Қорқыт ата мұрасын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне қосу туралы өтініш бірауыздан мақұлданды.
Елбасымыз қоғам тарапынан зор серпіліс тудырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтауды және ортақ фольклорлық мұраларды зерттеуді айрықша тапсырған еді. Аталған мақала кеңінен талқыланып жатқанда алыстан ақжолтай жаңалық жетті. Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс ретінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді.
Былтыр наурыз айында Қазақстанның бастамашылығымен және бауырлас Түркия, Әзербайжан мемлекеттерінің қолдауымен ұйымның қарауына алынған бұл жұмыс осылайша игі нәтижемен аяқталды. «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілген құжат Маврикий Республикасының астанасы Порт-Луисте өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитетінің 13-үкіметаралық отырысында мақұлданып, тиісті шешім қабылданды.
Барша халқымызға құтты болсын!