Мәңгілік рухты басшылыққа алып, ақирет пен дүние істерін бірдей назарда ұстау – рухани тінімізді әлсіретпеу үшін де, қоғамның ілгерілеуі мен алға жылжуы үшін де керек екені анық. Дін – рухани өмірдің құбыласына айналғандай. Десек те, шынайы құлшылық қылудың мәнісін білуде, иман ұғымын ғибадат түсінігінен, Құдай ісін дін ісінен айыруда нені басшылыққа алғанымыз жөн? Исламның рухани әлеміне тереңдеп бару – қоғамда түсіністік ауанының қалыптасуына, рухани келісімнің орнауына сеп болатыны да белгілі ғой. Бүгінде қоғам ішін толғандыратын сауал жетерлік. Біз солардың бір парасына ғана жауап іздегендей болдық.
Мәңгілік рухты басшылыққа алып, ақирет пен дүние істерін бірдей назарда ұстау – рухани тінімізді әлсіретпеу үшін де, қоғамның ілгерілеуі мен алға жылжуы үшін де керек екені анық. Дін – рухани өмірдің құбыласына айналғандай. Десек те, шынайы құлшылық қылудың мәнісін білуде, иман ұғымын ғибадат түсінігінен, Құдай ісін дін ісінен айыруда нені басшылыққа алғанымыз жөн? Исламның рухани әлеміне тереңдеп бару – қоғамда түсіністік ауанының қалыптасуына, рухани келісімнің орнауына сеп болатыны да белгілі ғой. Бүгінде қоғам ішін толғандыратын сауал жетерлік. Біз солардың бір парасына ғана жауап іздегендей болдық.
1. Исламның «алтын орта» ұстанымы, «алтын ортаны іздеу» жөнінде қандай ой-пайым айтар едіңіз?
2. Діннің түпкі негізін Шәкәрімде, Абайда айтылатын ғылым, мейірім, әділет жөніндегі Құдайлық, яғни илаһи заңдар арқылы түсіндіруге қалай қарайсыз? Бұл дінаралық түсіністікке қаншалықты негіз болар еді?
3. Дін мен ұлттық мүдде, олардың ұштасуы мен тоғысуы тұрғысындағы байламыңыз қандай?
4. Елдегі діни сенім бостандығын түрлі секталар мен жат ілімдердің пайдаланып кетуіне, конфессиялар мен діни ағымдар арасындағы бәсекелестіктің орын алуына тосқауыл қоюда нені басшылыққа алған жөн?
5. Бүгінгі күнге дейін ұлтқұраушы, мемлекетқұраушы ел ретінде конфессияаралық, дінаралық келісім мен мәдениетаралық үндесу ұстанымы аясында неге қол жеткізе алдық, болашақта неге баса мән беруіміз қажет?
____________________________
Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері.
1. 2. «Алтын орта» деп дәстүрлі діндерге ортақ құндылықтарды айтамыз. «Өркениеттер қақтығысы», христиандық пен ислам қарама-қарсылығы жасанды идея, оның астарында саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелер жатыр. Бір құдайға табынған әлемдік діндер, қасиетті кітаптар Ибраһим пайғамбар отбасыларының арасында қақтығыс болуды қаламайды, сенім бірлесіп еңбек етуге міндеттейді. Мысалы, араб елдерінде Еуропа елдеріндегідей еврейлерді қудалау, қырып-жою болмаған. Еуропада еврейлерге ойран салу да дінге байланысты емес, саясатқа, ұлт саясатына, бәсекелестікке байланысты. Әрине, дінаралық соғыстар да болған. Бірақ қарапайым халық бейбіт өмір сүруге ұмтылған. Көршісін өзіндей сыйлаған қазақ оның дініне қарамайды. Өкініштісі, тарихшылар дінаралық соғыстарды теріп жазып, адамдар арасындағы сыйластыққа мән бермейді, сондықтан кейде тарих тек соғыстан тұратын сияқты болып отыр.
