• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2018

Астанада «Қазавтодор - Kaztraffic 2018» Көрмесі өтуде

578 рет
көрсетілді

Астанадағы «Көрме» орталығында XV «Қазақавтожол-Kaztraffic-2018» халықаралық мерейтойлық көрме ашылды. Онда автомобиль жолдарының құрылысы, жөндеу, күтіп ұстау саласындағы соңғы жетістіктер көрсетілуде.

Көрмені Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр ашты.

«Қазақстанның автожол желілерін дамыту мен жетілдіру – біздің министрлік шешетін басым мемлекеттік міндеттердің бірі. Автомобиль жолдарының заманауи желісін құру және тиімді пайдалану, жол кешенінің инфрақұрылымы – мемлекет экономикасының серпінді дамуының негізгі тірегі болып табылады. Үстіміздегі жылы еліміз бойынша 4,5 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар көлік жолдары жөнделді», деп атап өтті Р.Скляр көрменің ашылуында сөйлеген сөзінде.

Биылғы көрмеде «Ірі қалалар мен жақын маңдағы елді мекендер арасында көлік қатынасын дамыту бойынша шаралар қабылдау» және «Өңірішілік қатынастарды жақсарту үшін жергілікті жолдарды жөндеуге қаржы көлемін 150 млрд теңгеге дейін ұлғайту» мәселелеріне басымдық беріліп отыр. Бұл шараларды жүзеге асыру Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 31-қаңтардағы халыққа Жолдауында тапсырылған болатын.

Қазақстан Республикасының, Беларусь, Украин, Ресей, АҚШ, Германия, Түркия, Қытай және өзге де елдердің 100-ден астам заманауи ғылыми және техникалық өнімдері мен материалдары ұсынылып отыр.

Көрме аясында өңіраралық жол инфрақұрылымын дамытуды шешу жолдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Оның жұмысына АҚШ, Франция, Түркия, Ресей елдері мен Қазақстанның белгілі компаниялары өкілдерінің қатысып, өз елдеріндегі жол құрылымына қатысты тәжірибемен бөлісті, жүзеге асыру үстіндегі инновациялық жаңашылдықтарын ортаға салды.

Бүгінде елімізде қолданыстағы автомобиль жолының ұзындығы –  95,6 мың шақырым. Оның 24,4 мың шақырымы –  республикалық маңызы бар, ал 71, 2 мың шақырымы –  жергілікті жолдар.

Жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында біздің министрлік автожолдар, транспорт және азаматтық авиация салаларында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Негізінен автомобиль жолдарын салу мен қайта жөндеу жұмыстарына мән берудеміз. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 2015-2017 жылдары республика бойынша І жəне ІІ деңгейдегі техникалық категорияларға жататын 5,9 мың шақырым жол салынды және жөндеуден өтті. Соның ішінде іске қосылған Батыс Еуропа -Батыс Қытай көлік дәлізі де бар», деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.

Оның айтуынша, аталған жұмыстарға 932,4 млрд теңге қаражат бөлінді, оның 472,8 млрд теңгесі ұлттық қордан қаржыландырылды. Одан бөлек, аталған жобаларды жүзеге асыру кезінде 80 мың адам жұмысқа тартылды. Жолдарды салу мен жөндеуге жұмсалған құрылыс материалдарының 95 пайызын отандық өнімдер құрады.

Сонымен қатар вице-министр үстіміздегі жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен жөндеу бағытында 23 жобаның жүзеге асырылғанын, 4,6 мың шақырым жол пайдалануға берілгенін айтып өтті. Ол жобаларға бюджеттен 232,4 млрд теңге қаржы бөлінген және жыл соңына дейін тағы 528 шақырым автожол ашылмақ.

«Қазіргі уақытта елімізде жергілікті маңызы бар жолдарға бөлінген қаржы көлемі –  155,9 млрд теңге. Оның 64,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Бұл қаражатқа өңірлердегі жалпы ұзындығы 4373 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 232 шақырым жол жаңадан салынады және қайта жөндеуден өтеді, ал қалған 4141 шақырым автожолға күрделі және орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізіледі», деді ол.

Көрме аясындағы іс-шараларды Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР ИДМ Автомобиль жолдар комитетінің, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ-ның ресми қолдауымен «VS Expo Com» көрме компаниясымен өткізуде. Көрме жұмысы екі күнге созылмақ.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»