Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Моңғолияның "Нээлттэй хаалга / Ашық есік" газетінде жарияланды.
Бағдарламалық мақаланың толық мәтіні Ұланбатырда шығатын Моңғолия зиялы қауымының үні "Нээлттэй хаалга / Ашық есік" ("Open door" 7-14. 2018. N48) атты газетінің 7 желтоқсан күнгі санында жарық көрді. Мақала Елбасының және қазақ тарихының этнографиясынан хабар беретін бағалы кескіндермен әсем безендіріліп, газеттің үш бетінен орын алған. Мақалаға редакция тарапынан жазған аңдатпада «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бұл көлемді мақаласы оның өткен жылы жазған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы іспетті. Ежелгі заманнан көршілес өмір сүріп, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі ортақ желілес болған қазақ елінің президентінің бұл терең мағыналы мақаласын қалың оқырман қауымның назарына ұсынамыз» деген.
Көшпенділердің музейлік құндылықтары мен мұрасын ортақ зерттеуге бұл идеяның серпін мен сенім беретінін Моңғолияның Ұлттық музейінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Д.Сүхбаатар мырза «Көшпенділер өркениетінің көкжиегін кеңейткен» деген болатын «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған пікірінде.
Жалпы, Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Моңғолияның «mongolcom.mn» ұлттық порталында, «Монгол Заман» газеті (5.12.2018) секілді баспасөз құралдарында жарияланып, оқырмандардың терең қызығушылығы мен ойталқысына ие болды.
Дайындаған Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
Моңғолияның Қазақстандағы Мәдениет елшісі