3. Дін мен ұлттық мүдделер аясында қайшылық жоқ. Ислам діні ұлттық ортаға икемді, үйлесімді, әсіресе Ханафи бағытындағы ислам ұлттық құндылықтарды құрметтейді. Ал енді ұлттық салт-дәстүрлерді айтатын болсақ, олар исламға дейінгі заманнан бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жаңа туған ай мен күнге, от пен суға сиыну сияқты басқа да ырым-жоралар әлі де бар. Бірақ бұны көп құдайға табынушылық деп бағаламау керек. Бүгін бүкіл әлемде сиқыршыларға жүгіну құдайға сенумен қатар келе жатыр, тіпті үлкен етек алуда. Сондай-ақ жаназа, жерлеу, ас беру, еске алу, тағы басқа да мәселелерде міндетті діни парыздар емес, ұлттық, кейде аймақтық, тіпті пендешілік те көріністері бар.
4. Әрине, басшылыққа заңдарды алу керек. Сонымен бірге әлеуметтік жағынан әлжуаз топтар секталардың ықпалында көбірек болады. Біз қалай болғанда да діндер нарығы, діндер бәсекелестігі заманында өмір сүреміз. Қай діннің, болмаса сектаның өкілі шешен, діни психологияны терең меңгерген, тәжірибелі, икемді сол секталарға өз билігін жүргізеді. Сондықтан әлеуметтік жағдай, діни сауаттылық үлкен рухани да байлық болып отыр.
5. Біздің мемлекет үшін конфессияларалық, дінаралық келісіммен қатар, дінішілік мәселе де маңызды. Егер неге қолымыз жетті дейтін болсақ, діни тәуелсіздікті, діни бостандықты айтуға болар, сонымен бірге осы еркіндікті ұлтымыздың бірлігіне, ортақ ынтымақтастығына әлі пайдалана алмай отырмыз. Бұрын тілі екеу ұлт болсақ, енді діні көп ұлт болу қаупі бар. Жаңа христиан қазақтар, негізінен протестанттар пайда болды. Басты мақсат – Ханафи бағытындағы ислам идеологиясы негізінде ұлтымызды ұйыту болып отыр.
__________________________
Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы.
1. Орта жолды немесе байсалды ислам ұстанымы – қазақ қауымы үшін жаңалық емес. «Қазақ мың жылдан бері мұсылман ел», «Қазақ халқының мың жылдық толеранттылық тәжірибесі бар» деген сөздерді біз негізсіз қолданып жүрген жоқпыз. Осы мың жылдық мұсылмандық-толеранттылық тәжірибеміз қазақ дүниетанымы мен болмысын нағыз шектен шықпайтын, орта жолды ұстанған, байсалды, мәмілегер болмыс ретінде қалыптастырды. Бұл айтылғандарға дәлел бола алатын екі сала қайнар көз бар: біріншісі – ислам ілімін жетік меңгеріп, қазақы дүниетаныммен астастыра білген, қазақы мұсылмандыққа негіз болған бірегей ілімдер қалыптастырған ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының еңбектері; екіншісі – халқымыздың діни танымын, рухани құндылықтары мен ұстанымдарын танытатын шығармашылық мұралары. Исламдағы «орта жол» ұстанымына біз халқымыздың дүниетанымында бұрыннан негізі қаланған, ғасырлар бойы қолданыста болған қалыпты исламға сәйкес қағидалар мен ілімдер негізінде ұлттық діни таным тұрғысынан келуіміз керек. Қазақта дін мәселесінде ешқашан шектен шығушылық көзқарастар, іс-әрекеттер орын алмаған; Алланың парызын, Пайғамбардың сүннетін тәрк етіп, күпірлікке салыну фактілері де болмаған; қазақы ислам ғасырлар бойы өзінің орнықты арнасымен дамыған. Әрине, «Бес саусақ бірдей емес», адасушылықтар мен сауатсыздықтар жекелеген адамдар мысалында орын алған болуы мүмкін, бірақ мұндай келеңсіздік ешқашан топтық деңгейге көтеріліп көрген емес.
