• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2012

Шәкір ақын мен Әзағаң

502 рет
көрсетілді

Шәкір ақын мен Әзағаң

Халық ақыны Шәкір Әбеновті білмейтін алаш баласы аз шығар. 95 жас ғұмырының 40 жылға жуығын қуғын-сүргінмен өткізіп, темір тордың ар жағына бір емес екі рет түскен қасиетті қарттың қасында өткізген ширек ғасыр өмірімді өзіме бақыт санаймын. Сол уақыт ішінде Шәкең арқылы қо­лына домбыра мен қалам ұстаған адам­дардың қай-қайсысын да танып, білдім. Соңдарына еріп соқпақ таптым.

 

Халық ақыны Шәкір Әбеновті білмейтін алаш баласы аз шығар. 95 жас ғұмырының 40 жылға жуығын қуғын-сүргінмен өткізіп, темір тордың ар жағына бір емес екі рет түскен қасиетті қарттың қасында өткізген ширек ғасыр өмірімді өзіме бақыт санаймын. Сол уақыт ішінде Шәкең арқылы қо­лына домбыра мен қалам ұстаған адам­дардың қай-қайсысын да танып, білдім. Соңдарына еріп соқпақ таптым.

Біздің шалдың, Шәкір ақсақалды айтамын да, Шыңғыстаудан Алматыға баруы бір үлкен той болатын. Шәкәрім бабамызға ұқсатып қоя берген сақал, мұрты селеудей селдір, боз жусандай бозғылт болғанмен, бір қараған адамның көзіне бірден оттай басылатын оның жүріс-тұрысы да өзгеше еді. Тіпті, орыс мәтүшкелерінің өзі басынан аяғына дейін аппақ болып киінген, тақиясына небір жақұт тастарды жар­қыратып тағып ал­ған, аса ұзын емес асатаяғы әшекей-үшекейлі шалды көргенде бабалары Толстой тіріліп келгендей таңырқай қала­тын. Шал да тек тұрмай оларға: «Здрасти, девушка, деда не хочеш», дейтін сығырая күлімсіреп.

Қазіргі жағдайды білмеймін, ол кездегі Жазушылар одағы – жылы жаққа келіп, жыл құстары қонақтайтын шалқар теңіз сияқты болатын. Керемет! Кемел ой да, ке­лелі сөз де, келісті қалжың да осында еді. Ал, мұнда бірер жылда бір-ақ рет келетін Шәкеңнің бой көрсетуі қалам қайраткерлері үшін зор қуаныш-тын! Әрине, бәрінің аң­дып, бақ­қаны қысыр сөз, қыршаңқы әңгіме. Шәкеңнің де бұл жерге дұрыс әңгіме айту үшін келмейтіні белгілі. Айналасына әп-сәтте шоқтай болып шоғырлана қалған үлкенді-кішілі ақын-жазушыларды қыран-топан күлкіге көміп жатқаны.

Ақсақал қаламгер інілерін алаламайтын. Ата қуып, жүзге бөлуді де жек көретін. Кейде маған: «Әй, көк ми, (сөзінің мәтелі) мен айдалып, байланып жүргенде барлық алаш баласынан қамқорлық көрдім. Аз қазақты алалап Алланың кәріне ұшырағым кел­мейді» – дейтін. Әкеміз осы тазалықты, пәк­тікті, жан мен тәннің жарасымды сұлу­лығын Әзағаң, Әзілхан Нұршайықов­тан көрді. Көрді де өзі өмірден өткенше оны ерекше құрмет тұтты. Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов, Сапар Байжанов сияқты інілерін де Әбу Сәр­сенбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәу­ленов секілді үзеңгілес ақын-бауырларын да мақтаныш ететін.

1986 жылдың мамыр айында тағы да Алматыға бара қалдық. Ақынның «Шың­ғыстау» атты өлеңдер жинағын әзірлеп, «Жазушы» баспасына тапсырмақпыз. Қо­лы­мызда қолжазба ғана. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі машинистка қыздарға 20 баспа табақ көлеміндегі кітапты бастырып, қа­йыра оқып жатырмыз. Мен оқимын, шал тыңдайды. Сөзден қате кетсе, байбалам салады. Сол кезде сексенді алқымдап қалған ақынның зердесі де, зейіні де дін аман. Құймақұлақ.

Қала шетіндегі «Жазушылар үйінде» жатқанбыз. Ың-шың жоқ. Оңаша. Нағыз қаламгерлердің қапысыз жұмыс істейтін жері. Бір күні екі кісілік шағын бөлмеміздің есігі ақырын тықылдады. Ашсам, ар жағында қыздай сызылып, мұздай киініп өзіміздің Әзағаң тұр. Құшақтасып, амандасып жатырмыз.

– Ассалаумағалейкум!

Әзағаң өзінің жіңішке сызылып шыға­тын қоңыр дауысын әндете созып, төсектің үстінде малдасын құрып алып, бүкшиіп отырған ақын ағасына сәлем берді. Шал «әліксалам» деген жоқ. Жылы жымиып, еті қайтқан тарамыс саусақтарын інісінің ыстық алақанына ұстата салды.

