• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2018

ШҚО Алтай ауданында Татуласу орталығы ашылды

533 рет
көрсетілді

 

Тұңғыш Президент күні мерекесінде Алтай (Зырян) ауданында Татуласу орталығы ашылды. Орталықтың ашылуына облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдуғалиев, аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов, ақсақалдар мен медиаторлар қатысты.

Алтай қаласында есігін айқара ашқан орталықты Шығыс Қазақстанда жұмысын бастаған алғашқы орталықтарың бірі, қарлығашы деуге болады. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Дамир Әбдуғалиевтің айтуынша, орталық Жоғары соттың «Сот жүйесінің 7 тасы» жобасы аясында ашылып отыр. «Орталықты ашу жөніндегі ұсынысымызды аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов қуана құптап, бізге ғимарат берді. Біз ол ғимаратты облыстық соттың көмегімен жөндеуден өткіздік», - дейді аудандық соттың төрағасы Айкен Исмагулов.

Енді аудан мен қала тұрғындарының түйткілді мәселелерін шешуге медиаторлар, нотариустар, психологтар мен сот орындаушылары көмектеседі. Аудандық сот төрағасының сөзіне сенсек, жаңа орталықта заңдық және психологиялық білімі бар мамандардан, кәсіби және кәсіби емес медиаторлардан кеңестер алуға болады. Аудан және қала тұрғындарына барлық қызметтер тегін көрсетіледі.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов орталық Елбасы тапсырмаларын орындау аясында ашылғанын, ырың-жырың болғаннан ымыраға келгеннің мың артықтығы ата-бабаларымыздан қалған сара жол екендігін атап өтті. «Мұндай орталықтарды облыстың барлық қалалары мен аудандарында ашу қажет. Олардың құрамында заңдық білімі бар мамандар ғана емес, психологтардың болуы да маңызды. Бүгінде үйлене сала ажырасып жатқан жастар өте көп. Олар қайта қосылуы үшін дер кезінде білікті мамандардың көмегі қажет. Мәселен, Ұлыбританияда екі жас ажырасқан жағдайда медиаторларға баруы заңмен бекітілген», - дейді адвокат Лилия Сафина.

Орталықтың ашылу салтанаты аясында аудандық сот, аудан әкімдігі және ақсақалдар кеңесі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

 Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Алтай ауданы