Дәстүрлі ислам – ұлт руханиятының тағылымды тәжірибесі. Бабалар салған жолды жаңғыртып, қазақы орта жолды, мәмілегер ислам түсінігін қайта қалпына келтіре алсақ, бүгінгі қазақ руханияты үшін осыдан үлкен олжа жоқ. Халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани-діни құндылықтарын жинақтап, жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратуымыз қажет. «Тағы не жетіспейді? Басқалардан не үйренуіміз керек?» деген сауалдарға содан кейін ғана жауап іздеуге болады.
2. Орта ғасырларда күллі ислам дүниесінде қалыптасқан, қазақ халқы да шет қалмаған бір игі дәстүр бар. Қалам ұстаған кез келген сөз зергері әңгімесін Алла атымен бастап, тырнақалды туындысын дін исламның қағидаларын зерттеп-зерделеуге, талдап-түсіндіруге арнаған. Бұл дәстүр Алланың алдындағы парызынан арылудың бір жолы ғана емес, қаламгердің рухани білімін тұжырымдап, ой-пікірлерін тиянақтап, кем-кетігін саралап алуға деген талпынысы болса керек. Білгенін білмегендермен бөлісу, өзгеге жеткізе отырып, өз білігін жетілдіру мақсаты да осымен орайлас жатыр. Бірі ерте, бірі кеш жазылғанымен, Ыбырайдың «Мұсылманшылық тұтқасы», Абайдың «Қарасөздері», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты», Мәшһүр Жүсіптің «Қара местегі» жиған-тергендері осы дәстүрдің заңды жалғасы іспетті. Әрбір ілім иесі өзіне дейінгілердің ой-пікірін бір саты ілгерілетіп, бір табан алға жылжытып отыратыны әлімсақтан аян жайт. Сондықтан бұл дәстүр имани ұстанымдар арқылы қалыптасатын қоғамдық ақыл-ойды бір арнаға тоғыстырып, үздіксіз ілгерілетіп отырудың тиімді жолы болған. Аталған ғұламаларымыз бізге өз мүмкіндігі шегінде өздері таныған шындықты жеткізуге тырысты. Өз білігін жинақтау, жетілдіру барысында ой бөлісті. Танымдық даму сатыларын аңдатып, тәжірибесін көш-жөнекей көрсетіп отырды. Аяқталған ақиқатты тану ажалды пенденің бәріне бұйыра бермесі белгілі. Сондықтан ұлтымыздың маңдайына бұйырған ұлылардың ұстанымдарына құрметпен қарап, туындыларын талдап-таразылап, танып, пайдаланып қана қоймай, қажет кезінде сын көзбен қарап, жетілдіріп отыру да бәрімізге парыз. Бұл әрбір жаңа буын үшін жазылмаған заң, ауызекі аманат болуға тиіс.
Ал Абай мен Шәкәрім пікірлерінің дінаралық түсіністікке қаншалықты негіз бола алатыны – дербес әңгіменің арқауы. Ойашар ретінде айтарымыз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді мәмілегер ұлттың құшағында өскен Абай ақын айтты. Сайын даланы санасына да, жүрегіне де сыйдырған ұлттың өкілі Шәкәрім діндер мәселесіне әлемдік деңгейдегі биіктен көз салуға тырысты. Ұлылардың болмысы ұлт болмысынан бөлек емес. Біздің «меніміз» бен «бізіміздің» айырмасы аз. Естілердің сөзін ескеріп өскен, тағдыр табыстырған ұлттар мен ұлыстарды бауырына баса білген ұлттың ұстанымы осы.
