Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын өз мұз айдынында өткізген Астананың «Барысы» Челябінің «Тракторынан» басым түсті.
Бірінші кезең тең аяқталды. 8-минутта қонақтар командасы сапындағы ең белсенді ойыншылардың бірі Александр Рыбковтың соққан шайбасына астаналықтар 14-минутта Валерий Ореховтың әдемі голымен жауап қайрды. Екінші кезеңде есеп өзгерген жоқ. Ал үшінші кезеңде «Барыстың» басымдығы айқын аңғарылды. 52-минутта Валерий Орехов дубль жасаса, 59-минутта Павел Акользин бәсекенің соңғы нкүтесін қойды. Есеп – 3:1.
ҚХЛ-дің тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде «Барыс» 9-орында келеді. Жерлестеріміз 34 кездесуден кейін 48 ұпай жиды. Енді олар Қиыр шығысқа аттанып, өзінің келесі ойынын 8-желтоқсанда Владивостоктың «Адмирал» клубына қарсы өткізеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»