– Ойбу, Шәке аға! Мұныңыз не, бала болып кеттіңіз бе? Келгеніңізді кеше Жазушылар одағынан естіп, бұл кісі бірдемеге ренжіп қалған ба, үйге неге соқпай жүр? – деп әдейі келдім. Үйге жүріңіз, – деді Әзағаң төтесіне бір-ақ көшіп.

Өз кінәсін үнсіз мойындаған шал қулана бастады.

– Мына Төлеген емес пе (мен ол кезде аудандық партия комитетіндегі идеология бөлімінің меңгерушісі болатынмын) «тез» де «тез» деп тепсініп жүр­ген. Әйтпесе, менің асығарым жоқ. Керек қылатын кемпірім де әлдеқашан өліп қалған, – деді сығырая күліп.

Қойшы, әйтеуір, сол күні бар жұмысты ысырып қойып Әзағаңның үйіне бардық. Аяулы жеңгеміз Халиманның «зыр жүгі­ріп» дайындаған дәмді асын құмарлана ішіп-жедік.

Шәкең мен Әзағаңның әңгімесі түннің бір уағына дейін созылды. Жазушының жұмыс бөлмесі жұмақтың төріндей болып көрінді. Төрт қабырға толы кітап. Кімдікі жоқ дейсің, Абай­дан бастап қазіргі қа­зақ қаламгерлерімен аяқтала­тын том-том шығар­малар көздің жауын алады. Жинақы. Ықшам. Кәдімгі кітап­ханада­ғы­дай картотека жасалған. Онда тіпті қолжазба дәптерлер мен блокноттардың да рет сандары жазылып қойылған.

Әзағаң бірдеме іздеп жатты. Сөйтсем, шал «Сабырбай мен Балбаланың айтысын» сұраған екен. «Әй, Шәке аға-ай, оны маған тапсырсаңыз табылады ғой. Сол менің қолыма тимеді ме, деп қорқамын», – дейді үй иесі әлсіз күбірлеп.

Жазушы ақыры картотекасындағы нө­мір­мен шалдың сонау 50-жылдары шамасында тапсырған қолжазбасын тауып алды. Бұл ақынның «ҚЖӨ» деп (қылмысты жылдар өлеңдері) таңбалап қойған топтама жырлары болып шықты. Ақын қатты қуанды. Өзін айдатқан да, байлатқан да, жалалы етіп жаптырған да осы өлеңдері екен. Өзінде сақталмапты. Сақталса да өртеп жіберген шығар. Кейіннен еліміз егемендік алған соң бұл шығармаларды ақын Несіп­бек Айтов пен «Жұлдыз» журналының сол кез­дегі бас редакторы, жазушы Мұхтар Ма­ғауин тұңғыш рет сол басылымда жариялатты.

Әзағаңның үйінде шал екеуміз тағы да бір-екі рет болдық. 1990 жылы Алматыға барғанымызда үйіне соға алмадық. «Өнер» баспасына ақсақалдың әндері мен күйлерін тапсырып қайтқанбыз. Бірақ Жазушылар одағында жолығып, жай-жапсарымызды айттық. Сол жылы Әзағаң «Қазақ әдебиеті» газетінде Шәкір ағасы жөнінде көлемді мақала жазып, оның ішінде мен туралы да жылы лебіз білдіріпті.

«Ақынның аялаған елі азбайды. Аудан­дық партия комитетінің басшылығында жү­ріп, тоқсаннан асқан ақын атасын Ал­матыға арқалап, бір емес бірнеше рет келіп, оның кітабын шығартуға қолғабыс жасап жүрген ақын інім Төлеген Жанғалиевқа дән ризамын. Халық ақыны Шәкір Әбеновті құр­меттеу – Қазақ елін құрметтеумен бірдей», депті жарықтық Әзағаң! Ол осы ойынан өзі өле-өлгенше айныған жоқ. 2011 жылы өмірден өтерінен төрт-бес ай бұрын ғана Өскемен мен Семейге келіп, абыз ағасының туған жері Құндыздыға соқты. Еліміздің тұңғыш Президентіне алғаш рет бата беріп, есімі аңызға айналған ақын зиратына тәу етіп, мұражайын аралады. Шалдан қалған жалғыз тұяқ Сана Шәкірқызын қасына алып суретке түсті.

Мәңгілік махабатты жырлап, мәңгілік сүйіспеншілікті ардақ тұтқан асыл аға Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Көкбай, Шәкір бабалар туған қасиетті Шыңғыстаудың торқа­лы топырағын сол жолы соңғы рет басып тұрғанын сезген шығар, кім білсін.

Аға мен інінің арасындағы шексіз адалдықты, имандай тазалықты саф күйінде сақтап кеткен осындай асылдары бар алаш жұртына Алланың нұры жаусын!

Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, Абай ауданының құрметті азаматы.

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы,

Қарауыл ауылы.

Суретте: Әзілхан Нұршайықов пен Шәкір Әбенов жерлестері арасында (ортада Сана Шәкірқызы).