3. Бұл орайдағы ойлар алдыңғы сұрақпен тоғысады. Қазақ қазақ болғалы «Раббым – Алла, дінім – ислам» деп Мұхаммед Пайғамбардың үмбеті санатында ел болып келеді. Ұлт болмысы имани ұстанымдарсыз қалыптаспайды. Сондықтан дін мен ұлттық мүддені аталарымыз ажыратып қараған жоқ. Бұрын бөлінбегенді бүгін бөлудің ешбір қажеттілігі де, негізі де жоқ. Әңгіме ғасырлар бойы ұштасқан мүдделер мен кіріккен танымдарды ары қарай қалай жетілдіру, талдап түсіндіру төңірегінде болуға тиіс. Ал дін мен мемлекеттік мүдденің тоғысуы туралы сөз болса, әңгіме басқалау. Дегенмен бұл орайда да бізге көмекке келетін ортақ ой-пікірлер аз емес. Жаратушысы бір, кітабы бар, шариғаты айқын барлық діндердің негізгі ұстанымдары көп тұста тоғысып жатады. Діндердің бөлінуге емес, бірігуге бастайтынын ескеріп, қағидаларын қалыбына сәйкес түсіндіре білсек, елдестірер есті ойлар табиғи түрде туындай бермек.
4. Осындай сауалдар қойылғанда менің үнемі «Өз бастауымызға оралайық» дегім келеді. Өзін таба алмай жүрсе де бар байлығы басында тұрған қазақтың бүгінде бастамашыл ұлт ретінде әлемге танылуы кездейсоқтық емес. Біз үйретері де, үйренері де көп ұлтпыз. Біз әлемнен үйренейік, әлем бізден үйренсін. Әрбір мәселеде бізге ұлттық және әлемдік тәжірибені басшылыққа алу қажет. «Ақымақ өз қателігінен, ақылды өзгенің қателігінен сабақ алады» деген нақыл бар. Бүгінгі қателіктің салдары да, жауабы да ауыр болмақ. Сондықтан біз қазір қай кездегіге қарағанда да естілік танытуымыз қажет.
5. Дінаралық келісім мен мәдениеттер үндестігі аясында қол жеткізгеніміз аз емес, оның ең басты жемісі – жиырма жылдық ішкі тұрақтылық. Бұл тұрақтылық ең алдымен мемлекет құраушы қазақ ұлтының рухани тінінің беріктігіне байланысты қалыптасты. Болашақта ең алдымен осы рухани тінді әлсіретіп алмауға күш салу қажет. Ол үшін біз ендігі кезекте дінішілік сұхбат мәселесін басты орынға шығаруымыз керек. Қазір бой көрсете бастаған ұлттық діни танымның жіктелуінен туындаған мәселелер дінішілік сұхбатты тереңдету арқылы шешімін таба алады. Яғни, ең алдымен қоғам өмірін реттеуші институт ретіндегі діннің шынайы болмысын тереңдей түсіне және түсіндіре білуіміз, діннің проблема емес, оны шешудің тетігі ретіндегі рөлін дұрыс пайымдап, орынды пайдалануымыз қажет.
_____________________________________
Айдос САРЫМ, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті.
