Мен ақын әрі жазушы Ерғазы Рахимовтың атын алғаш рет 1964 жылы жаз айында Аягөз базарында естідім. Ол кезде Аягөз базары күн сайын гуілдейтін де жататын. Тап бір мерекедей. Өйткені бірнеше жерде қымызхана бар болатын. Сол қымызханаларға жан-жақтан келген адамдар, қаланың көнекөз ақсақалдары күнде жиналатын. Сары қымызды сіміре отырып, әңгіме-дүкен құратын. Сөзуар шешендер де, ақын-жыршылар да, жас талапкер ақындар да осында бас қосатын. Омархан Бөрібасаров деген жамағайын, өзі ақын бір ағам болушы еді. Марқұм ерте қайтыс болып кетті. Ақындығы тәп-тәуір еді. Өлең соңында жүріп басын тауға да, тасқа да ұрды. Ащы судың соңына да түсіп бақты. Ақыры өлеңнен де орын таппай, өмірден де орын таппай бұл дүниеден ізсіз-тозсыз көшті, аты өшті.
Қазір оны бірен-саран көз көргендері болмаса ешкім де еске алмайды. Зады, талант киелі нәрсе. Оны шамдандыруға болмайды. Шамдандырсаң қоңсы қонбайды. Еңбексіз өнер, өз жолын таппаған талант талайсыз... Сол Омархан Аягөз өзені бойындағы Шолпан совхозының Қымыз ауылынан Аягөз базарына қымыз таситын. Өлеңге алғаш бой ұрып жүрген кезім. Соған еріп бір күні базарға мен де бардым. Қымызханаға кірсек, қызара бөртіп алған жұрт ұзақ сонар әңгімеге көшкен. Орталарында шәпеті ғана отыздар шамасындағы қара торы жігіт мойнын сәл қисайта темекісін қисық тістеп әңгімені соғып отыр. Омархан «Ерғазы Рахимов деген ақын ағаң осы. Өзі сұмдық ақын. Қазақтың қара тілінің жүйрігі. Осы Аягөздегі «Алға» аудандық газетінде істейді» деді. Босағада отырған мендей балаға ол кезде кім назар аударсын. Мен аузымды ашып, Ерғазыға қарап қалыппын. Әңгіме ауаны бір кезде поэзияға ауысты. Ерғазы Омарханға мойнын бұрып: «Ә, Омархан, келдің бе? Жоғары шық!» деді. Омархан төр шетінен орын алды.
«Өлең оқы!» деді Ерғазы Омарханға мойнын бұрып. Омархан бір-екі өлеңін оқыды. Ерғазы оны ынта қойып тыңдап отырды да, бір кезде өзі өлеңдетіп қоя берді. Қымызханада отырған жұрт тым-тырыс. Сүттей ұйып қалыпты. Ерғазы барып-барып тоқтады. Жұрт шөлі қанбай таңдайының суын жұтқандай «Әрі қарай оқы Ерғазы, Зейнелдің арғы тағдыры не болды?» десті. Сөйтсем, Ерғазы өзінің «Зейнел күйі» поэмасынан үзінді оқып отыр екен. Кейін кітап болып шыққанда қазақтың сонау заманда өткен күйші қызының тағдырын жете тани түскенім есімде.
Түске таман қымызханадан жұрт тарқай бастағанда Омархан Ерғазыны жекелеп алып шықты. Оңаша бір кафеге бардық. Екеуі ұзақ әңгімеге кетті. Сөз арасында Омархан мені «Мына бала Шұбартаудан келіп жүр. Маған туыстас. Өзі өлең жазады» деп таныстырды. Ерғазы бітіктеу көзін сығырайта маған назар аударып, «өлең оқышы!» деді. Мен тырнақалды өлеңдерімнің бір-екеуін оқыдым. Ерғазы басын изеді де қойды. Өлеңім онша көңіліне қона қоймаған болуы керек. Міне, менің Ерғазы ағамен таныстығым осылай басталды.
Жалпы қандайда бір таланттың жолы ауыр. Әдебиет қамалы оңайлықпен алдыра қоймайды. Оған өміріңді арнауың керек. Жолыңдағы кедергілерді тас-талқан етуің керек. Кейде тұрмыс, тағдыр өз ырқына алып кетіп, дегеніңе жеткізбей жатады. Талай таланттардың жанбай жатып сөніп кететіні содан.
