• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Желтоқсан, 2018

Сардардың анасы. Ғибрат

923 рет
көрсетілді

Шамамен біздің дәуірдің IV-V ғасырында түркілердің шеткі ордасын табығаш-шүршіт әскері қоршап алады. Жаулар орданы жанай ағатын өзеннің суын бұрып, сырттан қаты­найтын барлық жолды жауып тас­тайды. Онымен қоймай, бекіністі от­ты жебемен атып, өртейді.

Сол кезде орда бекінісін қорғау­шы бас сардар жасы тоқсаннан асқан зағип әулие-анасына барып: «Уа, анашым, не істейміз жауға берілеміз бе, әлде қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз ба, шешімін айтыңыз?» деп сұрайды. Анасы айтады: «Ұлым, сен әділет үшін шайқасудасың, егер жауға берілсең, кейінгі ұрпақ сенің осы үлгіңді өнеге тұтып кетпесіне кім кепіл, шайқас, балам! Түркі тұқымы ордасын қорғап, ерлікпен өлудің үлгісін көрсін», дейді. 

Ана үкімін естіген бас сардардың жанары шоқтай жайнап «Уа, ме­нің әулие-анам, сөзіңізді тағы бір қай­талаңызшы!», деп өтінеді. Кейуана­ның аманатын бұл жолы тірі қалған түркі сарбаздары қатар тұрып тыңдайды. Сөйтіп күңіреніп күн түбіне жортып үйренген түркі жанкештілері ала таңмен атойлап, шүршіттің шаңын қылышпен қағуға дайындалады. Сол күні ғаламды жарық нұрға бөлеп, шығыстан шырайын шашып күн де шығады. Шейіт кетудің шерін аңсаған сарбаздар сапқа тұрады. Дәл осы тұста бас сардардың анасы келіп: «Ей, ұлым, шеш сауытыңды, қас жауына тек көйлекпен шық. Көрсін мына жаулар менің қандай ұл тапқанымды», дейді.

Бас сардардың шешініп тас­тап жалаң төсімен жауға шапқалы тұр­ғанын көрген басқа сарбаздар да шешінеді. Жалаңаш батырлар жау­мен аянбай шайқасады. Жасанып келген жауды қоғадай жапырады, бірақ бірі де тірі қалмайды. Жеңген жау қалған түркілерді қорқыту үшін бас сардардың басын кесіп алып, ұзын сырыққа шаншып, ордасының алдына іліп қояды. Бұл оқиға туралы батырдың анасына хабар жеткенде, кейуана «ойпырым-ай, ұлымның жансыз басы тірілерге «ерліктің үлгісі мына менмін» деп уағыз айтып тұрғанын қарашы» депті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»