1. Жалпы «алтын орта» деген тек исламның ғана концепциясы емес. Кез келген діннің өзінде болады, негізі дінге де қатысы жоқ нәрсе. Менің ойымша, ол әрбір қоғамның, әрбір ортаның, мемлекеттің өзінің ұстанымы. Қай қоғамды алсақ та ішінде қайшылықтар болады. Бір-біріне мүлдем қайшы, бір-біріне мүлдем сәйкес келмейтін азаматтар, партиялар, топтар, ойлар, идеялар болатыны анық. Соның барлығын біріктіріп отыратын мемлекеттің мәдениеті болуы керек. Біздің өзіміздің мәдениетіміз дұрыс қалыптаса алса, оны дұрыс қалыптастыра білсек, шын мәнінде бұл көп қайшылықты азайта алады. Себебі, өзіміз көріп отырғандай, әсіресе, бүгінгі қоғамда кейбір кезде тым шектен шығатын да пікірлер бар. Мәселен, кейде ашық, үлкен әңгіме болмай жатады, кейбір кездері өзіміздің басымызда бар, қоғамымызда бар мәселелерді ашық айтпауымыз мүмкін. Қазақ «әңгіме сыртқа шықпасын, жаманатты болмайық» деген ырымшыл халық қой. Бірақ, шын мәнінде мұның екінші де астары бар. Кейде өзіміздің ішімізде болып жатқан әңгімелерді, шынайы проблемаларды жасырып та жатамыз, мойындамай да жатамыз. Ал негізі кез келген мәселені шешудің ең бірінші жолы – сол нәрсенің дұрыс мойындалуы, дұрыс диагноз қоя білуі.
Яғни, «алтын орта» дейтін болсақ, ол біздің өзіміздің мәдениет, қоғамның ішіндегі ашық талқылар, үлкен демократияның басқа да үрдістері. Біз осы «алтын ортаның» қандай болуы керек екенін алдымен белгілеп алуымыз керек секілді. Ол сырттан таңылып немесе төбеден түсетін нәрсе емес. Менің ойымша, жалпы адамның табиғатында «орта жолмен» жүру деген бар ғой. Сондықтан бүгінгі қоғамда болып жатқан түрлі дау-дамайдың өзі де осы «алтын ортаны іздеу» деп түсінемін.
2. Абай да, Шәкәрім де белгілі бір діни ұстанымда болған адамдар. Сопылық дәстүрдің үлкен мектебінен өткен адамдар. Сондықтан, әрине, әсіресе Шәкәрімнің ар ілімі бар. Мен жақында мынандай бір әңгіме айтқан едім. Біздің қазақтың тарихында нар заман болды, сосын зар заман болды, кеңестік кезеңде тар заман болды, енді XXI ғасырда ар заманы болса екен деген өзімнің ниетім бар. Құдай қаласа, оған ақырындап келе жатармыз. Бірақ, имандылықты іздеу, адамгершілікті іздеу, әділеттілікті іздеу адамның, әр қоғамның, болашағын іздеген қоғамның жұмысы ғой. Және сол әділеттіліктің, ардың кеңістігін, шекарасын іздеу де адамның табиғатына сай нәрсе. Демек, Абай мен Шәкәрімді айтқан кезде біз бір нәрсені түсінуіміз керек сияқты. Бұл ғұламалар қазақылық дәстүрмен исламды біріктіре білген. Соларды біріктіріп, өздерімен ала жүрген, соны түсіндіре білген. Яғни, қай тұрғыдан алған кезде де өзіміздің негізгі діни, саяси, әлеуметтік ұстанымдарымыз осыған негізделуі керек.
