Ертең Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында ережесіз жекпе-жектен V Қазақстан кубогы өтеді.
Осындай дүбірлі доданы Алматы облысының орталығында өткізуіміз бекер емес. Себебі, қазіргі кезде Жетісу өңірінде ММА қарқынды дамып келеді. Былтырғы жылы олар Қазақстан кубогының жалпы командалық есебінде бас жүлдені олжалаған болатын. Бұл жолы да көптеген керемет және ымырасыз жекпе жектердің куәсі болатынмыз даусыз. Ел кубогымен қатар, Талдықорғанда «BATTLE OF NOMADS» халықаралық турнирі өтеді. Ал ол жарыста тек кәсіпқой спортшылар ғана күш сынасады, – дейді Қазақстанда осы өнердің дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың бірі Асылбек Дүйсенов.
Талдықорғанда жалауы желбірейтін жарыста қазақтың ең танымал жекпе-жек шеберлерінің бірі Арман Әшімов те өнер көрсетеді. Кезінде кикбокстан біраз белестерді бағындырған қандасымыз спорттың бұл түрін де еркін меңгерді. «Мұстафа Өзтүрік» деген бүркеншік есіммен танымал Әшімов Ресейдің «М-1» нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы атанды. Осы күнге дейін 11 кездесу өткізіп, 8 рет жеңіске жетті. Үстіміздегі жылдың 24 мамырында Санкт-Петербургте украиналық Александр Доскальчукпен күш сынасып жатқан жерлесіміз қолын сындырып алған еді. Содан біраз уақыт емделіп, жарты жылдан аса уақытқа созылған үзілістен кейін айқас алаңына қайта шығуға бел буды. Арманның қарсыласы – испаниялық Кристан Гарсиа Колладо. Пиреней түбегінен келген спортшы 14 жекпе-жек өткізіп, 10 рет басымдыққа ие болды.
Сонымен қатар, айтулы жарыста әлі ешкімнен жеңіліп көрмеген жалынды жас Шавқат Рахмонов пен сақа спортшы Дмитрий Кудиновтың да өнерін тамашалаймыз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»