• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2018

Шымкентте «Халықтық бренд» жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі өтті

229 рет
көрсетілді

Бүгін Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы және түрік этномәдени бірлестігі ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Этносаралық келісім – тұрақтылық негізі» тақырыбында жиын өткізді.

Іс-шарада Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген ұлы жетістіктер жайы кеңінен сөз болды.  Жиында Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латифша Асанов осы жылдар ішіндегі басты табысымыз – Қазақстан халқының біртұтастығы болғанын атап өтті. 

- Биыл біз – ел Тәуелсіздігінің 27 жылына аяқ басқалы отырмыз. Осы жылдары Ассамблея елімізде бейбітшілік пен мызғымас татулықты орнықтыруда бітімі бөлек институт болып қалыптасып, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосты. Бүгінде миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынып, жаңа жобалар іске асуда. Осы бағыттағы инвестиция тарту мен халыққа қызмет көрсететін салаларда кәсібі бар ассамблея мүшелері осындай бастамаларға барынша жұмылып, ортақ отанымызды көркейтуге лайықты үлес қосып келеді, - деді түрік этномәдени бірлестігінің басшысы.

Мерекелік шара аясында «Халықтық бренд» тақырыбында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Оған кәсіпкерлікпен айналысып жүрген түрлі этнос өкілдері қатысты. Кәсіпкерлер өздері өндіріп жатқан  тауарларды жұртшылық назарына ұсынып, бизнестегі тәжірибелерімен бөлісті.

Көрмеде көпшілік заманауи үлгідегі аяқ киімнің 200 түрлі моделін өндіретін «СП «Lux SHOES» фабрикасының өнімдеріне ерекше қызығушылық танытты. Түркия кәсіпкерлерімен бірлесе жұмыс істеп жатқан шымкенттік кәсіпорын өнімдері таяуда шетелге де экспортталмақ. Фабрика басшысы Захид Ергашев осындай берекелі бастамалар  еліміздегі тұрақтылық пен этносаралық татулықтың жемісі деп санайды. 

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»