3. Ұлттық мүдде діннен де, басқадан да биік түсінік мен үшін. Әрине, белгілі бір дінге сенуге, діни ұйымның мүшесі болуға әрбір адамның өзінің құқығы бар. Бірақ, мемлекет болғандықтан, ұлт болғандықтан оның ұстанымы бәрінен биік болуы керек. Жеке бір адам құқығы басқа бір адамның құқығынан нұқсан келтірген кезде немесе қайшы келген тұста оның құқығы тоқтап қалады. Сол сияқты бүгінгі күні біздер мемлекет деген кезде көп жағдайда немқұрайлылық танытамыз немесе мемлекет бізге бірнәрсе беруші, жарылқаушы күш ретінде қараймыз ғой. Шын мәнінде, мемлекет ең алдымен мұқтаждаушы үлкен күш қой. Мысал үшін, егер мемлекет болмаса, мемлекеттің заңдары болмаса, ешкім салық төлемес еді, ешкім әскерге бармас еді. Яғни, азаматтардың құқығымен бірге міндетті түрде олардың белгілі бір жауапкершілігі де бар, міндеттері де бар. Біз міне, осыны дұрыс түсіне білуіміз керек секілді. Мәселен, жақында қабылданған жаңа заңның ішінде біздің мәзһабымыздың қандай екенінің жазылуының өзін үлкен жаңалық деп есептеймін. Себебі, шын мәнінде біраз нәрсені ашық айтатындай кез келді. Одан ұялудың, қорқудың, қашудың қажеті жоқ. Әрине, кез келген заң қабылданған кезде біреулер ұтады, біреулер ұтылады. Дегенмен, заң қабылданғаннан кейін оны іске асыру – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Ал егер біреу оған қайшы шығып, қиянаттарға барып жатса, оларды Қазақстанның азаматы деуге болмайды. Шынын айту керек, осы кезге дейін біз дін мәселесінде тым либералды ұстанымда жүрдік. Жаңадан қабылданған заңның арқасында адамдардың санасын улайтын, олардың денсаулығына, мүлкіне зиян келтіріп жатқан секталарды сот арқылы жауып, Қазақстанда болдырмайтындай жағдайда жұмыс істеуіміз керек секілді.
4. Ең бастысы негізі заң ғой. Біз мемлекет ретінде заңнан бастаймыз. Жалпы біздің өзіміздің ұлттық дәстүріміз, мәдениетіміз, өткен тарихи жолымыз бар. Кейбір әсіредіншілдер мұсылман болыңдар, басқа болыңдар деп айтып жатады ғой. Шын мәнінде, біз ең алдымен қазақ болуымыз керек. Қазақтығымыздан туындайтын мақсат-мұратымыз, міндетіміз, арманымыз бар. Соған қайшы келген дүниелердің барлығын қоғам ретінде өзіміздің санамызбен, түсінігімізбен, түйсігімізбен шешетін болсақ, дұрыс болады деп ойлаймын.
5. 20 жылдық кезеңді айтқан кезде, ең алдымен тойдан бұрын, ойланатын жағдай. Басқаша айтсақ, тойлайтын емес, ойлайтын жағдай. Әрине, жетістіктерді айтамыз ғой. Дегенмен, мықтап ойланатын болсақ, соңғы кезде біздің елімізде орын алып жатқан жағдайлардың өзі қоғамда әлі де болса шешілмеген проблемалардың бар екенін көрсетеді. Алдағы 20 жылдықта қандай ел боламыз, одан кейінгі уақытта қандай ел боламыз деген әңгімені айта бастауымыз керек. Менің ойымша, соңғы кездері өзіме ұнамайтын бір үрдіс – қазақта арман-қиял дейтін қалмай келетін сияқты. Қазақтың дәстүрінде фантастика деген жанр бар ма? Яғни, біз дұрыс армандай білуіміз керек сияқты. Егер дұрыс армандай алатын болсақ, өзімізге өзіміз дұрыс сұрақ қоя білетін болсақ, онда біз болашақта ел ретінде, мемлекет ретінде қала аламыз. Біздің ұлт ретінде сақталуымыздың қандай мүмкіндігі бар деген сұрақ қоятын болсақ, содан туындайтын нақты-нақты қадамдар болады. Қазақстан мемлекетінің басты міндеті – онда тұрып жатқан азаматтардың әл-ауқатының, денсаулығының қамтамасыз етілуі. Екінші бір мақсатымыз – ол қазақты ұлт ретінде, мемлекет ретінде сақтау. Мемлекеттің тұтастығын, шекарасының мызғымастығын сақтау. Сондықтан, ұлт деген, мемлекет деген өзінің тірі екендігін, бар екендігін күнде дәлелдеуді талап етеді. Яғни, біздер болдық, тойдық деген кезде жойыламыз.
Жазып алған Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.