенімдімін, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті балалар үйлері мен «Ана үйі» дағдарыс орталықтарына қолдау көрсететін ұйымдардың жұмысына арнайы тоқталды. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін осы жұмысқа атсалысатын үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев арнайы санаттағы азаматтардың оңалуына жәрдем беру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар басқа да жобаларды іске асыру ісімен айналысып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға ризашылық білдірді.

Қазақстан Президенті еліміздің үкіметтік емес секторын дамытудың бірқатар нәтижелерін атап өтті.

– Үкіметтік емес ұйымдар саны 2003 жылы 5 мың болса, 2018 жылы 22 мыңға дейін жетіп, төрт еседен астам өскен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемі 65 есе өсіп, қазіргі кезде 20 миллиард теңгеден асып отыр. Нәтижесінде, бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, іс жүзінде, қоғамымыздың маңызы бар барлық саласын қамтиды, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы үкіметтік емес секторды әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тартудың маңыздылығын айтып, үкіметтік емес ұйымдар жобаларын қаржыландыру ісінің ашық жүргізілуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

– Осы бағытта Үкіметке цифрландыру үдерісінің аясында Үкіметтік емес ұйымдарды тексерудің бірыңғай электронды реестрін құруды тапсырамын. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар өз еркімен тіркеліп, тиісті материалдарын орналастыра алады. Бұл осы ұйымдардың рейтингін қалыптастырып, олардың қаржыландыруға қол жеткізуіне мүмкіндік береді, – Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы азаматтық бақылау жүргізудің тиімді тетігін құру қажет екенін айтып, бұл ретте Қазақстанның Азаматтық альянсы басты рөл атқаратынын атап өтті.

– Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн. Осы бағыттың аясында экология, әлеуметтік жұмыс, балалардың құқығын қорғау және басқа да салалар бойынша жобалар жүзеге асырылуы мүмкін. Үкімет пен Қоғамдық даму министрлігіне барлық айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп, оның іс жүзінде жүзеге асырылуын қарастыруды жүктеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара барысында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қоғамдық бақылауды бағалау және қамтамасыз ету үдерісіне үкіметтік емес ұйымдардың белсенді атсалысуы керек екені айтылды. Осыған байланысты, Елбасы Үкіметке Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

– Жастар саясатын іске асыру ісінде үкіметтік емес сектордың рөлін күшейту қажет. 2019 жылдың Жастар жылы деп жарияланғанын ескеретін болсақ, бұл мәселе өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев еріктілер қозғалысына қолдау көрсету бағдарламасын кеңейту үшін шаралар қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы осы қызмет түрінің сұранысқа ие екені «ЭКСПО-2017» көрмесі мен XXVIII қысқы универсиаданың өткізілуі барысында анық көрінгенін атап өтті.

– Үкіметтік емес ұйымдардың атсалысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше мұқтаж балалар мен жастар үшін аса белсенді ортаның қалыптасуы жақсы үрдіс саналады. Инклюзивті қоғамды дамыту – әлемдік тәжірибе және барлық дамыған елдердің азаматтық қоғамы жүзеге асыратын маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі жүзеге асырып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақалада белгіленген басымдықтар аясында жұмыстарды бастаудың маңыздылығын атап өтті. Елбасы мұнда көрсетілген бағыттар мен жобаларды іске асыру үдерісіне үкіметтік емес ұйымдарды тарту қажеттігін айтты.

– Қалалардың, аудандардың әкімдері цифрлық технологияны қолдана отырып, бір терезе қағидаты бойынша халыққа кедергісіз ашық кеңістік қызметін ұсыну жүйесін енгізуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Қазақстан Президенті Үкіметке Азаматтық форум барысында айтылған ұсыныстар негізінде нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді және оған барлық мүдделі мемлекеттік органдардың атсалысуын қарастыруды тапсырды.