Ерғазы аға бар өмірін Аягөзде аудандық газетте өткізді. Алматыдағы қазандай қайнап жатқан әдеби ортаға кіру оның маңдайына жазылмады. Аягөзде жатып-ақ екі жанрда бірдей бұрқырата жазды. Алайда газеттің күнделікті қым-қуыт жұмысы, тұрмыс тауқыметі бауырын еркін жаздырмады. Денсаулығы да дімкәс болатын. Ақыры алып тынды. Ақкөңіл, ешкімді жатырқамайтын, қазақтың арғы-бергі тарихынан хабары мол, кешегі дегдар шалдардың сарқытын ішкен тілі құнарлы Ерғазы қаламынан қаншама дүниелер туды. «Зейнел күйі», «Нұрлы шақ», «Тентек келін», «Бозтөбе», «Мұра», тағы басқа кітаптары артында қалды. Ерғазы шығармаларының алтын өзегі көбінесе ел-жұртының тағдыры, атамекені Тарбағатай тауының тарихы болып келеді. Әсіресе оның прозалық шығармаларын оқи отырып, Әуезовтер қанып ішкен қазақ тілінің қайнарынан сусындайсың. Ерғазының тілі қалам ұстап жүргендердің көбінің маңдайына бұйырмаған қаймағы қалың түскен мәйекті тіл еді. Осы құнарлы тіл оны Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев сияқты атақты жазушылармен ажырамас дос етті. Тұманбай Молдағалиев ағасымен сыйлас етті. Оралхан Ерғазыны туған ағасындай көретін. Бірін-бірі сағынысып жүретін. Бір өкініштісі, Ерғазыны Семей, Аягөз өңірі жақсы білгенмен, жалпақ қазақ жұрты дер кезінде тани алмады. Мүмкін тағдырдың жазуы солай шығар. Ерғазы сияқты республикаға кеңінен таныла алмай қалған қаншама таланттар дүниеден өтті. Олар қазақ даласының әр түпкірінен табылады. Қайсы бірін айтайын?!
Ерғазы аға өмірде өзінің Малтүгел бабасы секілді аңқау, қолына қалам ұстағанда Қабанбай атасы сияқты қайсар еді. Бұлталақтауды, жалпақтауды жаратпайтын. Тура сөйлеп, түзу жүретін. Тұрмыс қамын көп күйттемейтін. Бар мұратын өзінің қаламынан туған туындыларынан күтетін. Кедейдің жалғыз атындай өмір бойы ауыр жұмыс астында жауыр тірлік кешіп өтті. Алдыңғы ағаларына ізетті іні, кейінгі інілеріне тілекші болды. Бір қызығын айтайын: Ерғазы кітап шығару мәселесімен Алматыға жиі баратын. Бірде бала күннен досы, жазушы Тұрдыбек Алшынбаевқа телефон соғады. «Мен бәленбай күні Алматыға барамын. Кітабымды жуамын. Сол үшін сен үйіңе менің атымнан мол дастарқан жасатып, Оралхан, Тұманбай, Кәдірбек ағаларымды, Несіпбек, Тұрсын інілерімді шақырып қой» деп тапсырма береді. Тұрдыбек айтқанын екі етпей орындайды.
Шақырылған бір топ қонақ Тұрдыбектің дастарқанында отырмыз. Ерғазының өзі жоқ. Қашанғы күтеміз, тамақ жеуге кірістік, біраз жерге барып бөрте бастағанымызда Ерғазы аға келді. Жақсы отырыс болды. Әңгіме айтылды. Өлең оқылды. Түсте келген қонақтар кешке тарай бастадық. Ерғазы да бізбен бірге қалаға кететін болды. Бәріміз киіндік. Ерғазы плащын таба алмай шыр-пыр болды да қалды. Әрі іздеді, бері іздеді, плащ жоқ. Тұрдыбек ағамыздың үйіндегі Кәбира жеңгеміз аң-таң. Бір кезде Кәбира жеңгей: «Мынау тұрған нейлон плащ кімдікі», деді. Киім ілгіште әйел адамның жұқа плащы ілулі тұр. Ерғазы плащқа назар аударып, «Ойбу» деп санын бір-ақ соқты. Сөйтсе ағамыз жеңгейдің плащын киіп келгенін енді біліп тұр... Ерғазының мұндай аңқау қылықтары бір бұл емес. Бірде тағы Алматыға жүргелі отырғанында үйіне бір қойшы ағайыны келеді. Ерекең бәйбішесіне қонаққа шай беруді тапсырып, өзі асығыс жолға шығып кетеді. Тағы да сол Тұрдыбектің үйі, Ерғазының кезекті қонақтары. Тағы да қонақтан тарқарда туфлиін таппай қалады. Тағы да Кәбира жеңгеміз елдің бәрі киініп шыққаннан кейін жалғыз қалған қойдың қиы жұққан туфлиді көрсетеді. Асығыста қойшының аяқ киімін іле кеткенін сонда барып біледі Ерекең. Міне, Ерғазы ағам осындай аңқау кісі еді.
Ерғазының талантты болатын жөні де бар. Рахимовтар әулеті шетінен өнерлі еді. Бабаларынан жалғасқан қасиетті бүгінге төкпей-шашпай жеткізген де солар. Ал Ерғазының туған інісі Тұрсынғазы Рахимовтың өзі қазақтың ән өнеріне қаншама олжа салды. Бір Мұқағалидың өлеңдеріне жазылған әндерінің өзі қаншама. Сол Тұрсынғазы екінің бірі алып жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына қол жеткізе алмай кетті. Ерғазы да осындай. Алайда адамның берген атағынан гөрі Алланың берген таланты олардың есімін ел жүрегінде қалдырды. Биыл туғанына 80 жыл толып отырған Ерғазы Рахимовты Аягөз өңірі атап өтуге тиіс. Өйткені Ерғазы қаламынан туған шығармалар түп-түгел Аягөздің кешегісі мен бүгінінен сыр шертеді. Тарбағатайдың ұңғыл-шұңғылын, сай-саласын, аң-құсын, қараған-бүргеніне дейін жан-тәнімен жырлаған, қара сөзбен сырлаған Ерғазы Рахимов тасжарған талант еді. Амал не, енді артында қалған мұраларына тәубе етеміз...
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты